Елорда ең лас қала атанды

21 Желтоқсан 2020, 09:37
Сурет: видеодан кадр

Елордамыз Нұр-Сұлтан елдегі ауасы ең лас қалалардың көшін бастағаны белгілі. Арқаның төсінде, желдің өтінде, ауыр өнеркәсіп, метталлургиялық зауыттары жоқ шаһарда терең тыныстауға не кедергі? Әрине жел тұрса қолқаны ататын, Талдыкөлден келетін табиғи иісті қосып отырған жоқпыз. Астана Астана болғалы халық саны 250 мыңнан 1 млн 200 мыңға дейін өсті. Және алдағы уақытта да көбейіп, біразға баратын түрі бар. Оны қалабасы да айтты, әлеуметтік нысандардың тапшылығын да тілге тиек еткені кеше ғана.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бас шаһарда көк аз. Көшедегі талдар мен көгалды былай қойғанда саябақтардың өзі саяқ. Ауаның ластануына қарап Нью-Йорк, Лос Анджелес, Сан Паулу, Шанхай, Токио сынды әлемнің алпауыт қалаларындағы проблема бізде де туындамай ма деген сұрақ бар. Себебі бұндай келеңсіздікке тұрғындар саны мен көліктің көптігі ғана емес, аудандар мен ғимараттардың жоспарлануы да үлкен әсер етеді екен. Ал қаланы жоспарлау, стандарттар мәселесі бізде қандай?

20 жылда Елорданың тұрғын саны 10 есе өсті. Бір сыныпта 40 баладан отыратын мектептер, бүлдіршіндер мыңдап кезекте тұрған балабақшалар, бір дәрігерге 20 адам телміретін мемлекеттік емханалар. Міне, қазіргі Нұр Сұлтанның кейпі осы. Алғашында шахар 600 мың адамға ғана шақталып салыныпты.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

Қала санының халқы көбеюде, едәуір көбеюде. Егер 10 жылдан қарайтын болсақ, екі есеге көбейді. 600 мың тұратын болса 1 миллион 200 мыңға жақындап қалды. Бізге әлеметтік нысандарды көбейту керек. Былтыр 6 мектеп салсақ, биыл 10 мектеп салу керекпіз. Оқушылардың саны осыдан 10 жыл бұрын 74 мың болса, қазір 193 мың. Егер тап осылай динамика жалғасса, алдағы уақытта оқушылар саны 400 мың болады.

Екінші мәселе. Көк жетіспейді. Мына кадрларды Астананың қақ ортасында тұратын жұрттың өздері түсірген. Олар есіктерінің алдындағы бос жатқан жасыл аймаққа үй салдырмаймыз деп жыл бойы құрылыс компаниясымен қырылысып келген.Талай рет наразылық шарасына да жиналды. Алайда гүлзар салып, ағаш егетін жерді жеке меншікке беріп жіберген әкімдік олардың талабына тек премьер-министрдің араласуынан кейін ғана құлақ асты. Құрылыс уақытша тоқтады.

Бақытбол Берімбай, қоғам белсендісі:

Бір шаршы метр болса да олар құрылыс салады. Машина қоятын орын жоқ, балалар ойнайтын алаң жоқ. Қала халқы сондай қиын зардап шегіп жатыр. Бұл мәселеге қала басшысы дереу бір шара қабылдамаса, болашақта бұл қала қалың қаптаған, мән-мағынасыз құрылыстың астында қаламыз. Құрылыс салғанның жөні осы екен деп олай сала бермеу керек. Құрылысты жөнімен қала халқын ескеріп , бір құрылыс салса астында паркингі болсын мектебі болсын, балабақшасы болсын, балалар ойнайтын алаң болсын. Міне осындай нәрселерді ескермейді.

Құрылыс талаптары бойынша қаланың әрбір кварталында оның аумағының төрттен бірін алып жататын жасыл аймақ болуы шарт. Ол жерге әкімдік ағаштар отырғызып, гүлзарлар салып абаттандырылу керек. Себебі ауланы көкпен көмкеру сәндік үшін ғана емес, тұрғындар денсаулығына ауадай қажет. Алайда, астанада осы талап сақталып салынған аудандар бірен-саран ғана.

