Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті тіркеу жеңілдетіледі

the-steppe.com, сурет - Zakon.kz жаңалық 09.02.2021 22:08 the-steppe.com
Қаржы министрлігіне 1 наурызға дейін салық заңнамасына қажетті түзетулер енгізу де тапсырылды.

Үкімет отырысында Асқар Мамин елдегі 700 мыңнан астам бизнес субъектісінің салықтық жеңілдіктер алғанын айтты. Отырыста негізінен. салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды zakon.kz kursiv.kz-ке сілтеме жасап.

Қазіргі кезде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге 3 жылдық мораторий жалғасып жатыр (2023 жылғы 1 қаңтарға дейін) және арнайы салық режимдерін қолданатын ШОБ субъектілері табыс салығынан босатылды. Бұл шаралар кәсіпкерлерге 3 жыл ішінде өз бизнесін кеңейтіп, дамытуға шамамен 400 млрд теңге жұмсауға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасымен 1 қаңтардан бастап ерікті түрде қолданылатын бөлшек салықтың жаңа арнайы салық режимі енгізілді. Салық мөлшерлемесі алынған кірістің 3% көлемінде белгіленген.

Үкімет басшысы қаржы министрлігіне цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйелерін жаңғырту және оларды басқа мемлекеттік органдармен заманауи әдістерді, соның ішінде блокчейн мен үлкен деректерді қолдана отырып интеграциялау жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.

Салық төлеушілер мен бизнеске ыңғайлы болу үшін әзірленген "Е-Salyq Azamat" (салық әмияны) және "E-Salyq Business" тегін мобильді қосымшаларын белсенді түрде ілгерілету керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қаржы министрлігіне жеке кәсіпкерлер үшін онлайн-БКМ мен POS-терминалдарды пайдалану кезінде есептілікті автоматты түрде толтыру мәселесін сапалы түрде пысықтау қажет, деді Мамин.

Сондай-ақ қаржы министрлігіне 1 наурызға дейін салық заңнамасына қажетті түзетулер енгізу де тапсырылды.

Ұсынылып отырған өзгерістер 500 мыңға жуық жалдамалы қызметкерді ресми жұмысқа тартуға, еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуға, салық міндеттемелерін орындау тәртібін жеңілдетуге және республика экономикасына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді, деді Мамин.

Өз кезегінде қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеке кәсіпкерлікті тіркеу және жабу жұмысының жеңілдейтінін мәлімдеді.

Меншікке салық төлемін жүзеге асыру үшін салық төлеушілер "Е-Salyq Azamat" мобилді қосымшасын пайдалана алады. Қосымша реквизиттерді толтырмай-ақ салық төлеуге, онлайн толтыру жасауға, артық төлемдерді басқаруға және 2 минут ішінде авто есептеу жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ салық есебін ұсыну, жеке кәсіпкерлікті тіркеу және жабуды жеңілдету, фискалды деректер операторы қызметінің төлемі мен комиссиясын алып тастау қарастырылады, деді қаржы министрі.

Министр өткен отырыста президент салықтық әкімшілендіруді жеңілдету және жұмсарту бойынша тапсырма бергенін, аталған тапсырманы орындау мақсатында 2021 жылдан бастап жеке тұлғалардың мүлік және жер салығы бірігетінін, екі салық бұдан былай бір төлеммен жүзеге асатынын айтты. Сонымен қатар көпқабатты үйде тұратын азаматтар үшін жер салығы алынып тасталады.

Ал ел бюджеті 65 млрд теңгеге толыққан. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайылов айтты.

Қаржы министрлігі кәсіпкерлердің банк арқылы жасаған ақша аударымдарының фискализациясына ерекше назар аударуы керек. Жалпы, осы бағыттағы мемлекеттік органдар қарқынды жұмысты жалғастырғаны дұрыс. Күрделі экономикалық ахуалға қарамастан былтыр мемлекеттік бюджет кірісі тиісті көлемде сақталды. Республикалық бюджеттің кейбір түсімдерінің төмендеуі жергілікті бюджет есебінен толықты, нәтижесінде мемлекеттік бюджет 65 млрд теңгеге ұлғайды, деді үкімет басшысының орынбасары.

Смайылов бюджет табысын ұлғайту басым бағыт болып қала беретінін, табыстың өсуіне көлеңкелі экономикамен күрестің маңызды рөл атқаратынын да еске салды. Осы мақсатта тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылды.

Тәуекелдерді басқару жүйесі, электронды шот-фактуралар, Астана-1 сияқты ақпараттық жүйелер енгізілді. Тек соңғы үш жылда жоғарыда аталған шаралар бюджетке 2 трлн теңгеден астам қосымша кірістер алуға мүмкіндік бергенін айта кету керек.Осыған байланысты бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет, деп қорытындылады Әлихан Смайылов.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, пандемия бюджет табысына кері әсерін тигізбеген.

Мемлекеттік бюджет табысы жөніндегі жоспар 102,7 пайызға, республикалық бюджет 100,3 пайызға, жергілікті бюджет 108 пайызға орындалды. Республикалық бюджет түсімі 562 млрд теңгеге төмендеді, ал жергілікті бюджет 627 млрд теңгеге өсті. Республикалық бюджет түсімінің азаюына экономикалық құлдырау, шектеу шаралары әсер етті, деді Жамаубаев.

Салық бойынша да бірқатар өзгерістер орын алған. Ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосымша құн салығы 11 пайызға төмендеген. Бұл ретте ұжымдық табыс салығы 3,5 пайызға, ЕАЭО-дан келетін тауарларға қосымша құн салығы 1,8 пайызға, еңбекақы қоры салығы 5,3 пайызға көбейген.

Экономика салалары – тау-кен өнеркәсібінде 43 пайызға түсім азайған. Бұл бірінші кезекте мұнай мен металл бағасының төмендеуімен байланысты. Дегенмен транспорт (10 пайыз), өңдеуші өнеркәсіп (9), құрылыс (2,2), сауда (1,4) секторларында әжептәуір өсім байқалған.

zkadm
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: