Аягөздің жігіті. Оралда бір күнде 60 "джип" жалдаған адамға қатысты тың дерек шықты
16 қарашада таңертең Орал көшесінде пайда болған ұзын-сонар джиптер тізбегі бірқыдыру әңгімеге тиек болды. Ең алдымен бұл туралы "Мой город" сайты хабарлады. Медиа портал мәліметі бойынша, полиция 60 жол талғамайтын көлік жалдаған ер адамды Самал ықшамауданындағы "Арасан" саунасы жанында ұстаған.
Осыған орай Орал қалалық полиция бөлімінің бастығы Мирлан Айкенов бұл көліктерді ұстауға қатысты жұмбақтап пікір білдірген.
- "Аумақ" жедел-алдын алу профилактикалық шарасы кезінде Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды. Ол Орал қаласының полиция бөліміне жеткізілді. Оның бұрын бірнеше рет сотталғаны анықталды. Ол бір күнде 60 жол талғамайтын көлікті жалдап, соның бәрімен қала ішінде жүрді. Қазіргі уақытта біз оның жасалған қылмыстарға қатыстылығы бар-жоғын тексеріп жатырмыз. Қазір айта алмайтын бір ақпарат бар. Жол талғамайтын көліктерді бір адам жалға алған, - деді Мирлан Айкенов.
Полицияның бұл түсіндірмесі ел көкейінде көп сұрақ тудырды. Шынында да осынша көп жол талғамайтын көлікті жалдаған жұмбақ адамның іс-әрекетінде ешқандай қылмыс болмаған.
Үш сағаттан кейін полиция ұсталған адамды және джип жүргізушілерін босатқаны белгілі болды. Бұл жолы БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсталған ер адамның қандай да бір қылмысқа қатысы туралы айтпады, бірақ көшедегі көп көліктен күдіктенгендер өздеріне телефон шалғанын, сондықтан тексеру жүргізілгенін айтты.
- Көшедегі көп көлік жергілікті тұрғындарды алаңдатып, олар полиция шақырды. Тәртіп сақшылары сол себепті 20 шақты жол талғамайтын көлікті қалалық бөлімшеге жеткізді. Кейін Алматы қаласының тұрғыны ондаған көлікті жалға алып, онымен қыдырмақ болғаны белгілі болды. Оның тарапынан ешқандай құқық бұзушылық анықталған жоқ, оның туыстары бөлімге шақырылып, ол үйге жеткізілді, - деп хабарлады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Уральской неделе" басылымы болса, оқиға болған жерге сол маңда облыс әкімінің резиденциясының күзет қызметі орналасқандықтан полиция қызметкерлерінің келгенін біле алды.
Журналистер ер адам жалға алған бірнеше джиптің иелерімен, сондай-ақ полиция қызметкерлерімен сөйлескен. Олар аттарын атамауды жөн санаған. Джиптерді жалға алған адам Оралға Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласынан келген екен. Ол шынымен де бұрын "кісі өлтірді" деген айыппен сотталған. Осыдан біраз уақыт бұрын ол әйелімен ажырасқан. Әйелі Орал қаласында тұрады, ортақ балалары бар.
Бір күн бұрын ол Алматыдағы пәтерін сатқан. Ақшаның бір бөлігін әйеліне берген, бір бөлігін өзі ұстаған. Ол Оралға әйелін көруге келген. Келесі күні ер адам 60 джипті жалға алып, саунаға барған, сол арада оны полиция ұстаған. Әрбір машинаны жалға алу үшін ер адам сағатына 15-тен 20 мың теңгеге дейін төлеген.
Мына сурет кезекті бір көлікті жалға алу кезінде түсірілген