Жаңалықтар тізбегі
0

Гаухар Алдамбергенова: Жаңа Заң нақты істерге серпін береді

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.12.2019 18:24 Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
21 баптан тұратын жаңа Заң жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты.

Кеше Парламент Сенатының жалпы отырысында "Педагог мәртебесі туралы" Заң қабылданды. Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға бағытталған зор қадам болды. Бұл туралы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова айтты.

21 баптан тұратын жаңа Заң жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Онда төрт бағыт қамтылған. Біріншіден, педагогтардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынтыландыру тетіктері және төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауында әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатындағы нақты іске асуы тиіс міндеттерді белгілеп берген болатын. Елбасы жариялаған маңызды құжатта "Педагог мәртебесі туралы" Заң қабылдау қажеттігі де айтылды. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі ауқымды жұмыстар жүргізіп, нақты істер атқарды.

Еліміздің бас педагогы Асхат Аймағамбетов мұғалім мәртебесін арттыру оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді қажет ететіндігін ерекше атап өтті. Жаңа Заң ұстаздардың этика мәселелеріне де жете көңіл бөледі. Оған сәйкес әр білім мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізілмек. Менің ойымша, бұл бастама өз кезегінде білікті де білімді, "ұстаз" деген атқа лайықты нағыз мамандар мектебінің қалыптасуына негіз болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы Тамыз конференциясында берген тапсырмасының аясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге артады және алдағы қаңтар айынан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға өседі деп күтілуде.

Бұл Заң мұғалім беделін арттырумен қатар, педагог кадрларын даярлайтын оқу орындарының да маңызын айқындайды.

Еліміздегі ең іргелі жоғары оқу орны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті негізінен ауылдық елдімекендердегі білім ошақтары үшін маман даярлайды. Өзінің 75 жылдық төл тарихында оқу орны 60 мыңнан астам педагог дайындады. Осы орайда атап өткен жөн, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын айтарлықтай арттыру және жоғары кәсіби кадрларды тиімді молайтуға бағытталған елімізде жүргізіліп жатқан саясат педагог кадрларды қалыптастыру мәселелерін туындатуда. Бұл мәселе қай кезеңде де өте өзекті болған. Мәселен, бүгінде халықтың демографиялық өсу жағдайына байланысты мектепке дейінгі және жалпы орта білім мекемелерінің тұрақты өсуі байқалып отыр. Бұнымен қоса, білім беруді, ғылым мен мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін мұғалімнің кәсіпқойлығы мен біліктілігіне қойылатын талаптар да артуда.

Кадрларды қалыптастырудың тағы бір мәселесі – еңбекақының төмендігі, педагог кадрлардың зейнетке дейінгі жасы және бейінді білімінің болмауы.

Үшінші мәселе, білім берудің барлық деңгейлеріндегі оқыту бағдарламаларының бір-бірінен алшақтығы. Мысалы, жалпы орта білім беру мекемелері жаңартылған мазмұн бойынша білім беруге көшкенде, мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты қызметінің бірі – жоғарыда аталған мәселелерді оңтайлы шешу. Оқу орнында болашақ педагогтардың кәсіби бейімделуі үшін педагогикалық кадрларды даярлаудың білім беру бағдарламалары тәжірибеге бағытталған. Тәжірибеге бағытталуы – бірінші курстан төртінші курсқа дейін тәжірибеден өту арқылы жүзеге асырылады.

Қыздар университетінің тәжірибелік базаларының қатарында Алматы, Қызылорда, Жамбыл және басқа да облыстардағы 70-тен астам мектепке дейінгі жалпы орта және кәсіптік білім беру ұйымдары бар. Алматы қаласы білім беру мекемелері жанынан жоғары оқу орны мен білім беру мекемелерінің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа ықпал ететін кафедра филиалдары құрылған. Аталған филиалдар мектеп пен мектепке дейінгі мекемелердің қажеттіліктеріне байланысты өзгерістерді саралай отырып, болашақ мамандарды даярлау траекториясын анықтауды және білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізуді жүзеге асырады.

Сонымен қатар білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізу жұмыс берушілермен білім беру бағдарламаларын талқылау және сараптау арқылы және Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін қолдану арқылы жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламаларын әзірлеу арқылы жүзеге асырылады.

Университеттің басты мақсаттарының бірі – түлектерді жұмысқа орналастыру. Біз әлеуетті жұмыс берушілердің базасын қалыптастырдық және жыл сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп келеді.

Біздің университет студенттерінің 90 пайызға жуығы әр түрлі өңірлердің тұрғындары болғандықтан, "Дипломмен – ауылға" мемлекеттік бағдарламасы біздің түлектеріміз үшін өзекті әрі үлкен сұранысқа ие. Бұл бағдарламаға білім беру, мәдениет және спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты сұранысқа ие білім беру бағдарламаларының түлектері қатысады. Жыл сайын аталған бағдарлама шеңберінде Қыздар университетінің жүздеген түлектері еліміздің ауылдық аймағына барып, мемлекеттің жарқын болашағы үшін қызмет атқаруға жолдама алуда.

Сөз соңында қоғамның талқылауынан өтіп, педагог қауымының ұсыныстары негізінде мұқият даярланған жаңа Заң мұғалім мәртебесін шынайы көтереді деп сенеміз. Себебі ұстаздың беделді – қоғамның беделі, мемлекет болашағының нақты кепілі.

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: