Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті

6 Қараша 2020, 09:41
Сурет: inform.kz

5 қарашада ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

Отырысқа саяси партиялардың, Бас прокуратураның, әділет, ішкі істер, қаржы министрліктерінің, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Отырыста келесі мәселелер қаралды:

1. "Саяси партияларды партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының және мәслихаттар депутаттарының сайлауына қатысуға жіберу туралы";

2. "Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну және олардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеруді ұйымдастыру тәртібі туралы".

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев бекітілген күнтізбелік жоспарларға сәйкес Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну ағымдағы жылдың 10 қарашасынан басталатынын хабарлады. Осыған байланысты саяси партияларды алдағы сайлауға жіберу туралы мәселені ОСК осы сайлау кезеңі басталғанға дейін қарайды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов сөз сөйледі. Ол Парламент Мәжілісінің депутаттығына және партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі екенін хабарлады.

Әділет министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Республикасында алты саяси партия тіркелген және барлығы жұмыс жасауда. Бүгінгі күні барлық саяси партиялар заңнамалық тәртіппен әрекет етеді, уәкілетті органдарда саяси партияларды қайта ұйымдастыру немесе тарату бойынша құқықтық негіздер жоқ.

Осылайша, Ортсайлауком отырысында "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясына, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясына, "Бірлік" саяси партиясына, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға, Қазақстанның Коммунистік халық партиясына және "Nur Otan" партиясына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысуға рұқсат беру туралы 6 Қаулы қабылданды.

Саяси партияларды мәслихат депутаттарын сайлауға жіберуге қатысты 14 облыста "Ақ жол", "Ауыл", ЖСДП, "ҚКХП" және "Nur Otan" партияларының Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында филиалдары тіркеліп, жұмыс істейтіндіктен, Ортсайлаукомның қаулыларымен аталған саяси партиялар барлық өңірлердегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға жіберілді. Осыған байланысты Ортсайлаукомның қаулыларымен аталған саяси партиялар барлық өңірлердегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға жіберілді.

"Бірлік" партиясының филиалдары 13 облыста, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіркелген және жұмыс жасауда. Ал Шымкент қаласында және Түркістан облысында филиалдары болмағандықтан, "Бірлік" партиясы осы өңірлердегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатыса алмайды.

Осыған байланысты "Бірлік" саяси партиясына Шымкент қаласы мен Түркістан облысының мәслихаттарын қоспағанда, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулы қабылданды.

Берік Имашев атап өткендей, егер "Бірлік" партиясы ұсыну кезеңінде аталған екі өңірде филиалдарын ашып, тіркесе, онда партияны Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға жіберуге болады.

Отырыстың екінші мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров сөз сөйледі.

К.Петров өз баяндамасында кезекті сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын ұсыну 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 30 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 18-де аяқталатынын хабарлады. Мәслихаттар депутаттарын ұсыну 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 4 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18-де аяқталады. Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы – яғни съезд мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі.

Тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністі мәслихат депутаты етіп сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы – яғни конференция мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі.

Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшесі болып табылмайтын адамдарды енгізуге құқығы жоқ.

Сондай-ақ, жаңа нормаға сәйкес саяси партия Парламент Мәжілісінің, мәслихаттың депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіту кезінде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде отыз пайыз мөлшері әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдарды қамтуы тиіс.

Ағымдағы жылғы 21 қазанда Ортсайлауком қаулысымен партиялық тізім нысаны белгіленді. Тізім нысаны электрондық және қағаз түрінде ұсынылады.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі Орталық сайлау комиссиясына ұсынылады.

Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың Конституцияда және конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады. Осыған байланысты көрсетілген құжаттар келіп түскеннен кейін дереу уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберіледі:

1) Ішкі істер министрлігіне – Қазақстанда Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың соңғы он жыл ішінде азаматтық белгілеуі және тұруы бөлігінде;

2) Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың бас бостандығынан айыру орнында болуын; заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген және алынбаған соттылығының болуын; соттың заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін мойындауын; сотпен қабілетсіз деп тану бөлігінде жүзеге асырылады.

3) Әділет министрлігіне заңнамада белгіленген тәртіппен саяси партияның тіркелгенін растау бөлігінде сұрау салу жіберіледі.

Бір саяси партиядан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың оған енгізілген адамдар саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санынан отыз пайызға аспайтын бір ғана тізімін тіркеуге жол беріледі.

Партиялық тізімдерді тіркеу 2020 жылғы 10 қарашада басталып, 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады.

Мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі тиісті аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылады.

Тиісті аумақтық сайлау комиссиясы (облыстық, қалалық, аудандық Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары) партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың Конституция мен Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.

Осыған байланысты көзделген құжаттар келіп түскеннен кейін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салу жібереді:

1) Ішкі істер министрлігінің аумақтық органдарына – азаматтығын растау бөлігінде;

2) Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аумақтық органдарына: партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың бас бостандығынан айыру орнында болуын; заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған және алынбаған соттылығының болуын; соттың заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық, қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін мойындауын; сотпен қабілетсіз деп тану бөлігінде ұсынады.

3) заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органда саяси партияның тіркелгенін растау, саяси партия филиалының (өкілдігінің) тиісті мәслихаттар депутаттарының сайлауында партиялық тізімдерді ұсыну өкілеттігін белгілеу бөлігінде Әділет министрлігінің аумақтық органдарына беріледі.

Мәслихаттарға партиялық тізімдерді тіркеу 2020 жылғы 10 қарашада басталады және 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18-де аяқталады.

Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тіркеуге дейін тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кіріс органдарына ұсыну мерзімі басталатын айдың бірінші күніне - яғни 2020 жылғы 1 қарашаға кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсырады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселені қорытындылай келе, Ортсайлауком Төрағасы Берік Имашев саяси партиялар саяси бәсекелестіктің негізгі субъектілері бола отырып, өңірлік деңгейде де депутаттық мандаттар үшін күреске сеніммен кірісу үшін жеткілікті тәжірибе жинақтағанын атап өтті. Бүгін оларға рұқсат берілді, енді оларды ұсыну кезеңі күтіп тұр. Ол партиялық тізімдерді ұсыну заңнамаға сәйкес жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

Сайлау процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Орталық сайлау комиссиясы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен "Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ұсынымдар" әзірленді.

ОСК төрағасы Берік Имашев саяси партиялар өкілдерінің назарын депутаттыққа кандидаттар ұсыну жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде осы ұсынымдарды мүлтіксіз сақтау қажеттігіне аударды.

Отырыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өтті, онда Ортсайлауком мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?