Жаңалықтар тізбегі
0

Жолдасбек Дуанабай. Жалт етіп сөнген бір жасын

facebook.com, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.10.2020 21:46 facebook.com
Бүгінде әлдилеп, аялап өсірген Динасы шырайлы Шымкентте тұрып жатыр.

Оны "Жөке" деуші едік. Жасының кішілігіне қарамай, солай ықылас көрсетуіміздің астарында сыйластық сезіміміз, азаматтық тұлғасына деген ізгі ілтипатымыз аңғарылып тұратын. Мәселен, біз екеуміз ағалы-інідей болып араласқан 35 жыл әлетінде осы бір ғажап үндестігімізге сызат түспеді. Ол ойы биік, парасат-пайымы зор қалпына қылаулай кір шалдырмай, мені ғана емес, жасы үлкен, жөні бөлек азаматтардың бәрі-бәрін ағалап өтті.

Иә, биылғы ауыртпалығы қабырғамызды қайыстыра күйретіп, талай жақсылар мен жайсаңдарымызды арамыздан аңдатпай алып, ел-жұртты жылатып кеткен жазда, сол бір аяулы Жөкең – Жолдасбегімізден қапияда айырылып қалғанымыз мені де өкіндіреді.

Дәл осы уақытта халық жаппай ауырып, қасірет бұлтын үйірген коронавирус кеселі бәрімізді бір тарының қауызына қаусыра сыйғызып, әбден титықтатты. Еститініміз тек қана жаман хабар болды. Жолдасбек жөніндегі жаманат сөзді, хабарды естіген кезде, мен өзім де тұра алмай, төсекке таңылып, тамаққа да зауқым соқпай, дәрі-дәрмекке ділгір күйде дөңбекшіп, жатып едім. Көзімде қимастық жасы, көңілімде қайғы мен нала тұнып: "Әй, бауырым-ай! Жөкем-ай, қайтейін, қоштасуға да жете алмай, шарасыз күйде қалдым-ау...", – деп егіліп едім.

Бұл да біз көруге тиісті құбыжық сынақтың нақ өзі болды.

Мыңды жалмаған коронавирус кезінің құрбанына айналған Жолдасбек Дуанабайдың денесін ағайын-туыстары кіндік қаны тамған Меркі ауданындағы ауылына алып кеткенін әлеуметтік желідегі жазбалардан оқыдым. Желі Жөкеңді білетін, жазған-сызғандарын сүйіп оқитын жұрттың қимастық көңілмен ақ жарыла жазған ойларына толып тұрды.

"Меркіліктер мақтанышы бола білген аяулы азаматынан айырылды" деп мұңдана жазыпты, сол өңірде тұратын, қасиетті қаламымен халыққа қызмет етіп жүрген ардақты ағаларының бірі.

Ал мен араға біршама уақыт салып, қимастық, сыйластық сөздерімді ақ қағазға өрнектеуге енді ғана отырдым.

Сонымен. Бұл, ұмытпасам, 1985 жылдың қысында болған жағдай. Білімқұмар студенттердің А.С.Пушкин атындағы республикалық кітапханадан шықпай, шұқшия кітап оқып, орын босатпай, лықа толып отыратын заманы. Мерзімдік басылымдар залында облыстық газеттерді бірінен кейін бірін алып қарадым. Менің алдымдағы столда отырған көзілдірікті дөңгелек жүзді жігіт "Лениншіл жастың" Шерағамыз редакторлық етіп, Оралхан, Ақселеу ағаларымыз бен Фариза апамыз бұрқыратып, көркем әңгімеге бергісіз мақала, очерк, суреттеме, репортаждар жазып жүрген кезіндегі тігіндісін асықпай, парақтап, көз алмай оқып, енді кішкене демалып алайын десе керек, ақырын орнынан тұрды. Мен де "сұңғақ" бойлымын ғой, артынан қарап тұрып, "мына азамат менен де "сұңғақ" екен-ау" деп іштей күліп қойдым. Уақытты көп ұзатпай, әлгі жігіт қайта келді. Орнына отыра бергенде:

— Әй, інім, сен өзі студентке ұқсайсың ғой, – дедім сыр тартып.