Ыбырайым Бабаев, қала тұрғыны:

Демалыс күндері болсын, кешкі мерзімде бала- шағаңмен аяулаға шығып серуендеудің өзі болсын үлкен проблема тудырады. Өйткені мына құрылыс компаниялардың барлығы бірінші өздерінің ыңғайын ойлайтын сияқты да. Жаңағы абаттандыру жұмыстарын, жасыл балаларға арналған жұмыстарын орындарды салу өте кенже қалып қойған.

Неге шенділер осындай әлеуметтік мәселелерді ушықтырып барып шешеді? Тұрғын үй кешендерін жоспарлағанда, неге сол ауданға бірден барлық әлеумттік нысандарды қоса салмасқа? Кеңес тұсында мұндай мәселелер неге туынамады? ол кезде ірі қалалардың әрбір ауласында бір- бір балабақша мен бір кварталға бір мектеп пен емхана болатын. Қазіргі жағдайда мамандар заңның солқылдақтығы себеп дейді. Жоспарлаудағы бірізділіктің жоқтығы – үшінші себеп.

Кеңес тұсында құрылысшылардың бұлжытпай орындайтын құжаты СНиП яғни, құрылыс нормалары мен ережелері болатын. Оған сай ғимараттың салынатын ауданы, оның жанынан орын тебуі тиіс мектеп, аурухана, балабақша мен жасыл аймақтар жоспарланатын. Еліміз тәуелсіздік алған соң бұл құжат екіге бөлінді. Ғимаратқа қатысты бөлімі құрылыс талаптарымен бекітіліп, орындалуға міндеттелсе, абаттандару жағы әшейін рекомендациялық нұсқаулық болып қалды, яғни заңдық.

Тәуелсіздік алып жатқан тұста қайта қабылданған Заңды құрылыс компанияларының ығына жығып беруге сол кезде салына бастаған Астана да себеп болды дейді мамандар. Айтуларынша тас үйлердің ортасында қалған жұрттың денсаулығына қарсы тағы бір заң қабылданбақшы.

Айдос Жанқылышбай, эколог:

Жуырда экологиялық кодекске өзгерту енгізілбекші. Оған сай құрылыс компаниялары қоршаған ортаға зиян келтіретін субьектілердің төртінші категориясына теңестірілмекші. Яғни, олар құрылыс кезінде қанша шаң шықты, олардың салған ғимараты біткен соң, сол ауданның қоршаған ортасына қандай зиян келді ? Мұның бәрі жаңа Заңға өзгеріс енсе мүлде ескерілмейтін болды. Біз, экологтар бұған қарсымыз. Бұл жерде де белгілі топтар құрылыс компанияларының мүддесін ойлап, құжатқа өзгеріс енгізбекші.

Сонда халықтың жайын кім ойлайды? Бір кварталға қанша үй түсетінін қағазға әдемі етіп сызып, шенділерден құрылыс бастауға оп- оңай рұқсат алатын компаниялар үшін мектеп, ауруханаға, балабақша сынды нысандарға жер қалдыру тиімсіз. Жұрттың қайда емделеп, қайда оқитынын және демалуына бас қатыратын урбанист деген мамандық бар. Алайда, біздің елде мұндай мамандық иелерін мүлде оқытпайды. Қала жоспарлау мамандығын шетелден меңгеріп келген Олжас Біләловтың біздегі ахуалға былай деп баға береді.

Олжас Біләлов, қала жоспарлаушы:

Қалалық әкімдік шенділерінің айлығы 80-100 мың теңге айналасында. Мұндай жалақыға жақсы урбанист келмейді. Ал сәулет бөліміндегі мамандар эскиздің әдемі суретін қарайды да, құрылысқа рұқсат береді. Ал ол ауданға бұл ғимарат керек пе жоқ па , жаңа нысан қандай әлеуметтік мәселені ушықтыруы мүкін деген сауалға сәулетші бас қатырмайды. Бізде, негізі, әлеуметті қорғайтын құрылыс талаптары бар. Алайда заманауи білікті маман тапшылығынан олар жиі бұзылады.

Сайып келгенде, біз айтқан үш себеп те адам факторынан. Алайда олқылықты да адам оңдайды емес пе? Мамандар мәселенің шешімін заңдық тетіктерді қайта қараумен, заманауи мамандарды тартудан көреді.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?