Қазақстандықтардың табысының жартысы тамаққа кетеді

15 Желтоқсан 2020, 15:34
Сурет: Marina M Ruzmatova | Facebook

Ел тұрғындарының тапқан-таянғаны, ішіп-жегенінен аспайды. Қазақстандықтар табысының 50 пайызға жуығын азық-түлікке жұмсайтыны зерттеу барысында анықталыпты. Бұл көрсеткіш бойынша республикамыз Еуропаның ең алпауыт елдері Ұлыбритания мен Германияның өзінне де асып кеткен, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Сіз бен біз ай соңында алатын жалақымыздың тең жартысын ішіп-жемге жұмсайтынымыз туралы деректі Ресейдің халықаралық ақпарат агенттігі жариялады. Бұл зерттеуде бірқатар мемлекеттердегі азаматтардың азық-түлікке шығыны көрсетілген.

Қазақстандықтар азық-түлікке тапқан табысының 49,4 пайызын жұмсайды. Бұл деректі өзге елдермен салыстырып көрелік. Мысалы, Украина мен Молдова мемлекеттерінің азаматтары еңбекақысының 40 процентін тамаққа арнаса, Еуропаның ең ауқатты елдері саналатын Германия, Финляндия, Аустрия мен Норвегия тұрғындары жалақысының 12 пайызын ғана осы бағытқа бөледі екен. Ұлыбритания мен Нидерландының адамдары тамаққа деп табысының тек 10,6 процентін арнайтыны белгілі болып отыр.

Мақсат Халық, экономист:

Немістің ғалымы Энгельдің ашқан жаңалығы бар. Энгель заңы деп аталады. Сол былай дейді. Неғұрлым халықтың табысы азайған сайын, олардың азық-түлік шығындары артады дейді. Неғұрлым халықтың табысы ұлғайған сайын, олардың демалысқа жұмсайтын шығындары артады дейді. Бұл қатып қалған заңдылық. Біздегі жағдайға қарайтын болсақ, статистикаға қарасақ 50 пайыздың үстінде азық түлікке жұмсалатын шығындар. Шындап қарағанда Қазақстанда табыстың төмендігін айғақтайды. Одан басқа ештеңе емес.

Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова осыған дейін ел арасында сауалнама жүргізген. Ол уақытқа жұрт тапқанымыз азық-түлікке және киім-кешекке жетеді деп жауап қатқан. Пандемия кезеңі бұл пікірдің өзін өзгертіп жіберді деп болжайды маман.

Салтанат Оразбекова, әлеуметтанушы:

Салыстырмалы түрде айтайын. Ресейде 4 процентке ғана өскен тауарлар бағасы. Ал бізде 7 пайызға өскен. Еуропа елдерінде 0,1 деген сияқты өседі. Бұл мемлекет тарапынан белгілі бір бақылаудың жоқтығы деп есептеймін. Қазіргі таңда мен ойлаймын адамдардың көбісі табысымыз тамаққа ғана жетеді дегенге тамамдалып келе жатқан сияқты. Бұған пандемияның да кесірі болуы мүмкін.

Жалақы қолға тигенде, көпшілік базарға ағылып, бір айға жетерін жиып-теріп алатынын білеміз. Ал азық-түлікке неге көп кетеді дегенді тұрғындардың өзінен сұрап көрдік.

"Өмір сүру үшін тамақ ішпей, тамақ ішу үшін өмір сүру жақсы көрсеткіш емес" дейді экономист мамандар. Егер халықтың табысы өз өзін дамытуға, басқа да дүниелерге жетпейтін жағдайда ұзақ уақыт қала беретін болса бұл мемлекеттің дамуына кері әсер етуі мүмкін екен.

Мақсат Халық, экономист:

Азық-түлікке ғана барлық тапқан таянғанын жұмсап отыратын болса халық, онда олар өз денсаулығын күтпей ме? Онда олар өздерін дамытпай ма? Балалар түрлі секцияларға жазып интеллектуалды қабілеттерін арттырмай ма? Сонда бұл болашағымызға түбегейлі кері әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекеттің күн тәртібінде тұрған мәселесі халықтың нақты жалақысын арттыру мәселесі.


Үкіметтің белгілеген атаулы жалақысы бар. Оған сүйенсек, ел тұрғындары ай сайын кемі 200 мыңнан кем алмайды. "Нақты жалақы бұл цифрдан алыс, әрине. Халықтың қамын күн-түн демей ойлайтын айналайын Үкімет соңғысына назар аударса" дейді мамандар. Ал жыл басынан бері азық-түлік тауарларының 9,6 пайызға қымбаттағаныын өткен аптада Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың өзі мойындаған еді. Ал бар кілтипан жағдайды реттей алмай отырған әкім-қараларда көрінеді.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?