ШҚО коронавирус бойынша "қызыл" аймақ қатарынан босап шықты

2 Желтоқсан 2020, 12:30
Сурет: inform.kz

Шығыс Қазақстан облысы коронавирус ауруының өсімі бойынша "қызыл" аймақтан шықты. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.

"Құрметті жерлестер! Ортақ күш-жігеріміздің және ШҚО тұрғындарының жоғары жауапкершілігінің арқасында біз COVID-19 инфекциясының таралу деңгейін төмендете алдық" деп жазды ол Facebook-те.

Бүгінде аймақта коронавирустың көбею коэффициенті бәсеңдеді. Қарашаның басымен салыстырғанда репродуктивті R саны 1,85-тен 0,84-ке дейін, ал төсек қорының қамтылу пайызы 31,1-ден 14,5-ке дейін төмендеді. Вирус жұқтырғандар саны 7 қарашада 353 адам болса, кеше 73 құрады.

"Ең бастысы, облысымызда коронавирусты Оқшаулау орталығы арқылы вирустың жұқтыру тізбегін бақылау және тосқауыл қою жүйесі құрылды. 1 қарашадан бастап 584 медэпид топтар инфекцияның 3,5 мың ошағында байланыста болған 21 618 адаммен жұмыс жүргізді. Сондай-ақ, COVID-19 уақтылы анықтап, емдеу үшін қолданыстағы 13 ПТР-зертханасына жергілікті бюджет есебінен қосымша 6 қостық. Алдағы күндері тағы біреуі ашылады. Пандемия басталғаннан бері ШҚО-да 355 мың тест өткізілді, оның ішінде тек қарашада 101 095 мың зерттеу жүргізілді. Бұл ел бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Мониторингтік топтар да тиімді жұмыс атқарды", деп жазды облыс әкімі.

1 қарашадан бастап 166 топпен 1906 рейд жүргізілді, 4426 нысан тексерілді, оның 1055-інде бұзушылықтар анықталды, 48 млн.теңгеге 735 айыппұл салынды. Дәрігерлеріміз тұрақты негізде COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу схемасын өзектендіру жұмысын жүргізуде.

"12 қарашадан бастап науқастардың келісімімен облыстың ауруханаларында "Фавипиравир" препараты қолданылуда. Нәтижесі жақсы, сырқаттан сауыққан азаматтар саны артты. Сонымен қатар, донорлардың көмегімен жиналған 3200 иммундық плазма да белсенді түрде қолданылып жатыр. Осы және басқа да шаралардың арқасында біз коронавирустың «сары аймағына» кірдік. Бұл қолданыстағы шектеулерге бірқатар жеңілдіктер енгізуге мүмкіндік береді. Алайда індеттен әзірге вакцина жоқ, сондықтан КВИ-ден ең сенімді қорғаныс – сақтық шаралары мен әлеуметтік қашықтық болып қала бермек. Біздің қазіргі басты міндетіміз - сырқаттың өсуіне жол бермеу, емдеу мекемелерінің тиімділігін арттыру және халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету. Өзіңіз бен жақыныңызға қорған болыңыз!", делінген әкім жазбасында.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?