— Иә, аға, ҚазМУ-дің студентімін. Болашақ журналистпін, – деді мақтанышты үнмен.

— Газет-журналдарға араласып жүрсең, онда өзіңді сырттай білетін шығармын, – дедім.

— Жолдасбек Дуанабаевпын, аға.

— Сол сен бе едің? – дедім кідірместен. – Қай курста оқисың?

— Үшінші.

— Ендеше, сені корректорлық қызметке шақырсақ, келер ме едің? Газетіміз аптасына екі рет шығады. Бет жасалатын күндері жұмысқа келсең болды, – деп едім, "сенсеңіздер барайын" деді көп кідірместен.

Келесі күні газетіміздің редакторы Уәлихан Қалижанов ағаның кабинетіне кіріп, "бос тұрған корректорлық орынға осындай, қаламының желі бар студентті алсақ қайтеді" деп едім, ол кісі жазған-сызғандарын көріп жүреді екен, "қай жақтан, қандай жігіт?" деп ежіктеп, сұрап жатпай, өзімен бір сөйлесті де, бұйрығын шығара салды.

Осылай, Жолдасбек журналистік қызметін даңқы дүркіреп тұрған балалардың республикалық жалғыз газеті "Қазақстан пионерінен" бастады. Қызмет істей жүріп, оқуын да ойдағыдай бітірді. Бір басылыммен ғана шектелмей, басқа да газет-журналдарға құлшына араласты. Әсіресе, "Лениншіл жасқа" бүйрегін басымырақ бұрған сыңайлы, көп жыл жемісті қызмет етіп, "Жалын" баспасына директор болып кеткен Сейдахмет Бердіқұловтың орнына Уәкең – Уәлихан ағамыз басшылыққа барған соң, сонда тілшілік қызметке ауысты. Қалам қарымын елді елең еткізерлік жаңалық, хабарларды жұтындырып, жазуымен көрсеткен үстіне көрсете түсті. Бұл компьютерлік жүйе өмірімізге кеңінен кіріп, күллі әлем оқиғаларын заматында көрсететін электронды тарату, байланыс құралдарының әбден дендеп ене бастаған шағы болатын. Ол танымдық, ақпараттық мәні мол дүние-ғалам оқиғаларын қақшып алып, жеңіл де жатық тілмен беру тәсілін күшейтті. Жазғандары қай кезде де ескірмейтін, қызықты оқылатын, ықшам, нұсқалы материалдар болғандықтан, арада ондаған жыл өткеннен кейін, солардың өзін қайталай іріктеп, саралап өз қаржысына "Дөңгеленген дүние" деген атпен көлемі жиырма баспа табақ кітап етіп, елге ұсынды.

Жолдасбек сөзіне берік, ісіне мығым жігіт болатын. Осы бір қырын "Қазақстан пионеріне" (бүгінгі "Ұлан") газетіне келген кезінде-ақ көрсетті. Бәріміз де тәртіпке бағынып, күнделікті қызметімізге мезгілінде келуге тырыссақ, ол дәлме-дәл уақытында орнында отыратын. Сондай елгезек. Жазуы да жылдам. Кім-кіммен де тез тіл тауып, сөйлесе біледі. Осындай қасиетінің арқасында, аз уақытта-ақ қызық-қуанышы жарасып, жалғасып-ұштасып жататын редакцияның өз адамы болып кетті. Бөлім қызметкерлерінің бірі басқа жұмысқа ауысып, орны босаған күні басшылық оны сол қызметке сырғыта қойды.

Осы кезеңде менің де қызметім өсіп, жауапты хатшы болдым. Редакторымыз Бейсенбай Сүлейменов жаны жайсаң кісі. Елге өте жайлы бастық. Жұмыстың жауапкершілігі солай, үйге келген соң да "Бейсеке, Бейсеке" деп, телефонмен жиі сөйлесемін. Балаларым кішкентай, әлі мектеп есігін аттай қоймаған. Бір демалыс күні Жолдасбек шұғыл шаруасы болып, үйге келсе, үлкеніміз Гүлмира "папа, Бейсеке аға келді" деп тұр. Сонда оған: "Ой, Бейсеке аға, Бейсенбай аға, сен ба келген?" деп күліп едім. Осының әсері ме, балаларым оны Бейсенбай аға деп кетті.

