Атырауда "нәрестені тоңазытқышқа салып өлтірді" деген дәрігерлерге 18-20 жыл сұралды

7 Желтоқсан 2020, 16:46
Сурет: Sanya Toiken (RFE/RL)

3-4 желтоқсанда Атырау облыстық мамандандырылған қылмыстық сотында былтыр қыркүйекте "жаңа туған сәбиді мұздатқышқа салып өлтірді" деп айыпталған бес дәрігердің ісі бойынша жарыссөз өтті.

Жарыссөз кезінде айыпталушылар – Атырау облыстық перзентханасының бұрынғы директоры Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан, акушер Жәмила Күлбатырова, неонатолог-дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабева өздеріне тағылған айыпты мойындамады, деп жазады centralasian.org.

Қуаныш Нысанбаев және акушер-гинеколог Асқар Қайыржан, акушер Жәмила Күлбатырова "кәмелетке толмаған адамды көпе-көрнеу және топ болып алдын ала сөз байласып өлтірді" деп айыпталған. Нысанбаевқа "пара алды" деген де айып тағылған. Ал неонатолог-дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабева "қылмысты біле тұра хабарламады" деген күдікке ілінген.

Іске қатысып отырған прокурор Нұржан Жангереев 3 желтоқсанда өткен сот процесінде Нысанбаевты 20 жылға қатаң режимдегі түрмеге, ал Күлбатырова мен Қайыржанды 17 жылға жалпы режимдегі түрмеге қамауды; Нұрмұханбетов пен Жұмабеваның бас бостандығын үш жылға шектеуді сұрады.

4 желтоқсандағы жарыссөз кезінде акушер Күлбатырова шақалақтың өлі туғанын екі педиатр мен акушер-гинеколог растағанын, содан соң матаға орап мұздатқышқа қойғанын айтып, айыпты жоққа шығарды.

Ал Нысанбаев сот отырысында өзіне қатысты жарты жылдан астам тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын, пара алды деген айыпты мойындамайтынын айтты.

- Маған Жемқорлықпен күрес агенттігінің қызметкері "президент Тоқаевтың тапсырмасын орындап жатырмын" деді. Мен президент мырзаны куәлікке шақырғым келген, сот "президентті шақыртуға болмайды" деп шақыртпады. Маған "мойында" дейді. Нені мойындаймын? Егер менің пара алмақ болғаным рас болса неге бірден сол кезде кісендеп алып кетпеді. Осы істің президенттің, бас прокурордың назарына ілігіп, қайта қаралуын талап етемін, - деді ол.

Нысанбаев сарапшылар "шақалақтың табиғи түсікпен мерзімінен бұрын туып шетінегенін көрсеткенімен, істе дәлел ретінде ескерілмегенін" алға тартты. Ол түсік тастаған әйелдің қазір аяғы ауыр екенін айтып, "егер дәрігер кесірінен әйелдің денсаулығына нұқсан келсе, ол екіқабат болмас еді" деген уәжін де келтірді.

Сот үкімі келесі аптада шығуы тиіс.

Бұл қылмыстық сот биыл 23 мамырдан бері жалғасып келеді. Атырау облыстық перзентханасының бұрынғы директоры Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан, акушер Жәмила Күлбатирова қамауда отыр. Ал екі неонатолог-дәрігер "ешқайда шықпау туралы" қолхатпен жіберілген.

2019 жылы қыркүйекте Атырау облыстық перзентханасының дәрігерлері "жаңа туған сәбиді қасақана өлтірді" деген күдікке ілінген.

Тергеу "дәрігерлер өмірге келген нәрестені өлдіге санап, құжат толтырып жіберген. Бірақ кейін нәрестенің тірі екені анықталған. Ал дәрігерлер базаға енген құжатты өзгертпеу үшін нәрестені тоңазытқышқа салған. Нәрестені тоңазытқышта қалдыру туралы бұйрықты Атырау облыстық перзентханасының директоры берген" деп мәлімдеген.

Президент әкімшілігі құзырлы органдарға істі жіті тексеруді тапсырған. Осы шудан соң Атырау облысы денсаулық басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қызметінен кеткен. Кейін оның үстінен "Салғырттық" бабымен қылмыстық іс қозғалып, оған бес миллион теңге айыппұл салынды және медициналық мекемелерде үш жыл басшылық қызмет атқаруға тыйым салынған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, бұл жайт перзентхана директорына қатысты басқа істі тексеру кезінде белгілі болған. Бұл іс бойынша перзентхана директоры "шетінеген тағы бір нәрестеге жасалған сараптаманы өз пайдасына шешу үшін Атырау облыстық сот-медицина институтының басшысына 300 мың теңге (шамамен 800 доллар) пара берген" деп айыпталған.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?