Жаңалықтар тізбегі
0

Үкіметті тарату, Жер кодексі, Намыс қайда? – Тоқаев Үкімет отырысын өткізді

видеодан кадр, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.07.2020 21:04 видеодан кадр
Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі эпидемиологиялық ахуал қоғамды аса қатты алаңдатып отырғаны мен ахуал өте күрделі екенін атап өтті.

– Бірақ алғашқы оң үрдістер де байқалуда. Өткен аптада мен Үкімет пен әкімдерге бірқатар тапсырма бердім. Мемлекеттік комиссия өз жұмысын жандандыра түсті. Пандемиямен күрес барысында шұғыл мәселелерді шешу үшін Үкіметтен және өңірлерден 150 миллиард теңге бөлінеді. Басты міндет – коронавирустың жұғу қарқынын ауыздықтап, таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде айтарлықтай нәтижеге жету, – деді ол.

Президент індетке қарсы күрес карантин шаралары қатаң сақталған кезде ғана нәтижелі болады, деді.

– Мұны шетелдің тәжірибесінен көріп отырмыз. Ал біздің елімізде қоғамдық тәртіп едәуір ақсап тұр. Полиция және санитарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл халықтың денсаулығы мен азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін аса қажет. Карантин режимін бұзғандар жауапқа тартылады. Себебі олар тек өзінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығына қауіп төндіреді. Салғырттыққа, бейқамдыққа жол бермеу керек, – деді ол.

Мемлекет басшысы дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесіне ерекше тоқталды.

– Келесі маңызды міндет–толыққанды медициналық көмек көрсету және аса қажетті дәрі-дәрмектерді қолжетімді ету. Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады. Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек. Біз қазір дәрілердің жетіспеушілігі мен оның бағасын қолдан қымбаттату мәселесін шешуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл жағдайды тез арада реттеп, барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Жұмыс жүргізілуде. Енді нәтиже керек. Індет кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажет. Менің тапсырмамнан кейін бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Оны соңына дейін жеткізу керек. Себебі бұл – түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздік мәселесі, – деді ол.

Тоқаев "СҚ Фармация" компаниясын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет деді. Оның сөзінше, Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді.

– Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда? Халықты үрей мен қорқыныш билеген. Тіпті олар өздеріне қажет емес дәрілерді де сатып алып жатыр. Адамдар әлеуметтік желідегі әртүрлі күмәнді ақыл-кеңестерге құлақ асуда. Сall-орталықтардың тәулік бойы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, жұмысын күшейту керек. Беделді дәрігерлер телемедицина, телеарна және әлеуметтік желі арқылы емделудің дұрыс жолдарын үйретіп, жүйелі түрде түсіндіруі қажет. Олай болмаған жағдайда, дүмбілез, алаяқ емшілердің күмәнді кеңестері халықтың денсаулығына кесел келтіреді. Дәрігерлеріміздің денсаулығын сақтау, олардың жұмысқа қабілеттілігі мен ынтасын арттыру – өте маңызды, – деді Президент.

Тоқаев үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруінде олқылықтар бар екенін айтып, олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды, деді.

– Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз. Тағы бір кемшілік. Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды. Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан да өрескел қателіктер жіберілді. Мұны ашық айту керек. Дағдарыс кезінде цифрландыру қызметінің де рөлі мүлде байқалған жоқ. Цифрлық комиссарлар қандай жұмыс бітіріп жатыр? Бұл төтенше жағдай болғандықтан, пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдауымыз керек. Денсаулық сақтау министрінің ұсыныстары мен талаптары Үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер үшін бірінші кезекте орындалатын міндет болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзіретке ие деп есептеңіздер. Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев егер жағдай жақсармаса, Үкіметті таратып жіберуі де мүмкін екенін ескертті.

– Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды. Біз "Жұмыспен қамту жол картасын" қабылдадық. Оны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге қаржы бөлдік. Бірақ жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жуық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені, негізінен, жөндеу жұмыстарына бағытталған. Жобалардың 6 пайызында ғана тұрақты жұмыс орны қарастырылған. Оның өзінде мемлекеттік секторларда, яғни мектептер мен ауруханаларда. Мұндай жұмыс мені қатты алаңдатады. Үкімет әкімдермен бірлесіп, шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісуі керек. Жоспарлаудың шалалығы, сатып алу құнының тым қымбаттығы, жекелеген іс-шаралардың тиімділігі мен қажеттігі әлі де түйткілді мәселелер бар екенін көрсетіп отыр. Сондықтан қатаң бақылау шараларын енгізуіміз керек. Әйтпесе бос сөзден нәтиже шықпайды. Үкімет Есеп комитетімен бірлесіп 15 қазанға дейін дағдарыспен күресу үшін бөлінген қаражатты жұмсаудың тиімділігіне талдау жасауы қажет. Талдау өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар ерекшелігін ескере отырып жасалуы керек, онда әрбір министр мен әкім бойынша қорытынды тұжырымдар болуға тиіс. Бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету, ең бірінші, тиімсіз шығындарды қысқартудан басталуы керек. 2021 жылға арналған бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары басталды. Осы мақсатта 1,6 трлн теңгені қысқарту жоспарланып отыр. Қазіргі жағдайда бұл нашар көрсеткіш емес, – деді ол.

Мемлекет басшысының сөзінше, індет елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің әлсіз тұстарын көрсетіп берді.

– Пандемия кезінде халықтың табысы азайды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттай түсті. Азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттау индексі елдегі инфляция индексінен 1,6 есеге асты, – деді ол.

Президент 2021 жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий аяқталатынын еске салды.

– Осыған байланысты бұл мәселе жөнінде түпкілікті шешім қабылдауымыз керек. Негізгі мәселені айқындап алдық. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз. Игерілмеген және тиімсіз игерілген жерлерді анықтап, оны алып қою мақсатымен ғарыштан мониторинг жасауды заңнамалық тұрғыдан бекіттік. Түгендеу барысында анықталған 12,8 млн гектар игерілмеген жердің 7 млн гектары мемлекетке қайтарылды. Жерді алдың ба, оны игеру керек, – деді Тоқаев.

Отырыс барысында Президент бірқатар тапсырмалар берді:

– Осындай күрделі кезеңде мемлекет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Қазіргі пандемия ахуалы жұмыспен қамту саласына, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай теріс әсер ететіні анық. Сондықтан министрлікке осы бағытта тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Үкіметке жыл соңына дейін 250 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл халқымыздың 99,3 пайызын қамтиды. Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады. Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс. Бүгін біз пандемия кезінде экономикамызды даму жолына шығаратын маңызды әрі осы кезең үшін шұғыл мәселелерді қарастырдық. Дегенмен мен өзімнің екінші Жолдауымда экономикалық серпінге бастайтын жаңа шараларды ұсынатын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: