Ескі шақырылым депутаттары несімен есте қалды?

14 Қаңтар 2021, 11:30
Сурет: видеодан кадр

Бір-екі күнде VI шақырылымдағы Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттілігі аяқталады. Нұрлан Нығматулин төрағалығымен жұмыс істеген халық қалаулылары бұрнағы жылдарды есепке алмағанда, 2020 жылдың өзінде жүздеген заң жобаларын талқылап, мыңнан астам мәселе қарапты. Бес жыл бой ыжұмыс істеген бұл мәжілісмендер несімен есте қалды?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Соңғы бес жылда Мәжілісте ракетаны құлатып, "бомба" жарған министрлер көп болды. Мысалы, солардың бірі – Ауыл шаруашығы министрі. Сапархан Омаров Байқоңырдағы Ресейдің иелігінен қайтарылатын жер аумақтары мен ондағы зымыран қалдықтары мәселесін шешу жолдары туралы заңды қарау кезінде сөзден талай қағылған еді. Онымен қоса өзге министрліктің өкілдері де ыңғайсыз жағдайға қалды.

Санжар Жәркешов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

Қалған бөлшектерді зымыран ұшырылған соң осы екі компания зымыран қалдықтарын түскен жерлеріне барып жинап алады.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл баяндамаларды қайта-қайта бөліп, қағаз күйінде мінсіз орындалатын шаруаның іс жүзінде қалай болатынын беттеріне басып еді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Сіздің мамандарыңыз құлап жатқан бөліктерге барғанша ауылдағы ағайын оның бәрін жинап, қораларға кіргізіп, екі-үш күн пайдаланып жүреді, білесіз бе? "Біз радиодан хабар жібереміз" дейсіз. Тыңдамайды оны!.

Облыс әкімдері Мәжілістің осы шақырылымы бекіткен заңнан соң, бюджет қаражатын игеріп қана қоймай, толықтырудың жолын іздеуге мәжбүр болды. Шағын және орта бизнестің корпоративті табыс салығын республикаға жібермей өңірлерде қалтырып, жергілікті бюджетке бұру туралы заң жобасы қабылданғанда, депутаттар өңір басшылары "алма піс, аузыма түс" деп отыратынын сынға алған еді.

Уәлихан Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бізде атқарушы органдар үйренген тек қана қаражатты жұмсауға соңғы жылдары. Табыс көзін көбейту естерінен шығып кетті. Сондықтан осыны көру керек. Соған сәйкес, кадр болу керек. Себебі, қаражатты игеру бір бөлек, ал оның көзін көбейтіп табыс түсіру екінші мәселе. Осыған мән беретін болсақ оң нәтиже, оң көрсеткіш береді деп ойлаймын.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар көпті алаңдататын мәселелерді қозғананын көзіміз көрді. Мысалы, Дания Еспаева мемлекеттік қарыздың жыл сайын өсіп келе жатқанын айтып, бұл қарқынмен 2025 жылға қарай үкіметтің қарызы 25 триллион 692 миллиард теңгеге жететінін ескерткен болатын.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ел үкіметі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2020 жылдың өзінде мемлекеттік қарыздың көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 29,2 процентті құрайды. Қарыз сомасы өскендіктен, республикалық бюджетке түсетін салмақ та артады. Себебі, оны өтеуге қажетті шығындар өседі.

Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдерге қатысты сексуалды қылмыстардың артуы қоғам наразылығын тудырған еді. 6-шы шақырылым депутаттары педофилдердің жазасын қатаңдатып, рақымшылыққа ілінбейтіндей етіп заңға өзгеріс енгізді.

Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы:

Белгілі бір лауазым атқаруға немесе бір қызметпен айналысуына өмір бойына тыйым салу. Жыныстық тиіспеушілігіне қарсы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа қауіпсіз мекемелерінде бас бостандығынан айыруды өтеуді тағайындауға тікелей тыйым салынды. Неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға, жазаның өтелмеген бөлігін қысқартуға, рақымшылық жасау туралы актіні қолдануға тыйым салынды.

