Ортақ түркі тарихының жазылуы талқыланды
Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумының жұмысы "Ортақ түркі тарихының жазылуы" атты панельдік сессиямен ашылды.
Бұл туралы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.
Онлайн форматта ұйымдастырылған жиынға Халықаралық Түркі академиясы президентінің орынбасары, PhD Асхат Кесікбай, Түркияның Фырат университетінің профессоры Ахмед Буран, Нийде Өмер Халисдемир университетінің проректоры, профессор Ілияс Гөкхан мен аталған жоғары оқу орнының профессоры Хикмет Қораш қатысты.
Басқосуды Ахмед Буран ашып, жүргізіп отырды. Түркиялық ғалым өз сөзінде ортақ түркі тарихының жазылуының мәні мен маңызына кеңірек тоқталып өтті.
Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясы басшысының орынбасары Асхат Кесікбай өзі қызмет атқаратын ұйымға түркі әлеміне ортақ түркі тарихын оқулығын әзірлеу міндеті жүктелгенін және оны академия орындап шыққанын тілге тиек етті.
Осы орайда айта кетейік, Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының тапсырмасымен Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген "Ортақ түркі тарихы" оқулығы Әзербайжан, Қазақстан және Түркия мектептерінің бағдарламасына енгізіле бастады.
Биылғы жылы "Ортақ түркі тарихы" пәнін факультатив ретінде Түркияда 30 мың оқушы, Қазақстанда 15 мың оқушы, Әзербайжанда 10 мың оқушы таңдады. Оқулық ежелгі дәуірден бастап XV ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. Оқу құралында түркі халықтары құрған мемлекеттердің тарихымен бірге олардың дәстүрлері, мәдениеті және ұлттық ойындардың пайда болу тарихы жан-жақты көрсетілген.
Басқосуда сөз алған өзге де ғалымдар түркі дүниесінің мәдениеті де, мәдени мұрасы да ортақ екендігіне тоқталды. Ізденушілердің пайымдауынша, оны ортақ зерттеп-зерделеу барша түркі жұрты үшін үлкен олжа, сарқылмас қазына болары анық.