Бала еңбегі: Түркістан облысында зауыттағы станок оқушының қолын жұлып әкетті

4 Желтоқсан 2020, 10:29
Сурет: видеодан алынды

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы кірпіш зауытында 14 жастағы жеткіншектің кесек үгітетін станоктың арасында қолы қыстырылып, білегінен төмен түгел жұлып әкеткен. Бұл фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

9-сыныптағы тұңғышы қолынан айырылғалы төсек тартып жатыр. Жеткіншектің айтуынша, қазан айының басында достары келіп, көрші Бадам ауылындағы кірпіш зауытына жұмыс істеуге шақырыпты. "Сөйтіп күніне 3-4 мың табамыз" - деп жүргенде оқыс жағдайға тап болған.

Ерасыл Жұмабек:

- Кетіп бара жатқаным сол еді, кірді де, қолымды айналдырып жатыр, айналдырып жатыр. Сол кезде мына жағымды үзіп тастайды деп ойладым. Тартып қалып едім, саусақтарым бәрі жоқ боп кетті. Ішіндегі еті ағып кеткен.

Жалданып жұмысқа кеткенін Ерасыл әке-шешесіне айтпаған. Сенбі, жексенбі күні таңертең "достарыма кеттім" деп, Гүлмира есімді ауылдағы зауыт пен оқушылар арасындағы делдал әйелге барған. Жалпы, Шұбарсу ауылы оқушыларының өндіріс орындарында жалдануы қалыпты жағдай көрінеді.

Әділет Төребеков, 8 сынып оқушысы:

- Тек бір аспаз ғана бар. Қалғанының бәрі оқушы. Бадамның да осы Шұбарсудан да көп оқушы.

- Шамамен саны қанша?

- Өте көп.

- Қанша ақша төлейміз дейді?

- Төрт мың.

- Күніне?

- Иә.

- Қанша сағат жұмыс істейсіңдер?

- Тоғыз сағат.

Кірпіш зауытындағы қарауыл ақсақал жұмысшы ретінде ересектен өзге балалардың да болатынын жасырмады. Негізінен күн жылыда жұмыс істейтін кірпіш зауыты қазір тоқтап тұр. Маусымы емес. Әйтпесе мұнда жұмыс күші ретінде алыс-жақын ауылдардан оқушылар тартылады екен. Солардың бірі Ерасыл оқыс оқиға болатын күні жұмыс істеп тұрған. Топырақ тастап тұрған жеткіншек байқаусызда қара лентаның үстіне құлайды. Сөйтіп оның қолы топырақты үгітіп жатқан станок арасында қалып кеткен.

"Сервисцентр-2007" зауытының басшылығы Ерасылдың анасына хабарласып: "500 мың теңге ал да, арызды доғар", деген екен. "Әйтпесе полиция мен сотты да сатып алам" деп доқ көрсетіпті. Ал екі ай бұрын жазылған арыздан нәтиже шығара алмаған жеткіншектің ата-анасы енді күмәнданып отыр.

Тұрсынай Әбутәліпова, Ерасылдың анасы:

- Мен еңбек инспекторына қапа болам. Маған хабарласып: "Балаңызды айлыққа істеді деп жазайық", - дейді. 14 жасар бала қалай істейді бұл айлыққа? Сөйтіп айтты. Нұрлан деген, фамилиясын білмеймін. Бірақ маған баланы айлыққа істейді деп айтсаңызшы, зейнетке жақсы шығады, көп сомада шығады деді.

Бірақ еңбек инспециясы Ерасылдың анасының сөзі "жала" деп отыр. Зауыт басшылығына екі рет ескерту беріп, тіпті 180 мың теңге айыппұл салған көрінеді. Полицейлер де қылмыстық іс қозғадық дейді. Ал мүгедек боп қалған ұлдың отбасы кінәлі тарап: "Ең болмаса сапалы протез қойып, ем-домына қаржы берсе екен" деп тілейді.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?