"Камерада көрініп тұр...". Таразда оқушыны мектеп дәретханасында зорлап кетті
Таразда оқушысына азғындық жасалған білім ошағының педагогтары шетінен қызметінен босап жатыр. Мектеп директорының орынбасары мен пән мұғалімі және вахтер қызметінен кетті. Оқу орны инспекторы да жұмыстан шеттетілді. Осындай шешімнің шығуына олардың өз ісіне немқұрайды қарауы себеп. Ал адам шошырлық жағдайдан кейін ата-аналар жаппай наразылық білдіруде, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Тараздағы №6 мектептің оқушысы жұма күні зорланған. Сол оқиғадан кейін ата-аналар жаппай дүрлігіп жатыр. Наразы топтың айтуынша, бұл жағдайға бақылау жасай алмаған білім ошағының басшысы кінәлі. Айтуға ауыз бармайтын азғындық әжетханада жасалған көрінеді. Нысанның далада дегені болмаса, білім ошағы ғимаратынан қашықта емес. Ата- аналардың айтуынша, мұнда кім көрінген келіп- кетеді екен. Себебі, мектептің сол қапталында ішке енетін есік бар. Күдікті де сол жолмен келіп, жеткіншекке жәбір көрсеткен. Азғындық жасады деп айыпталған азамат мектептің айналасында емін-еркін жүр. 38 жастағы күдікті оқушы қыз әжетханадан шыққанда тап беріп, жәбір көрсетіпті. Жұрттың сөзінше, ғимарат ішіндегі дәретхана ұдайы жабық болғандықтан, 7-ші сынып оқушысы сырттағы дәретханаға амалсыз шыққан", - дейді телеарна тілшісі.
Елмира Асылова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Осы жағдайды біз үнемі талқылайтынбыз. Әжетханадан қорқатынбыз. Осындай жағдай болады деп қорықтық. Іштегі әжетханаға оқушыларды жібермейді.
Қыз бала география сабағы кезінде сұранып шыққан. Алайда мұғалім оны 45 минут бойы оны іздемепті. Ал әбден азапталған оқушы өзі келіп, жағдайды сынып жетекшісіне айтып береді. Тек содан кейін дабыл қағылған. Мектепте жалпы саны 20 камера жұмыс істеп тұр. Алайда оны бақылап отыруы тиіс вахтер де, инспектор да жұмыс орнында болмаған. Енді өз ісіне немқұрайлы қарағаны үшін мектеп директорының орынбасарынан бастап жұмыстан шығарылып жатыр.
Рахия Тұрмағанбетова, Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы:
- Жұмыс істеп тұрған камераларға ешкім назар аудармаған. Сол адам мектеп аумағына кіріп, бір сағаттай жүрген. Ол камерадан көрініп тұр. Соны көре тұра, оған ешкім назар аудармаған.
Қаланы дүрліктірген күдікті қолға түсті. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 38 жастағы күдікті бұған дейін ұрлық жасап істі болған. Қазір ол қамауда. Айта кетейік, мектеп инспекторының да салғыртығы үшін басшысына дейін жауапқа тартылады.
Бауыржан Өтегенов, Жамбыл облыстық ПД бастығының орынбасары:
- Мектеп инспекторына өте қатаң шара қолданылады. Полиция департаменті оның кінәсін жоққа шығармайды. Кіінәсі бар. Өте өрескел қателіктер жіберген.
Ал жәбір көрген оқушы үйіне оралды. Мектепке келу ниеті бар. Алайда әлеуметтік желіде оған бәзбіреулер тіл тигізіп, психологиялық соққы жасаған. Осы жағдайдан шошынып қалған ата-аналар білім ошағындағы қауіпсіздіктің күшейтілуін қалайды. Тіпті өңірдегі барлық мектептерге "арнайы күзет бөлінсін" дейді.