Елімізде көше мен алаң атауларын ауыстыруға тыйым салынбақшы
Қазақстанда халық санағы жүргізілгелі жатыр. Осы ауқымды науқан аясында елді-мекендердің құрамдас бөліктерінің атауларын өзгертуге белгілі бір мерзімге мораторий енгізу ұсынылды, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл ұсыныс ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының халқының ұлттық санағы жөніндегі 2021 жылғы арнайы комиссияның алғашқы отырысында айтылды.
"Санақтың сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету үшін 2021 жылдың 1 мамырынан 31 желтоқсанына дейін әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, қайта құрылымдау және жою және елді-мекендердің құрамдас бөліктерінің атауын өзгерту бойынша ұсыныстарға мораторий енгізу мәселесі қарастырылды", делінген құжатта.
"Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы" заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының елді-мекендерінің құрамдас бөліктеріне - шағын аудандар, қаладағы аудандар, алаңдар, даңғылдар, бульварлар, көшелер, жолдар, саябақтар, скверлер, көпірлер және басқалары жатады.
2021 жылғы халық санағын дәстүрлі форматта (үй-үйді аралау) және онлайн форматта өткізіледі, бұл кезде қазақстандықтар арнайы веб-сайт арқылы санаққа қатыса алады.