Капут боламыз. Ертең Қазақстанға коронавирус келсе – Досым Сәтпаев

Андрей Лунин, forbes.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.03.2020 22:00 Андрей Лунин, forbes.kz
Қазақстанда қауіпті инфекциялармен жұмыс істеуге үйретілген қанша дәрігер мен медбике бар?

"Қазақстанда бұған дейін болған неше-түрлі төтенше жағдайларда мемлекеттік құрылымдар қашан шапшаң, ұтымды, кәсіби қимылдап еді? Менің есімде ондай ешқашан болған емес", дейді сарапшы Досым Сәтпаев forbes.kz-ке шығарған мақаласында.

Ең бастысы, шындықты жайып салғаны қашан болып еді?

- Алысқа бармай-ақ, өткен жылы Арыста қойма жарылғанда халық өзін өз күшімен көшірді емес пе? Одан да асқан сорақылық болған, мысалы. Ешқандай коронавируссыз-ақ біздің дәрігерлер Шымкент ауруханаларында 150-ге жуық балаға ВИЧ-инфекция жұқтырып алған. Ал жергілікті билік бұл жағдайды жұртшылықтан жасырып қалуға барын салған болатын.

Ал енді Қазақстанның бір жерінде коронавирус індеті басталған жағдайда одан ары қарай не болуы мүмкін екенін көз алдымызға елестетейік. Ауруханаға келген адамға диагноздың дұрыс қойылмауы қатері біздің елде өте жоғары, өйткені қазақстандық медицинаның деңгейі катастрофалық жағдайда, әсіресе шалғай өңірлерде.

Қате диагноз, карантиннің жоқтығы, гигиена деңгейінің төмендігі (кей жерлерде тіпті таза су жоқ, дәретханалар далада) үлкен қиындықтарға әкеледі.

Қазақстанда қауіпті инфекциялармен жұмыс істеуге үйретілген қанша дәрігер мен медбике бар? Қытай бірнеше мыңдаған әскери дәрігерлерді жинап алып, Уханға жөнелтті. Ал Қазақстан не істемек?

Ал билік қоғамға бұл ақпаратты қалай жеткізбек? Бұған дейінгі төтенше жағдайлар көрсеткендей, біздің шенеуніктердің мұндай жағдайда әрекет қылудың қалыптасқан дәстүрі бар. Біріншіден, түк болмағандай үндемей отыру. Егер ақпарат әлеуметтік желілерге тарап кетсе, қауіпті төмен етіп көрсетуге тырысу мен "жалған ақпарат таратқандарды" қорқытуға кіріседі. Ал жағдай әбден ушыққанда болған жағдайға жауапкершілікті бір-біріне арту үшін жанталаса бастайды.

Коронавирус індеті бұрқ ете қалған жағдайда туындайтын үлкен проблеманың бірі – биліктің ісі мен сөзіне халықтың сенбеуінен шығады. Сенім жоқ жерде мемлекет пен қоғам бірігіп, індеттің таралуын тоқтатуға қажетті үйлесімді жұмыс жүргізе алмайды. Билікке деген сенімнің әбден жоғалғанының бір дәлелі сол, халық соңғы жылдары балаларға вакцина салғызудан бас тарта бастады. Нәтижесінде елде қызылша індеті күрт асқынып кетті.

Шындықты жасыруға тырысу – елде үрей туғызады. Індет тараған өңірлердің тұрғындары басқа өңірлердегі туыстарына қарай көшіп кетуге тырысады. Тіпті ол аймақты жауып тастаған күннің өзінде біздегі жемқорлық жағдайында тамыр-танысы мен ақшасын пайдаланып, "қорғаныс қамалын" бұзып-жарып өте шығатын дөкейлер болмайтынына кім кепіл?

Өткенде ғана Зайсан тұрғындары неліктен дүрлікті? Коронавирус жұқтырған Қытай азаматтарын әкеп тастауы мүмкін деп қауіптенді. Қоғам биліктің салғырттығы, өз халқының алдындағы жауапсыздығы мен өтірік айтуына бірден қарсылық танытуға дайын екенін көрсетті. Осылайша, билік коронавирустың таралуымен тиімді күресе алмаса – бұл да әлеуметтік наразылыққа әкеп соғуы мүмкін.

Елде жаппай дәрі-дәрмек мен медициналық маскалар таусылып қалады. Сосын дүкен сөрелерінде азық-түлік тапшылығы туындайды, бағалар күрт қымбаттап әлеуметтік толқыныс туады. Біз негізінен бәрін, азық-түліктен бастап дәрі-дәрмекке дейін сырттан таситын мемлекетпіз. Біздің экспортқа шығатын негізгі тауарымыз – мұнай мен қашқын шенеунік-олигархтар. Олигархтарды қойшы, егерәки індет Қазақстанның мұнай-газ өндіретін өңірлерінде тараса – Қашаған, Теңіз және Қарашығанақта шикізат өндірісі тоқтайды.

Әрине, бетін аулақ қылсын, бұл жайсыз сценарийлердің бірі ғана.

Бірақ тағы бір қайталап айтайын, кез-келген қауіппен тиімді күресуге қажетті ең бірінші және ең маңызды ресурс – билік пен қоғам арасындағы сенім, - деп пайымдапты Досым Сәтпаев.

zkadm
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: