Ақтөбеде мұнайшылар ереуілі басталды

26 Қаңтар 2021, 11:32
Сурет: Courtesy Photo

25 қаңтарда Ақтөбе облысы Темір ауданындағы "КМК Мұнай" компаниясына тиесілі кеніштің 200-ге жуық жұмысшысы ереуілге шықты. Мұнайшылар жалақыны 100 пайызға көбейтуді сұрайды, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.

"КМК Мұнай" компаниясының Көкжиде кенішінде 25 қаңтар күні вахта ауысып, 120 мұнайшы үйлеріне қайтуы тиіс болған. Бірақ олар өндірістік базаға жиналып, жалақыны 100 пайызға көбейтуді талап етті. Солардың бірі, 4-разряды бар мұнай-газ өндіру операторы (аты-жөнін атамауды өтінді - ред.) ай сайын қолына 155 мың теңге тиетінін айтып, жалақының мардымсыздығына шағымданды.

- Түске дейін жүз шақты адам жиналғанбыз. Түске таман бізге екінші вахтаның адамдары қосылды. Қазір 200-ден астам адам жиналып тұрмыз. Біз жалақымызды 100 пайызға көбейтсін деп талап етіп тұрмыз! Жұмыс ауыр, жалақы мардымсыз. Темір ауданында мұнай өндіретін 360 качалкасы бар ірі компаниядағы орташа жалақы 160 мың теңге дегенге сенесіздер ме? - дейді Азаттықтан аты-жөнін атамауды өтінген мұнайшы.

Ереуілшілердің сөзіне қарағанда, былтыр тамыз айында "КМК Мұнай" жұмысшыларының жалақысы 33 пайызға көбейген. Соның өзінде мұнайшылар арасында мамандығы мен разрядына қарай 120 мың теңге жалақы алатындар бар.

Мұнайшылар талабынан соң 25 қаңтар күні Көкжидедегі кенішке "КМК Мұнай" компаниясы мен облыс, аудан әкімдігінен өкілдер келіп, ереуілшілермен келіссөз жүргізе бастаған. Келіссөз әлі аяқталған жоқ.

- Жұмысшылардың жалақы көбейтуді талап етіп тұрғаны рас. Бірақ Көкжидедегі кеніште қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ. Жұмысшылар талабынан соң арнайы комиссия құрылып, оған еңбек инспекциясының, облыс, аудан әкімдігінің өкілдері енді, - дейді Азаттыққа телефонмен берген сұқбатында Темір ауданының әкімі Жолдас Батырхан.

Мұнайшылар ереуіліне орай Азаттық "КМК Мұнай" компаниясының Ақтөбедегі кеңсесіне де хабарласқан болатын. Хатшының сөзінше, компания басшылары Темір ауданындағы кенішке кеткен.

"КМК Мұнай" компаниясы Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай кеніштерінде мұнай өндіреді. 400-ге жуық адам еңбек ететін компания 2004 жылы құрылған.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?