Қазақстанда ағаш кескендерге салынатын айыппұл көлемі 5 есеге өсірілмек

21 Желтоқсан 2020, 14:36
Сурет: rossaprimavera.ru

Бүгін Сенатта Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен палата отырысында сенаторлар жаңа мәтіндегі Экологиялық кодексті екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz.

Құжат ережелері өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Енді олар келтірілген экологиялық залалды толығымен өтеуі тиіс. Олардан сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссияны төмендету мақсатында озық технологияларды енгізу де талап етіледі.

"Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынды. Ең алдымен, озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, «ластаушы төлейді және түзейді» деген қағида енгізілді. Яғни, кәсіпорын экологияға келтірген зардабы үшін міндетті түрде өтемақы төлейтін болады. Ал, қазір олар айыппұлдарын төлеп, әрі қарай табиғатты ластауын тоқтатпай келеді", - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасының айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс кәсіпорындарды ластаушы заттардың эмиссиясын азайтуға, табиғатты қорғау шараларына инвестиция салуға ынталандырады.

Сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын да қарады. Жалпы, сенаторлардың пікірінше, түзетулер енгізу экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтеді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілік қатаңдатылады. Сенаторлар тиісті нормаларды пысықтап, заң жобасына енгізді. Соған сәйкес, ағаштарды кескені үшін салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 5 есеге көбейтіледі", - деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев егер келтірілген шығын 100 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, онда заң бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтты. Түзетулермен ағаштарды кескені үшін әртүрлі деңгейде жауапкершілікке тарту ұсынылады.

"Егерде мұндай құқық бұзушылық бір жылда қайталанған жағдайда немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ағаштарды кескені үшін жеке тұлғаларға 150, шағын кәсіпорындар мен коммерциялық емес ұйымдарға 400, ірі кәсіпкерлерге 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады", - деді Сенат төрағасы.

Сенаторлар толықтырған ілеспе заң жобалары Мәжіліске қайтарылды.

Бүгін Сенат депутаттары "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қабылдады.

Сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын да пысықтады. Ол пандемия кезеңінде экономиканың бірқатар секторларын ынталандыруға мүмкіндік береді, атап айтқанда, халық пен бизнесті қолдаудың нақты шараларын көздейді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен азаматтардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсауы үшін қолдану құқығы белгіленеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге өзі бірлесіп жұмыс істейтін тараптың жағдайын анықтауға және іс-әрекетінің тәуекелін азайтуға мүмкіндік беретін бизнес-серіктестердің тізілімін дайындау қарастырылған", - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы "Бірыңғай терезе" қағидасы бойынша "Бизнеске арналған Үкімет" қызметін іске қосу көзделіп отырғанын атап өтті. Заң жобасы микроқаржы ұйымдары мен басшыларға қойылатын талаптарды арттыруды да көздейді. Бұл қарыз алушылардың мүдделерін қорғауға және қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сенаторлар заң жобасын пысықтап, Мәжіліске қайтарды.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы да сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді. Сенаторлар сауда белгілері мен сыра атауларын жарнамалауға тыйым салуды сақтауды ұсынды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?