Жомарт Ертаевтан тәркіленген мүліктердің тізімі: ұшақ, коттедждер, акциялар...
Экс-банкир Жомарт Ертаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Жасалған қылмыстары үшін сот одан және оның сыбайласы Бақыт Ибрагимнен жәбірленушілердің пайдасына 59 миллиардтан астам теңге өндіріп берді, деп хабарлайды zakon.kz.
Сот Ертаевты банк басқармасы төрағасының кеңесшісі бола тұра, қасақана заңсыз және қайтарымсыз несиелер беру арқылы банк ақшасын ұрлауды жоспарлап, ұйымдастырған деп таныды. Алдында сегіз жылға сотталған оның танысы Бақыт Ибрагим қайтарымсыз несие беру үшін компаниялар мен адамдарды арнайы қарастырып, таңдаған.
Ертаев басқа сотталушылардың көмегімен Ресейдегі 9 телекоммуникациялық компанияны, бір банкті, пәтерді, сондай-ақ Мәскеудегі көлік құралдарын сатып алу бойынша келісімшартқа отыру арқылы ұрланған ақшаны заңдастырғаны да айтылады. Ұрланған жалпы сомадан Жомарт Ертаев пен Бақыт Ибрагимнен Алматы соты жәбірленушілердің пайдасына 59 миллиардтан астам теңгені өндіріп алды.
Өтеу сомасына мыналар енеді:
- 510 млн теңге сомасындағы ақша мен акциялар;
- 530 млн теңгенің әртүрлі мүлкі;
- 13 миллиард теңгеден астам сомадағы "Alma Telekomunikasiya Қазақстан" АҚ акциялары;
- құны 3,4 миллиард теңгеден асатын ұшақ;
- Мәскеудегі пәтер;
- "Mercedes Maybach", "Range Rover" және басқа да бизнес-класс автомобильдер;
- курорттық аймақтағы екі коттедж, әрқайсысының ауданы 180 ш.м;
- ауданы 2 458 шаршы метр болатын үш қабатты әкімшілік ғимарат;
- ауданы 693,3 ш.м. болатын өндірістік база және 0,69 га жер учаскесі, сондай-ақ жалпы сомасы 10 млрд теңгеден асатын бірқатар жер учаскелері.
Сондай-ақ сот басқа айыпталушылардан жалпы сомасы 4,5 миллиард теңгеден асатын зиянды өтеу туралы меморандумдарға қол қойғандығын ескере отырып, зиянды өндіріп алу туралы талаптарды қанағаттандырды.
Жәбірленушілерге 1 158 853 746 теңге ақшалай қайтарылды, автокөліктер, пәтерлер мен үйлер түріндегі мүлік, жалпы сомасы 2 миллиард теңге, "Мерседес", "Лексус", "Ауди" маркалы бизнес-класс машиналары және басқалары, автотұрақтар , элиталық тұрғын үй кешендеріндегі, оның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларындағы пәтерлер, алтын монеталар, 600 000 АҚШ доллары көлеміндегі фирмалық сағаттар, 2,3 млн АҚШ долларынан астам шоттардағы ақшалар тәркіленді.
Өтелген зиянның жалпы сомасы шамамен 54,3 миллиард теңгені құрайды.
Бұған дейін Ертаевтың Bank RBK-ге тиесілі 144 миллиард теңгені жымқыру ісі бойынша айыпталғаны хабарланған болатын. Ол кінәлі деп танылып, 11 жылға орташа режимдегі колонияға сотталды.
Одан басқа дәл осы іске қатысты тағы 36 адам тергеуге алынды. 23 адам 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге сотталды, сегіз сотталушыға бас бостандығын шектеуге байланысты үкімдер шығарылды. Төрт адам қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің аяқталуына байланысты босатылды, бір сотталушы қайтыс болды. 17 сотталушының 2016 жылғы рақымшылыққа байланысты жазасы жеңілдетілді.