Нығматулин: Бюджетке түзету енгізу Елбасының тапсырмаларын орындауға мүмкіндік береді
Бүгін Мәжіліс Спикері Н. Нығматулиннің төрағалығымен өтіп жатқан Палатаның жалпы отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы орайда, Мәжіліс Төрағасы 2018-ші жылғы республикалық бюджетке түзетулер бойынша өте маңызды заң жобасы мақұлданғанын алға тарта келіп, осы түзетулер - Елбасымыздың төртінші сессияның ашылуында және биылғы Жолдауда берген тапсырмаларды қаржыландыруға алғашқы нақты қадам жасауға мүмкіндік беретінін, сондықтан, енді жыл соңына дейін, Үкіметтің, жергілікті органдардың осы қаржыларды тиімді пайдалануы өте маңызды болып табылатынын айтты.
"Мәселен, тек осы жылға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қолдау үшін 5,6 млрд, агроөнеркәсіпті дамытуға 19 млрд және халықты қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 15 млрд теңге қаржы бөлініп отыр", - деді Нығматулин.
Жалпы Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру және Жолдауда айтылған мақсаттар үшін тек ағымдағы жыл бойынша 84 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Сондай-ақ, жаңа Түркістан облысы мен мемлекеттік маңызды Шымкент қаласын нығайтуға 30 млрд теңге бөлінді.