Әр кезеңнің өз қызығы болады. Сол уақытта "Қайраттың" стадиондағы ойынын көруге қызығып баратын жанкүйерлердің қатарын көбейтуді көздеді ме, кім білсін, әр ойыны сайын лотерея ойнататынды шығарды. Ұтыстың алды – "Жигули" автокөлігі. Одан басқа да жұрттың қолы жете бермейтін бағалы заттарды ұтысқа шығарады. Бәрібір ұтпаймыз деп, ондайға еліге бермейтін едік. Жолдасбек бір жолы алған қаламақысының бәрін лотереяға жұмсапты. Қызметтес жігіттердің бірі: "Әй, Жөке-ай, оданша, біздің бәріміздің шөлімізді қандырып, ақ алғысымызды алмадың ба?" – деп күлді. "Күлмеңіз, аға, әлі-ақ көресіз, мен машина ұтамын" деді Жөкең, жылы жымиып. "Жарайды, көрейік", – деді тобылғы торы сыраға аңсары ауған әріптестердің тағы біреуі.

Қараңызшы, мұны көріпкелдік емес, интуиция дейміз бе, қалай өзі, Жолдасбегіміз аумағы ат шаптырым стадионда отырарға орын болмаған "Қайраттың" сол ойынында айды аспанға бір-ақ шығарып, жасыл түсті "Жигули" машинасын ұтып алды. Ертеңінде оған күле қараған әріптестеріміз бар, бәріміз жан-жақтан жамыраса, қаумалап, құттықтап жатырмыз. Ұжымымыздағы жасы үлкен Айнаш апайымыз: "Ұтысың ұтысқа ұлассын, айналайын. Енді жұмысқа "Жигулимен" келетін болдың ғой" деді. "Жоқ, апай, менің жүргізушілік куәлігім жоқ. Ауылда арқасүйер Айтжан деген ағайым бар. Өзі колхоздың озат шофері. Сол кісіге беремін. Аяулы анамды мінгізіп жүреді" деді ол.

Содан ай шамасы өтті ме, жоқ па, тағы да "Қайраттың кезекті ойыны болды. Жөкеңіміз бір бума лотереясын ойнату үшін стадионға барды. Міне, ғажап! Ол енді машина емес, ерлер киетін әдемі шетелдік спорт костюмін ұтты. Алайда оның өлшемі өте үлкен екен. Егер оны қайта сөгіп, жақсылап тіксе, Жөкең екеуміз киетін әдемі екі костюм шығатыны күмәнсіз еді.

Келесі күні Жолдасбек редакцияға сөмке көтеріп келді. "Жөке бала, кезекті ұтысың құтты болсын!" деп жүректегі жылы сөзімізді қарша жаудырып жатырмыз. "Рақмет, айтқандарыңыз періштенің құлағына шалынсын" деп, кілт бұрылып редактордың бөлмесіне қарай кетті. Жүрісі шұғыл болды ғой деп аңтарыла қарап, біз қалдық. Екі иығына екі кісі мінгендей, бойы өзіндей екеу келетін Бейсенбай ағамызды ертіп келді де, үстел үстінде жатқан сөмкесінен ұтқан костюмін шығарды.

— Бейсенбай аға, мен әлі жаспын ғой, өсемін, сіздей сұңғақ бойлы боламын. Бірақ өзіңіз сияқты дәу болғанша, мына костюм үйде жатып тозып қалады, сондықтан мұны сіз киіңіз, – деді.

Міне, біз білетін Жөкең – Жолдасбек Дуанабай осындай істерімен де ерекшеленген жомарт жүректі азамат еді...

