Алматыда Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай іс-шаралар жоспарланды
Биыл 9 ақпанда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың (1931–1976) туғанына 90 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен бірқатар іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды zakon.kz.
Аталған іс-шаралардың басты мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығымен танысу. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, өлеңдерін мәнерлеп оқып оқырман назарына ұсыну. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бұл шараларда ақынның жан дүниесіндегі толқыныстар көрініс табады. М.Мақатаевтың поэзиясы оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалатын қойылымдар ақын өмірінің кейбір сәттерін бейнелей отырып, көрерменді қуантады.
1-7 ақпан аралығында Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай, "Есіңе мені алғайсың" атты ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан республикалық онлайн байқауы өтеді. Аталған байқау ақын өлеңдерін сүйіп оқитын оқырман үшін тек өнерін көрсету ғана емес, сонымен қатар, демеушілер тағайындаған бір миллион теңгені ұтып алуға мүмкіндік береді. Байқаудың басты шарты ақиық ақынның шығармашылығынан бір туынды оқып, 1-3 мин аралығында бейнежазба түсіріп, Инстаграм парақшасына #Мақатаев90 хэштэгімен жүктеу керек. Толық ақпаратты @almatymadeniet Инстаграм парақшасынан білуге болады.
5 ақпан, сағат 15:00-де "Алматы қаласы музейлер бірлесетігі" КМҚК С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешенінде (М. Төлебаев көшесі, 125) "Алтын қалам" тақырыбында көрме ұйымдастырылады. Кеш қонақтары: Мұхтархан Қалиұлы – ақын, Мұқағали Мақатаевтың немере інісі; Еркін Шүкімән – әнші.
5 ақпан, сағат 10:00-де Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Қазақстан жазушылар кітапханасында (Алтынсарин көшесі, 37) "Мұқағали – жыр дүлділі" тақырыбында әдеби-сазды кешін өткізеді. Кеш қонағы: Шаяхмет Имашұлы – Мұқағали шығармашылығын насихаттаушы.
5 ақпан, сағат 14:00-де Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында (Назарбаев даңғылы, 43) "Мен өмірді жырлау үшін келгенмін..." тақырыбында ақынды еске алу кеші өткізеді. Кеш қонағы: Шаяхмет Имашұлы – Мұқағали шығармашылығын насихаттаушы.
9, 10 ақпан, сағат 18:30-да "Мемлекеттік қуыршақ театры" КМҚК (Пушкин көшесі, 63) театр репертуарындағы ақын поэзиясының негізінде сахналанған "Мен деп ойла..." қойылымының көрсетілімін өткізеді.
9 ақпан, сағат 18:30-да "Алатау" дәстүрлі өнер театрында "Мұқағалимен сырласу" атты поэтикалық кешін өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, театрлар арасында әлеуметтік желі арқылы қазіргі жастарға ақынның мұрасын көбірек тануға мүмкіндік беретін Мұқағали Мақатаев өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасы басталып, #ММақатаев90жыл хэштегімен жалғасын табуда. Барлықтарыңыздан ақынға деген құрмет көрсетіп, эстафетамызды жалғастыруларыңызды сұраймыз.
"Алматы қаласы музейлер бірлесетігі" КМҚК С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешенінің Инстаграм және Фейсбук парақшаларынан (@almatymuseums, @muzey_s.g.m) ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған "Хан Тәңірінің Мұзбалағы" онлайн лекциясын тамашалай аласыздар.
Барлық іс-шараларда карантиндік талаптар қатаң қадағаланып, қашықтық және масқа режимі сақталатынын атап өткен жөн.