Жаңа экологиялық кодекс қабылданар тұста да тиісті министрліктің басшылары мен қосшылары депутаттардың бірсыпыра сынына қалған еді. "Ауласындағы ұсақ-түйек малы мен 5-10 тауығын декларациялау керек деген ұсыныспен халықтың ашу-ызасын тудырмаңдар!" - деп тиып тастаған еді Мәжіліс төрағасы. Ал мыйға қонымсыз заң жазатындарға "профилактикалық" шара керектігін мысқылдап жеткізген болатын.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Шын мәнінде заң жобасының осындай нормасын оқыған кезде, ойлайсың. Бұл норманы жазған адам ауылда болды ма? Болмаған шығар. Шіркін, осы норманы жазған маманды екі-үш айға ауылға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінетін болар.

"Ойын бизнесі туралы" заң да Парламент қабырғасында қызу талқыланды. Бумекерлік кеңселер мен тотализаторларды мегаполистерде, облыс орталықтарында және қалаларда қалдыру туралы тұжырымдар да қолдау таппаған болатын.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бізде не болып жатыр? Жұмыстан шыққан адам үйіне жеткенше жолдағы оншақты кеңселер арқылы өтеді. Қолындағы ақшаны соған салып, үйіне тапқан табысынан айырылып келеді. Сосын вице-министр айтқандай түрлі қылмысқа барады.

2020 жылы спорт саласына бюджеттен 160 млрд теңге бөлініп, оның 55 миллиарды отандық кәсіби клубтарды қаржыландыруға жұмсалғаны да, сынға алынғаны есімізде. Төменгі палатаның жалпы отырысында Ольга Шишигина Мәдениет әне спорт министрін қарата сөйлеп, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына қарама қайшы деген болатын.

Ольга Шишигина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Президент соңғы жолдауында мемлекеттен кәсіби спорт клубатарына бөлінетін қаржыны қысқартып орнына бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытатын мектептерге басымдылық берілсін деген еді. Сіз басқарып отырған министрлік осы тапсырма бойынша қандай жұмыстар атқарды?

Бұл өткен жылдардағы оқиғалардың бір парасы ғана. Мәжіліс министрлер әкелген бірқатар заңды өткізбей, өзгертуге жіберді. Алайда, төменгі палата бекіткен бірқатар заңды Сенат та қайта қайтарған кездер болды. Мысалы, сыраны БАҚ жарнамалау туралы өзгеріс қолдау таппаған болатын.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әріптестерімнің БАҚ сыра тауар белгілерін жарнамалаудан бас тарту жөніндегі ұсынысты негізді деп санаймын. Сондықтан мен заң жобасына бас комитет ұсынған өзгертулерді қолдаймын және әріптестерімнен оны қолдауды сұраймын.

Сенат Мәжіліске зейнетақы қорындағы салымның бір бөлігін шешіп алуға қатысты өзгерісті де кері қайтарды. Сенаторлар халыққа барынша ыңғайлы болу үшін әлі де бірқатар тетіктерін қарау керек деп ескерткен.

Еділ Мамытбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында бірқатар анықтауға арналған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады. Заңға енгізілген тұста қарама қайшылықтар туындамас үшін осындай ұсыныс жасалып отыр.

Парламент Мәжілісінің 6-шы шақырылымы өз жұмысын тәмамдауына 2 күн қалды. Жақында өткен сайлаудан кейін жаңа мандатқа ие болғандар 2025 жылға дейін заң шығарушы органның төменгі палатасынан орын алады. Ішінде екінші рет тізімге ілініп, қайтып оралатындары да бар. Еске салайық, 15 қаңтар күні Мемлекет басшысы жаңа Парламент алдында үндеу жариялайды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?