"Қанын ағызып...". Қарағандыда жерге қадалған 20 шақты пышақ жұртты шошытты
Қарағандыда ерекше рәсім жасаумен жұртты шошытқандар іздестіріліп жатыр. Белгісіз біреулер қаладағы адам қарасы көп жүретін саябақта сабына жіп байланған пышақтарды қадап кеткен. Оның айналасында тиындар шашылып жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
"Ас пышағы төрт-төрттен төрт жерде қадалып тұр. Бары 20 шақты пышақ. Үрейі ұшқан тұрғындар бұның не үшін жасалғанын түсінбей жатыр. "Дуа ма, әлде сиқыр ма?" деп бас қатыруда. Ал мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған. Соңғы мәрте жасалған түсініксіз рәсім бұқараның тіптен зәресін ұшырды. Өйткені соңғысында пышақты жерге кесілген бауырмен бірге қадаған. Қазір оның қай жануарға немесе аң-құсқа тиесілі екені анықталуда. Мұндай көрініс бұған дейін де болған. Ол кезде 68 жастағы зейнеткер әйел осы әдіспен аяғын емдеген. Бірақ сол үшін 8 мың айыппұл төлеген. Ал бұл жолғы елдің зәресін алғандар ұсталса да, жауапқа тартылмайды екен", - дейді КТК тілшісі.
Асылбек Сейтжанов, Қарағанды қалалық ПБ орталық бөлімше бастығының орынбасары:
- Бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалмайды. Тек осы нәрсені жасаған адамды анықтауымыз керек. Оның ақыл есі дұрыс па, бұрыс па, сол жағы тексеріледі. Егер ақыл есінде кемістігі болса, оны психдиспансер сынды мекемеге жібереміз. Алдымен қолға түсіруіміз қажет. Бірақ ол адам ешқандай жазаға тартылмайды.
Ал Бірінші Еуразия телеарнасына сұқбат берген оккультизм саласы бойынша маман Луиза Исаевна мұны дуа екенін айтады.
- Егер пышақ бауырға қадалып, пышақтарды жіппен байлап қойса, жанында тиындар шашылып жатса, бұл, тиісінше, бүліну факторы. Ақысы төленген нәрсе. Мысалы, осылай кәсіпкерге зиян келтіруге болады. Себебі ол арада бауыр бар ғой, ал бауыр - ағзаның айнасы. Адам ішіп кетіп, ал бүкіл бизнес оның серіктесі - "тапсырыс берген" адамға қалады. Адамдар Құдайдан қалай қорықпайды, бұл өмір бумеранг іспетті, қайтып келеді ғой мұның бәрі.
Әрине, бұл да дәлелденбеген болжам. Ал көшеде қадалған пышақтардан жарақаттан алуға әбден болады. Өйткені бұл арада балалар көп ойнайды, жүгіріп жүріп пышаққа құласа, масқара емес пе?..