Ол екеуміз өте жақсы араластық. Үйге жиі келіп тұратын. Әсіресе, әл-Фараби даңғылының жоғарғы жағындағы 11-Кірпішзавод көшесінде (Алматыда сондай да көше болған) тұрған кезімізде. Сол үйдің жанында Алматы мақта-мата комбинатында жұмыс істейтін жиен қарындасым Гүлзина көрші болатын. "Жас-жастың тілеуі бір" екен. Келіп жүріп танысты, табысты, кейін әдемі отбасын құрды. Кішкентайлары дүниеге келді. Оған Гүлзинаға үйлес болсын деп Дина деген есім берді. Осылай, екеуі ай мен күндей жарасып, Динаны әлдилеп жүргенде, Гүлзина тосын сырқатқа тап болды. Аяқастынан жабысқан ауру асқына келе, созылмалы сипат алды. Сондағы Жолдасбектің, екінің бірі төзіп, жасай алмайтын ерлігі – төсекке таңылған аяулы жарын аялау болды. Қызы Динаға бар өмірін арнады. Балабақшаға апарды. Жетелеп жүріп, мектеп есігін аттатты. Әкесі де, анасы да бола білді. Әбден үй шаруасына пісіріп, сөзге де, іске де пысық, көпшіл, епшіл етіп өсірді. Қалауы бойынша оқимын деген оқуына түсіріп, енді бітіреді, көкейдегі көп қуаныштарым басталады деп үмітін үкілеп жүрген күндердің бірінде, Гүлзинасы бітіп болмаған ауыр сырқаттан әлсіреп, көз жұмды.

Қайтсін-ай енді?.. Маңдайындағы жазуы осылай екен, бірақ ол үлкен өмір сынағынан сыр бермей өтті. Динасы өмірлік сыңарын таңдап қойған екен. Әйткенмен асықпады, аяулы анасының жылын өткізіп барып, құтты орнына бір-ақ қонды. Міне, сонда да Жөкең Гүлзинаны жоқтатпай, сүйікті қызының бар жасауын өз қолымен жасап, Алатаудың бөктеріндегі әдемі мейрамханада дүркіретіп, ұзатылу тойын өткізді.

— Айналайын балаларым, біз енді үшеу болдық. Шымкентте өз мекендерің болар. Ал енді Алматыға келгенде, емін-еркін түсіп, көсіліп жататын тағы бір үйлерің болсын, – деп таңдап жүріп, қаланың ортасындағы зәулім үйлердің біріндегі пәтер кілтін қолдарына ұстатты.

Әрине, Жолдасбектің талайлы тағдырын жақсы білетін жұрттың бәрінің көңіл босады, көздеріне жас алды.

Бірақ бұл тебіреністен туған қуаныш жасы болатын...

Бір адамдар өзінде барын бөліп бермесе де, өзгелерде болса екен деп қолынан келгенше, елпілдеп, құрақ ұшып тұрады. Жолдасбек сондай жақсылардың жағынан еді.

1989 жылы "Қазақстан пионеріндегі" қызметімнен кетіп, Жазушылар одағының "Аударма" алқасы шығарып жатқан "Әлем" альманағына жауапты хатшы болып бардым. Әйгілі Ақселеу Сейдімбек аға құрастырып, ондағы материалдардың барлығын орысшаға аудартып, "Әлем" және "Алем" деп, үлкен-үлкен екі кітап шығардық. Бұл басылым бізге қорғаныш, қалқан болды. Әлем халқының әдебиетін насихаттаймыз деп Мәскеуге барып, КСРО Жоспарлау комитетінен арнайы қағаз бөлдірттік. Кейін сол қағазға Желтоқсан көтерілісіне арналған "Алматы. 1986 Желтоқсан", "Алма-Ата. 1986 Декабрь" топтама айғақ-кітаптарын шығара бастадық. Әуелгі жинақтарының әрбірі 60 мың таралыммен жарық көрді. Кеңестік ақшаның құны керемет кез ғой. 180 мың сомды алты айға "Центркредитбанктен" 14 пайыз өсіммен алдық. Нартәуекелдің тірлігі еді бұл ісіміз. Оңдаған мың кітапты Жазушылар одағының алдына шығарып қойып, саттырдық. Өткенінше өтті. Уақыт зымырап, бізді жан алқымға алып қыса бастады. Сатып, ақшаңды әкеліп беремін дегеннің бәріне жүзден, мыңнан сұраған кітаптарын бере бердік. Торғайлық лыпылдаған бір жігіт үш мыңын әкетті. Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін саяси өзгеріске байланысты облыс әкімі болған Сағынбек Тұрсынов өткізтіп береді, деген бір азаматтар 20000 кітапты үлкен қорапты машинаға сықай тиеп, алып кетті. Содан ізім-қайым… Осының бәрін көзбен көріп, әңгімемді естіп жүрген Жолдасбек үйге сөмкесін көтеріп келіп, көтергенінше кітаптарды алып кетіп, ел көп жүретін "Сайран" автобекетіне барды. Түске дейін-ақ бәрін сатып, түскен ақшасын сытырлатып санап өткізді. Бұл сенбі күннің шаруасы болатын. Жексенбі күні тағы да бір сөмке кітап алып кетті. Шаруасының үйлескеніне қызығып, қалай саудалайды екен, сыртынан көрейінші, деп барсам, Жөкең үлкен автобекеттің тура кіреберіс есігі алдында тұр. Сөмкесінің аузы ашық. Қолында орысша, қазақша "Желтоқсан" кітаптары. "Ағайындар, бауырлар! Қарабет Колбин "ағаларың" жазықсыз қан төккізген қазақ жастарының ерлігі туралы кітапты алыңдар. Мұнда сіздер білмейтін құпиялар көп" деп ары өткендер де, бері өткендер де еститіндей даусын көтере жарнамалайды. Бір мезет сыртынан қызыға қарап тұрып, жанына бардым.

