Жаңалықтар тізбегі
0

"Еститін мемлекет" естісін: 42 500-ді халыққа үздіксіз беру керек

видеодан кадр, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.07.2020 20:18 видеодан кадр
Бір жыл пилоттық жоба ретінде осындай бастаманы қолға алса, мемлекет ұтылмайды.

Табысы төмен, жұмыссыз қалған азаматтарға бір жыл көлемінде үздіксіз 42 500 теңге беру керек. Бұл қиын жағдайға тап болған халыққа көмек болады. Нұржан Әлтаев осындай бастама көтерді. Мәжіліс депутатының пікірінше екі қолға бір күрек таппаған жұрт қылмысқа барып, кедейліктің деңгейі артып кетуі мүмкін, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Бір жыл пилоттық жоба ретінде осындай бастаманы қолға алса, мемлекет ұтылмайды. Депутаттың пікірінше, бұл төлемнің әлеуметтік қана емес, экономикалық сипаты да бар.

Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

"Азамат сол 42 500 алатын болса,оны ешқайда шетелге шығармайды ғой. Бәрібір Қазақстанда жаратады. Азық-түлікке киімге жаратады. Бәрімір мемлекетте қалады. Табысы төмен отбасылар көп болса ертең біз қылмысқа қарсы көп ақша жаратамыз. Денсаулық саласына да үлкен соққы болып келеді".

Қылмыс дегеннен шығады. Осыдан екі жыл бұрын Алматыда олимпиаданың қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ұрылардың қолынан қаза тапқаны есімізде. Парламент өкілі мұндай оқиғалардан сабақ алу керек екенін меңзейді. Биылғы қос карантин бизнестің бүйірінен қысты, елді есеңгіретіп жіберді.

300 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанның қызметі тоқтаған. 1 миллионға жуық қызмет көрсету мен сауда саласының өкілдері пандемия кесірінен шығынға ұшыраған. 1,6 миллионға жуық адам ақысыз демалысқа жіберілген. 14-15 мыңнан астам бизнес өкілі банктерге қарызын шегеруді сұраған. 4,5 миллионға жуық азамат 42 500 тг көлемінде әлеуметтік төлем алған.

Жұмыссыз қалғандардың қатарында Қайырбек Төлебайұлы да бар. Алты айдан бері құрылыс саласындағы кәсібі тоқтап тұр. Қол астындағы 15 жұмысшысы да жалақысыз қалған.

Қайырбек Төлебайұлы, жеке кәсіпкер:

"Бастапқыда қол астымдағы қызметкерлерге көмектесіп тұрдым. Қазір енді өзім де көк тиынсыз қалдым. Бәріміз жұмыссыз отырмыз. Өзім бастап, түгелдей жиналып 42 500 теңгеге өтінім де жібергенбіз. Ешқайсымызға бермеді. Біздің саланы алатын болсақ, жартысынан көбі табыссыз қалды".

Мәселенің әлеуметтік тұсына да тоқталуды жөн көрдік. Рамазан Саттарұлы қараша халыққа мемлекет тарапынан дер кезінде қолдау көрсетілмесе таптар арасында түсініспеушілік болуы мүмкін екенін айтады.

Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:

"Әлеуметтік жіктелудің нақ көрінісін байқап отырмыз. Ол саны аз бірақ әл ауқаты жоғары элита тобы. Екінші саны көп бірақ қалталары тесік, жыртықтарына жамау жетпейтін қарапайым халық. Осындай кезде көмектеспесек қай уақытта көмектесеміз? Жалпы қорға біз ақшаны не үшін жинаймыз? Жыл сайын банктерді қолдау үшін жинаймыз ба? Жоқ! Ол қаражат осындай қысылтаяң кезде, қауіп бүкіл жұртқа төнгенде беріліп қолдау үшін".

Карантин кезінде кәсібінен, қызметінен қағылғандардың нақты есебі жоқ. Тек осы уақытқа дейін 4,5 миллион адамға 42500 теңге әлеуметтік төлем берілгені ғана белгілі. Сонымен, бір жыл көлемінде бұл көмекті үздіксіз төлеп тұруға бюджеттің қауқары жете ме?

Асқар Сағитжан, экономист:

"Орта есеппен 2 миллион адамды 42 500 теңгеден есептейік. Бір айда 85 миллиард ақша болады. Бір айда 2 миллион адамға 85 миллиард төлеп отыру Үкіметтің бюджетіне үлкен салмақ алып келеді. Бір жылға есептесеңіз триллиондаған ақша болады".

Жоғарыда аталған сома ел ішінде жұмсалса, айналып келіп қайта мемлекеттің қазынасына құйылуы керек. Бірақ, бұл жерге бір гәп бар.

Асқар Сағитжан, экономист:

"Кәсіпкерлер салықты ашық төлемейді. Күніне 100 мың тапса, 20 мың деп көрсетеді. Бізде әлі де көлеңкелі экономика бар. Ойбай халыққа саламыз, 42500 береміз. Ол салық арқылы қайтып келеді десек, біз қателесеміз".

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, еліміздегі жұмыссыздықтың деңгейі 4,8 процентті құрайды. Сарапшылар іс жүзінде статистика тіптен басқаша дейді. 42 500 теңгеге үміттілердің жалпы санын есепке алсақ, үздіксіз төлемнің ауылы тым алыс.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: