Тірі адамның өзінің жерленетін жерін дайындауы дұрыс емес - ҚМДБ өкілі

10 Қыркүйек 2020, 15:50
Сурет: видеодан кадр

Елімізде көзі тірі қайтыс болғанда жерленетін орнын дайындап, мазар салу белең алып барады. Ертеректе қариялар қайтыс болған соң қабірінің жанынан жарына орын қалдырылатын. Бүгінде жастар да жағаласып, мәңгі жантаятын жерін алдын ала дайындап жатыр. Ол аздай өмірде бар туыстарына да орын әзірлеп қойғандары баршылық. Бұл қаншалықты дұрыс? Соңғы кезде белең алған осы үрдіске қатысты имамдар не дейді?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Ішінде бір кісі ғана жерленген, қалған жер бос. Өлшемі басқа зираттамен салыстырғанда әлдеқайда үлкен".

Бұл видео Зайсандағы зиратта түсірілген. Ұзындығы 25, ал ені 4 метр жерді әлдекім қоршап, туыстарына орын дайындап қойған. Әлеуметтік желідегілердің наразылығынан соң жер иесі жұрттан кешірім сұрапты. Тек екі адамды жерлеуге орын қалдыратынын айтып, қалғанын жалғызбасты, туған-туысы жоқтарға беретінін жеткізген. Ал елордалықтар соңғы кездері белең алған мұндай үрдіске түбегейлі қарды. "Діни-жоралғымызда жоқ, қазылған жер иесін табады" деп жаман ырымға балап отыр.

"Алдын-ала бейіт салуға қарсымын. Өйткені жамандықтың белгісі деп еститінмін. Әжелеріміз, аталарымыз ол болмайды деп".

Діни басқармадағылар да мұны құптамайды. Өйткені тірі жүрген мұсылманға арнап мола дайындау шариғатқа қайшы дейді.

Хасан Аманқұлов, ҚМДБ Шариғат және Пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары:

"Ең жақын туыстарына, мысалы 3-4 орын алып қойып жатқан жағдайларды көрдік. Тірі адам тіршілігін жасайды. Өлімге дайындалу деген, ол - өзіне жер алып қоюмен емес. Қайта ізгі істеп, барынша сауапты істерді жинап осындай істермен айналысуы керек. Тірі кезінде жер алып қою, шариғи және имани тұрғыда дұрыс емес".

Елордадағы ритуалдық қызмет көрсететін ұйымның басшысы әкімдікке қарайтын зираттарда мұндай жағдай кездеспейді дейді. Есесіне, жерді қазу табыс көзіне айналыпты. Мәселен, мұсылман қабірін 100 мыңға, христиандардікі 25 мыңға дайындап береді екен. Ал, бейіт тұрғызу қып-қызыл ақша. Сапасына қарай 250 мыңнан 700 мыңға дейін барады.

Мәди Жуанханов, ритуалдық агенттік басшысы:

"Қазір нарықтық заман болғаннан кейін, адамдардың мазарды көтеру бағасының ауқым өте үлкен.Әр адамның өзінің таңдауы бар дегендей. Бірақ, қазір регламент бар мазардың көлемі, биіктігі бойынша. Әрине, бағада үлкен айырмашылық бар. Себебі, мұсылмандық қабір дайындау уақытында силикатный кірпіш қолданылады.Жұмыс ауқымы көбірек оны мойындау керек".

Діни басқарманың мәліметінше, елімізде 4200-ден астам зират бар. Оның үштен бірі қоршалмапты. Құдайдан қорықпайтындар сол қараусыз қалған қорымдарды жағалап, ойларына келгенін істеп жатқан көрінеді. Ал, бұған тосқауыл қою үшін заңды күшейту керек деген ұстанымда.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?