Уағыздарды тыңдай бердім – салафит болып кеткен тергеуші

14 Желтоқсан 2020, 16:20
Сурет: видеодан кадр

Жау жоқ деме жар астында, қауіп жоқ деме қыр астында. Біздің қоғамға, елдікке, керек десеңіз тәуелсіздікке төнетін қатер бар. Псевдо салафизм немесе уахаббилік ағым. Осы орайда бір айға жуық уақыттан соң Жусан операциясының басталғанына тұп-тура бір жыл толатынын атап өткен жөн. Аталған гуманитарлық шара төрт мәрте жүзеге асып, нәтижесінде Сирия аумағындағы қақтығыс ошақтарынан 500 дей отандасымыз елге жеткізілген еді.

Күні бүгінге дейін сол бәлелерді құтқарып не керек, елге әкелген соң қауіп төндіреді, сол жақта қырылып қалғаны жақсы еді ғой деп уәж айтушылар әлі деп көп. Алайда Шам жерінде қалған отандастарымыздың дені 4 тен 12 жасқа дейінгі балалар еді. Ертең әне міне он жылда алды жиырмадан асады. Ес білгелі исі адамзат баласын кәпір деп жек көріп өскен олар ертең туған жері Қазақстанды нысанаға алмағанда кімді алады? Әсілінде қауіп-қатер сол Сириядағы ДАИШ та ғана емес, уахаббилік идеясымен уланған әрбір адамда. Оның жағрапиясы болмайды. Кешегі Ақтөбе, Тараз, Алматы мен Атырауда ылаң салғандар сол әрекеттерін қайталамасына кім кепіл? Қайталады да, бірақ терактінің жолы кесіліп, қылмыскер жазаға тартылды.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Теріс діни ағымға түсу үшін білімсіздік, я тағдырдан теперіш көрген бейбақ болудың қажеті шамалы. Мына азаматтың оқиғасы сөзімізге дәлел.

Сәкен Әлменов, жазасын өтеуші:

Кезінде органда істегем. Тергеуші болып. Кейін уже көзқарастарым өзгеріп кетті кәдімгідей. Вообще жек көріп кеттім осы органда істейтіндерді.

Айтпақшы бұрындары уахаббилікке нақты адамдардың ықпалымен ұрынса, қазір оның да қажеті шамалы. Ғаламтор келгелі зұлымдықтың таралу өрісі кеңейген. Бірақ сиптомдар сол баяғы.

Сәкен Әлменов, жазасын өтеуші:

Агрессивность кетіп қалды да менде. Слишком. Сондай уағыздарды тыңдай бердім. В основном шейх Абдуллах Костекскийді тыңдай бердім. Сонымен қатты кетіп қалдым. Осы жолға түсіп агрресивность пайда болады екен. Ол байқамай қаласың. Бірте-бірте пайда болады.

Әлқисса, бұл жігіт не бүлдірді? Сәл артқа шегініс жасасақ. 2018 жылы қыс көктем айларында Ақтөбе облысында хиджап төңірегінде шу шықты. Мектепке қыздарымызды орамалсыз, кебінсіз кіргізбей жатыр деп сақалдылардың шулағанын көз көрді. Осының өзінен ақ қоғамның біртұтастығына қауіп барын көзіқарақты адам бағамдайды.

Жандәулет Отарбайұлы, Нұр-Сұлтан қалалық дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог:

Тағуд деп айыптайтын жүйелері бар олардың. Яғни бұл мемлекет ислами құндылықтарға құрылмаған. Бұл мемлекет зайырлық сипаттарға мән береді, сол себептен бұл жердегі заңдылықтардың барлығы тағуд яғни шайтани жүйе деп баға бергізеді бұл радикалдық топтар.

Оқу орындарында хиджапқа тиым салынса, оған білім министрлігі кінәлі деп шешкен Сәкен Әлменов, білім министрліне келіп ылаң салмақ болған жерінен қолға түсті. Арнайы қызметтер дер кезінде әрекет етіп, терактінің алды алынды. Айтпақшы оған бүйтесің-сүйтесің деп бүге-шүгесіне дейін ешкім жөн сілтемеген. Кезіндегі полицияда қалыптасқан дағдылары жеткілікті. Тек сана бүлінсе қауіптісі сол.

Жандәулет Отарбайұлы, Нұр-Сұлтан қалалық дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог:

Интернетте отырған Кастекский деген шетелде отырған уағызшы насихатшылар бар. Яғни осы адамдарды бір эмоцияға келтіру арқылы сондай бір әрекеттерге баруға итермелеп. Яғни ашық айтпаса да сен осылай жаса осындай адамға деп бағыттамаса да бірақ идеологиялық тұрғыда адам сондай шешімге келеді.

Абырой болғанда ахидің ойлағаны іске аспады. Қауіпсіздік комитетінің мамандары дер шағында лаңкестік әрекеттің жолын кескен. Қазір Сәкен Әлменов түрмеде жазасын өтеп жатыр. Оны райынан қайтару үшін оңалту жұмыстары жүргізілді. Алғашқыда былай депті.

Жандәулет Отарбайұлы, Нұр-Сұлтан қалалық дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог:

Адам шошырлық сауалдар қояды. Адам өлтірген кезде қаншалықты сауап аламыз. Тозаққа кімдер түседі? Менің осы жасаған әрекеттерімде жұмаққа жетелейтін бір повод дейді ғой, мүмкіншілік бар ма деген секілді былай айтқанда толық радикалданған сұрақтар қойыла бастады.

5-6 кездесуден соң ахи жігіттің ақылы кіріп, райынан қайтып сабасына түскен. Кезінде намаз оқымайтындардың барлығын Жәһил, яғни көрсоқыр надан деп айыптаған ол енді сөзін қайтып алды.

Сәкен Әлменов, жазасын өтеуші:

Сақал шығардық. Қысқа балақ қылдырдық. Бірақ іште намаз оқымайтын адамдарға агрессивность. Ол дін ба? На самом деле жаһил мен боп қалдым. Ол намаз оқымайтын адамдар емес. Мен жаһил на самом деле. Мен білмеймін да, білім жоқ. Жаһил деп надан деген адамды айтады.

Жандәулет Отарбайұлы, Нұр-Сұлтан қалалық дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог:

Кейін ең соңында оңалту жұмысы толық жүргізілгеннен кейін менің ең өкінетін нәрсем әкем мен шешеме жасаған осындай әрекетім деп көзіне жас алып тоқтаусыз жылады.

Сәкен Әлменов, жазасын өтеуші:

Өмір ұзағым жетіп жатса, воляға шығып жатсам, әке-шешемді құшақтап. Алла қаласа, воляға шығып жатсам, өмір жазым жетіп жатса, әке-шешемді құшақтап беттерінен сүйер едім.

Жау жоқ деме жар астында. Зымияндар алыста болғанымен қасыңдағы қаракөз баурыңды арбап, қылмысқа итермелейді. Уахаббистер мұсылман мемлекеттер халифатқа бірігіп, шариғатпен ғана өмір сүруі керек деп пайымдайды. Сирия мен Ирактағы ДАИШ халықаралық ұйымы сол уахаббилер көксеген халифаттың бүгінгі моделі еді. Адамды кәпірге шығарып өлтіру, өртеу, басын кесу, қорқыту, қатыгездікті күштеп таңу. Бұлар туғызған зұлымдықты адамзат баласы бұған дейін көрген жоқ. Және ол кез-келген уақытта қасыңнан табылады.

Жандәулет Отарбайұлы, Нұр-Сұлтан қалалық дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог:

Бұлардың қазіргі кезде түрлі бағытқа бөлініп, бір бағыты кәпірлікпен айыптап жүр, бір бағыты кәпірлікпен айыптау дұрыс емес бұл жерде мемлекеттің позициясын да еске алу керек деген жалған сондай бір жаңағы комуфляция деп айтамыз. Манипуляциялық осындай әрекеттер жасау арқылы мемлекетке заңға жағынумен өзінің мүддесін алдыға қою позициясы бар бұлардың.

2019 жылдың қаңтарында, мамырда және жаз айларында Жусан операциясы ұйымдастырылып, ДАИШ аумағынан 495 отандасымыз шығарылды. Сарапшылар пайымынша оларды мемлекет аяғаннан ғана оттан алып шықты деп ойламауымыз керек екен. Адасқандардың ақылын кіргізіп, райынан қайтару теріс жолда жүрген мыңдаған адамның ойлануына әсер етеді дейді мамандар. Жалпы Жусанның сыртында оңалту жұмыстары нәтижесінде мыңнан аса адамның санасы салафизмнің уытынан арылғаны мәлім. Аңдасақ, идеяны идея ғана жеңеді. Яғни зұлымдықтың жолын мейірімділік қана кесе алады. Оны енді бәріміз білеміз.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?