Мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуы мен дамуының тарихи кезеңдері

27 Қараша 2020, 08:54
Сурет: МҚІА Ақмола облысы департаменті

Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бастап дамудың маңызды кезеңдерінен өтті. Әрбір кезең – өз басымдықтары мен ерекшеліктеріне толы кезең болды десек те, еш қателеспейміз. Жиырма тоғыз жылдық тарихқа үңіліп қарасақ, өте ауқымды істің атқарылғанына көз жеткізуге болады. Сол себепті, мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуын кезең-кезеңге бөліп қарастырған жөн.

Бірінші кезең 1992 – 1997 жылдарды қамтыды. 1992 жылы "Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы" қабылданып, бұл құжат нарықтық қатынастар жүйесіне көшу жағдайында мемлекеттілікті қалыптастырудың негізгі мақсаттары мен міндеттерін айқындады.

Осы кезеңде жүргізілген институционалдық реформалар аясында ел алдындағы мақсат-міндеттерді сауатты жүзеге асыра алатын мемлекеттік аппараттың қалыптасуына ерекше көңіл бөлінді. Осыған орай, мемлекеттік кадр саясатының негізгі бағыты мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін, біліктілігін және әлеуметтік деңгейін арттыру болды.

1995 жылы Президенттің "Мемлекеттік қызмет туралы" заң күшіне ие Жарлығы бекітіліп, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру және оны жалпы еңбек құқығы саласынан бөлу қамтамасыз етілді. Мемлекеттік қызметшілерді кәсіби тұрғыда даярлау үшін білім беру инфрақұрылымы құрылды.

Қызметкерлерді адал еңбекке ынталандыру мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін қамтамасыз етудің негізіне айналды. Жұмыста ең үздік нәтижелерге қол жеткізген және өзінің кәсіби деңгейін үнемі арттырып отыратын қызметшілерді қызмет бабында жоғарылатудың басым құқығы заңнамалық деңгейде бекітілді. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары күшейтілді.

Мемлекеттік қызметтің беделін өсіру үшін мемлекеттік қызметшілерге жоғары талаптар қою қажеттілігі туындады. Осыған байланысты 1997 жылы Қызметтік әдеп қағидалары бекітілді. Қызметшіге азаматтардың өтініштерін қарау кезінде қағазбастылық пен сөзбұйдаға салу көріністеріне жол бермеу міндеті жүктелді. Президент жанынан Жоғары тәртіптік кеңес, ал облыс әкімдері жанынан Тәртіптік кеңестер құрылды. Осы кезеңде қабылданған шаралар мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіру үшін қажетті институционалдық негіз құрды.

Мемлекеттік қызмет жүйесі дамуының екінші кезеңі 1997 – 2012 жылдарды қамтиды. Бұл жылдары мемлекеттік аппаратты қалыптастыру тәсілдері одан әрі жетілдірілді. 1997 жылы Президент ұзақ мерзімді "Қазақстан – 2030" Стратегиясы бағдарламасын жариялады. Бағдарламаның негізгі басымдықтарының бірі - іске адал әрі қабілетті мемлекеттік қызметшілердің тиімді және қазіргі заманға сай корпусын құру болды.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай саясатты іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында 1998 жылы Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін уәкілетті орган ретінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. Оған мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру, оларды оқытуды қамтамасыз ету және осы саладағы заңнаманың сақталуын бақылау жүктелді. Ал 1999 жылы мемлекеттік қызметтің әрі қарай дамуын айқындаған "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңы қабылданды.

Осы кезеңде мемлекеттік қызметшілер заң жүзінде саяси және әкімшілік болып бөлінді. Іріктеу жүйесі меритократия қағидаттарына негізделе отырып, өзгертілді. Алғаш рет мемлекеттік қызметке түсудің тестілеу мен әңгімелесуді қамтитын конкурстық негізі енгізілді. Сонымен қатар, біліктілік талаптары мемлекеттік қызметке түсуге қойылатын талаптарды, қойылған міндеттерді тиімді орындау үшін қажетті білім деңгейін, жұмыс өтілі мен білімін қамтыды.

Мемлекеттік қызметшілерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру жүйесі жетілдірілді. Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды. Қызметшілерді шет елдерде даярлау мүмкіндігі қамтамасыз етілді.

Халыққа көрсетілетін қызметтер тізілімі 3 есе ұлғайды, оларды толық стандарттау қамтамасыз етілді, қызмет көрсету мерзімдерін бұзу саны бірнеше есеге азайды, қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына және электронды форматқа ауыстыру жеделдетілді.

Әдеп бұзу фактілерін азайту және мүдделер қақтығысын болдырмау бойынша жүйелі шаралар қабылданды. 2005 жылы Мемлекеттік қызметшiлердiң ар-намыс кодексі бекітіліп, олардың жүріс-тұрысына қойылатын талаптар кеңейтілді. Осы сәттен бастап қызметшілер жоғары талаптарды сақтап қана қоймай, басқа қызметкерлер тарапынан әдеп бұзудың алдын алуы тиіс еді. Жемқорлыққа қарсы мінез-құлық стандарттары, киім стиліне қойылатын талаптар бекітілді, қызметкерлердің діни және қоғамдық бірлестіктерге қатысу мәселелері реттелді. Мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында заң жүзінде мемлекеттік қызметші өзінің жақын туыстары атқаратын лауазымға тікелей бағынысты лауазымды атқара алмайтын болды. Жемқорлық жасаған адамды қызметке қабылдау оны тағайындаған лауазымды тұлғаны қызметтен шығаруға негіз болды.

Дамудың үшінші кезеңі 2012 жылдан бастап осы күнге дейінгі уақытты қамтыды. 2012 жылы Тұңғыш Президент "Қазақстан – 2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты халыққа Жолдауында халыққа қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндетін қойды. Стратегияның мақсаттарына қол жеткізу үшін "100 нақты қадам" Ұлт жоспары қабылданды. Оның бірінші бағыты кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды көздеді.

2013 жылы мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру және оларға ерекше мәртебе беру үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым мемлекеттік қызметші күні болып жарияланып, "Үздік мемлекеттік қызметші" төсбелгісі енгізілді.

Осы жылы "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік көрсетілетін қызметтері туралы" Заңы қабылданып, ол қызметтер көрсету жүйесін нығайтуға, мемлекеттік қызмет стандарттары мен регламенттері арқылы бірыңғай талаптарды қалыптастыруға, осы салада оң шешімдер қабылдау процесіне азаматтық қоғамды жұмылдыру деңгейін арттыруға, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталды.

2015 жылдың соңында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңы қабылданды. Заңға сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесі аралас "позициялық-мансаптық" модельден "мансаптық" модельге көшті. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталды. Ішкі және жалпы конкурстар институты енгізілді.

Мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерінің ашықтығы заңнамалық негізде қамтамасыз етілді. Мысалы, байқаушылар мен сарапшылар институты енгізілді. Кандидаттармен әңгімелесу бейнебайланыс құралдары арқылы өткізіле бастады. Жалпы конкурсқа ұсынылатын құжаттар саны қысқарды. Сынақ мерзімі енгізілді. Қызметшілерді үздіксіз оқытуды қамтамасыз ету үшін олардың біліктілігін кемінде үш жылда бір рет арттыру міндеті бекітілді. Кадр қызметін автоматтандыру үшін "Е-қызмет" персоналды басқару жүйесі құрылды.

Әдеп сақтау ережелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет бабында ғана емес, қызметтен тыс уақытта да жүріс-тұрыс стандарттары белгіленді. Алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, орталық және облыстық деңгейлерде жаңа Әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізілді.

2016 жылы Тәртіптік кеңестер Әдеп жөніндегі кеңестерге өзгертілді. Енді олардың басты міндеті тәртіптік істерді қарау емес, жемқорлық тәуекелдерін талдау, қызмет көрсету сапасын бақылау, жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

Заңмен мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар ұғымы енгізілді. Бұл қылықтарға жол берген тұлғалар енді жұмыстан шығарылу және мемлекеттік қызметке қайта түсу мүмкіндігінен айырылу түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

2019 жылғы 26 қарашада "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін көздейтін бірқатар өзгерістер енгізілді. Бағынышты қызметкерлер жасаған жемқорлық фактілерінің алдын алу бойынша өз өкілеттіктерін тиісінше орындамағаны үшін басшылардың жауапкершілігі енгізілді. Саяси мемлекеттік қызметшілер қол астындағы қызметкерлері жемқорлық жасаған жағдайда отставкаға өтініш береді. Жемқорлықтың алдын алу, қызметшілердің кәсіби және басқарушылық тәжірибесін ұтымды пайдалану мақсатында саяси қызметшілерді ротациялау енгізілді.

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыру мақсатында ауысу тәртібімен, сондай-ақ конкурстардың қорытындылары бойынша мемлекеттік қызметшінің әдеп бұзғаны үшін шешілмеген тәртіптік жазасы болған жағдайда лауазымға орналасуына шектеу қойылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі – Президенттік жастар кадр резервін жасақтау. Бұл резерв мемлекеттік қызмет саласын жаңартуға, озық ойлы жас көшбасшыларды жұмылдыруға және жастарды ынталандыруға мүмкіндік берді. Осы тапсырманы орындау аясында 2019 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ауқымды жұмыс атқарды. Сараптамалық комиссия ұсынған кандидаттар қаралып, 300 қазақстандық жас іріктеліп алынды. Бүгінгі таңда олардың көпшілігі еліміздің түрлі салаларындағы жауапты қызметтерге тағайындалуда. Президенттің тапсырмасына сәйкес резервке іріктеу 2021 жылы тағы ұйымдастырылатын болады.

Осы жылы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жетілдіруге, оның ішінде кадр мәселелерін шешуде мемлекеттік органдардың ұтқырлығын арттыруға, сондай-ақ тәжірибеде туындайтын құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған бірқатар шаралар қабылданды. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес "Дипломмен ауылға" бағдарламасы мемлекеттік қызметшілер үшін қолжетімді болып, бұл ауылдық деңгейде кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік берері сөзсіз.

Барлық мемлекеттік органдардың қызметшілері арасындағы ішкі конкурс жалпы конкурспен біріктірілді. Бұл жаңашылдық конкурстық рәсімдер уақытын қысқартуға және бос орындарды толтыру жеделдігін арттыруға мүмкіндік берді.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты қабылданған заң тармақтарының бірі сыйлықтар алуға тыйым салу мәселесі болып табылады.

Бұдан басқа, Заңда мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген өзге де адамдардың жақын туыстарымен бірлесіп жұмыс істеуіне жол бермеу туралы нормалар күшейтілді. Мемлекеттік қызметшілер жақын туыстары атқаратын лауазымдарға тікелей бағынысты лауазымдарды атқара алмайды және оларға басшылық ете алмайды.

Осы кезеңде қабылданған шаралар мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін күшейтіп, мемлекеттік қызмет жүйесін кәсібилендіруге ықпал етті. Мемлекеттік қызмет жүйесі қай кезеңде болмасын, заман талаптарын ескере отырып, үнемі жетілдіріліп отырғанын көріп отырмыз. Қысқа мерзім ішінде Қазақстан озық халықаралық стандарттарға жауап беретін және ұлтты әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіргізуге қабілеті бар заманауи кәсіби мемлекеттік аппаратты құрды.

Берген БЕСПАЛИНОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?