— Жарайсың, Жөке! Саудаң сәтті бола берсін! – дедім күліп.

— Аға, менің қолымнан келгені осы. Ең бастысы, қылмыс жасап тұрған жоқпын ғой. Бұл елдің тарихы, халқымыздың айта алмай жүрген қасіреті емес пе? Осыны жұрт сезініп, болысса деймін. Менде басқадай ой жоқ, – деді.

Сөйтіп, ол баспаның банктен алған несие ақшасын дер кезінде қайтаруға болысып, айғақ-кітаптардың жалғаса жарық көруіне аз да болса өзінің үлесін қосты.

Мен Жолдасбектің арқасында, КСРО банк ісінің үздігі, 70 жасында жүгіруден республика чемпионы болған, майдангер қарт Әлжаппар Мұсаевпен де таныстым. Әкесі Мұстафа ірі бай ретінде 1929 жылы тәркілеуге ұшырап, қамауға алынады. Артынан әйел, бала-шағасы білмейтін бір қиырға айдауға жіберіледі. Бүкіл бауырлары, отбасы мүшелері қудалау көреді. Өмірбаянына байдың баласы деген жазу жазылған Әлжаппар ағамыз сұрапыл соғыс кезінде де қатты қасірет шегеді. Тіпті жалалы болып, айып батальонына жіберіледі. Ерлікпен шайқасып, аман қалады, ақталады. Сондай айтары қисапсыз мол тағдырлы кісі еді. Сексеннен асқан шағында стадионда жүгіріп, турникке тартылып, ақ қар, көк мұзда сұп-суық сумен шайынып, көргендердің бәрін қайран қалдырып жүретін Әлжаппар ағамыздың өмірі жөнінде "Мың бір күн, мың бір түн" атты роман жаздым. Ол романым кітап болып, қолға тигенше, көптеген газет-журналда бастан-аяқ басылып шықты. Іле орыс тіліне де аударылып, кейіпкерді де, мені де шығармашылық тұрғыда қатты қуандырып, марқайтқан елеулі оқиға болды.

Жөкең күліп жүргенді, күлдіріп жүргенді жақсы көретін. Жеке басындағы қиыншылық, қысталаң оқиғаның бәрін күлкісімен кері ысыратын. Қиналса да сыр бермеуге, сырт көзге сездірмеуге тырысатын. Жақсы күндерім алда деп, ұмтылды, ерінбей еңбектенді. Солай болғандықтан да жазу өнері өмірінің мерейлі мәніне айналды. Бұл оның балалық шағынан басталған ізгі арманы еді.

Осы асыл арман оны әлдилеп, Алматыға әкелді. Боратып жазған мақалалары шыққан мерзімдік басылымдарды бір сөмке қылып, журфактың қабылдау комиссиясына тапсырды. Жолы болып оқуға түсті.

