Нығматулин: жаңа кодекс экологияны қорғау мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді

12 Қазан 2020, 15:33
Сурет: Ж.Құспанов

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа Экологиялық кодекс, ең алдымен, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс. Бұл туралы Палата Спикері бүгін Мәжілісте өткен Экологиялық кодекс жобасын талқылау барысында айтты, деп хабарлайды zakon.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліске келіп түскен жаңа Экологиялық кодекстің ең өзекті мәселелерін талқылауға мемлекеттік органдардың, "Атамекен" ҰКП-ның, ірі отандық кәсіпорындардың басшылары, эколог-сарапшылар, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысының Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ерекше назар аударғанына тоқталды.

Талқылау барысында жаңа Экологиялық кодекс жобасының ең озық қолжетімді технологияларды енгізу шартымен I санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу сияқты нормасына ерекше назар аударылды.

Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, технологиялық процестерді жаңғырту қоршаған ортаға эмиссияны төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпорындар үшін ынталандыру шаралары ретінде кәсіпорындарды қолжетімді технологиялар енгізілген жағдайда экологиялық төлемдерден босату, керісінше жағдайда эмиссия үшін төлемдерді біртіндеп арттыру ұсынылады.

Осындай норманың қажеттілігімен келісе отырып, Мәжіліс депутаттары объективті себептер бойынша 10 жыл ішінде қолжетімді технологияларды енгізуге бөлінетін кәсіпорындарға қатысты жекелеген көрсеткіштер бойынша белгіленген нормативтерге қол жеткізу мәселесін көтерді. Ал қолжетімді технологияларды енгізу бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда барлық жылдар үшін төленбеген экологиялық төлемдер түрінде арттыру коэффициенттері мен өсімақылары бар айыппұл санкциялары көзделеді.

Осы ретте Нұрлан Нығматулин:

- Біріншіден, жаңа технологияларды енгізу қажет. Ол дұрыс. Бұл қазіргі заманның талабы. Экологиялық мәселелерді шешу үшін де ол қажетті нәрсе. Осы жобаға 10 жыл уақыт беріледі. Дегенмен, өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Мысалы, кәсіпорын жаңа қолжетімді технологияны енгізе бастады, бірақ, обьективті себептермен жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Енді оған 10 жылдың айыппұлдары салынатын болса, онда оны қалай төлейді? Сонымен бірге, бұл сұрақтың әлеуметтік жағы тағы бар, - деді.

Мәжіліс Төрағасы бұны бір күннің мәселесі емес екенін, қолжетімді технологияларды енгізуді ынталандыру нормалары кәсіпорындарды технологиялық қайта жарақтандыруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Мұның бәрі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) стандарттарына қол жеткізуге бағытталған.

Мәжіліс депутаттары сондай-ақ ұсынылып отырған нормаға қатысты мәселені көтерді, оған сәйкес біздің елде ЕурАзЭҚ техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын өндіруге және пайдалануға тыйым салынады.

Осы жағдайға Мәжіліс депутаттары алаңдаушылық білдірді. Себебі, бұдан ауыл тұрғындары зардап шегуі мүмкін. Өйткені олардың көпшілігі әлі күнге дейін ескі ауыл шаруашылығы техникасын пайдаланады.

Статистикаға сәйкес, елде пайдалану мерзімі 15 жылдан асатын тракторлардың 82%-ы және комбайндардың 65%-ы бар. Барлық ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тек 30%-ы ғана заманауи талаптарға сәйкес келеді.

Мәжіліс Спикерінің пікірінше, бұл норманы ауыл тұрғындарына қолайсыздық тудырмауы үшін мұқият пысықтау қажет.

Отырыс барысында депутаттар экологиялық сақтандыру мәселесін де көтерді. Бұл тек I санаттағы объектілер үшін міндетті болады деп көзделеді. Сонымен қатар, елімізде шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлері санатына жататын II санаттағы 2 мыңнан астам объект және III санаттағы 3 мыңнан астам объект бар.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, бұл нысандарды экологиялық сақтандырумен де қамту керек.

Талқылауды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы бүгінгі отырыстың өз мақсатына жеткенін алға тартып:

– Экологиялық кодекс ол - әрбір адамның өміріне, жалпы еліміздің дамуына тікелей қатысы бар құжат. Сондықтан, жаңа кодексте қоршаған ортаға зиян келтірмеу, бақылауды күшейту, тиісті шара қолдану бойынша маңызды нормалар енгізілді. Сонымен бірге, заманға сай, жаңа технологиялар пайдалануға да баса назар аударылды. Олардың барлығы Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындауға және экологияны күшейтуге жаңа серпін беретіні, әрине, сөзсіз – деді.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?