Содан оқу басталып, №5 жатақхананың жайлы бөлмелеріне жайғасқан курстастар күздің қоңыр кешінде күрең шәйді ішіп отырып, бір-бірлерінен сыр жасырмайтын ашық әңгімеге кіріспей ме? Сонда біреуі нән соғым беріп оқуға түскенін, екіншісі бір мұғалімнің қолына мың сом ұстатып жолы болғанын, тағы біреуі және осындай әңгіме айтады. Бір кезде бәрі араларында осы сөздерін үнсіз тыңдап отырған Жөкеңе қарап, "декан сенің жерлесің ғой, сен қайтіп оқуға түстің?" деген сыңаймен сынай қарайды. "Мен бе? Мен де бердім, екі мың..." дейді ол. "Ойбай, не дейді? Екі мың сом ба?" деп курстастары көздері бақырайып аңтарыла қарайды. Осы кезде Жөкең жәй ғана жымиып: "Екі мың мақала!.." – дейді.

Біз білетін Жолдасбек осындай аузында әзілі бар арда азамат болатын. Жүрегімен құлай сүйген журналистік мамандығының нағыз майталманы атанды. Балалар басылымында басталған үлкен шығармашылық жолы жастар газетіндегі тілшілікке ұласты, одан соң, бөлім меңгерушісі болды… Ал өмірінің ақырғы алты айында осы басылымда жауапты хатшы қызметін атқарды. Өте еңбекқор, жұмысқа деген жауапкершілігі зор қызметкер еді. Сондықтан да "Айқын", "Жас қазақ" газеттерінде де редактордың орынбасары секілді өте жауапты міндетті абыроймен атқарып, жемісті ізін қалдырды.

Бүгінде әлдилеп, аялап өсірген Динасы шырайлы Шымкентте тұрып жатыр. Екі қызды болған. Жөкең екінші жиен немересін көріп, қолына алып суретке түсіп кетті.

— Биыл өте ауыр жыл болды ғой, аға. Аяқастынан ажал құшқан асыл әкемді жөндеп жоқтай да алмадым...

Алла жазса, келер жазда азды-көпті өмірінде араласқан дос-жаран, ағайын-туыстарының басын қосып, үлкен ас беремін. Соның қарсаңында, кітаптарын шығарамын. Бірі – естеліктер жинағы. Осыны ең бір жақсы көретін ағасы ретінде өзіңіз қолға алыңызшы, – деп өтініш жасады Жөкеңнің Динасы.

Қадірменді оқырман, мына менің жазбам соның басы болса екен деген ниетпен қолға қалам алып едім. Үн қосамын, Жолдасбектей арлы азамат туралы сыр шертемін деген кісілер болса, байланыс телефонынымды қыстыра кетейін: 87012240493.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ. Жас Алаш газеті.

Қайран, Жүке

Қайран, Жүке, тиді-ау мәңгі еркіндік,

Жаңбыр болып жылап өтті шер-шындық.

Сені өлтіріп ойнаушы едік әзілдеп,

Бүгін, рас, шыныменен өлтірдік.

Құрдасындай қажаушы еді Сейсендер,

Өзіңді еске ап, енді оңаша кемсеңдер.

Ажалмен де қыртып ойнап жүруші ек,

Тірілтіп көр

енді, ажалды жеңсеңдер.

61 жас — бар көресің, көнесің,

Жия алған жоқ артыңда әлі ел есін.

"Көңілді еді, әзілқой-тын" деп жатыр

Көзкөргендер,

басқа енді не десін.

Жан-қайғыңды жүрегіңде іркілген

Қайдан білсін, боп өткенін ұйқың кем.

Қайдан білсін өткеннен соң жарқылдап,

Жеңгеніңді — өмірді ойын-күлкіңмен.

Мақала еді қойны-қоншың, ми тұнған,

Жерде жатса теруші едің қиқым нан.

Ең алдымен беремін деп ақпарат,

Қартайғанша тұрдың ұшып ұйқыңнан.

Біреу үшін газеттің жай тілшісі,

Біреу үшін нағыз адам, шын кісі!

Өтті өмірден жүрген кеше домалап,

Дөңгеленген дүниенің тыңшысы!

Төреғали ТӘШЕНОВ

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: