Ақын әрі аудармашы Шөмішбай Сариев дүниеден озды
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын әрі аудармашы Шөмішбай Сариев 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды zakon.kz.
Қаралы хабарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі растады.
Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы Арал ауданы Шөміш стансасында дүниеге келген. Ақын, аудармашы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Филология ғылымдарының кандидаты. Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың және "Платинды Тарлан" сыйлығының лауреаты. "Парасат" орденінің, "Жыл адамы – Алтын Адам" ұлттық сыйлығының иегері.
1971 жылы ол ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.
Еңбек жолын Қазалы аудандық "Ленин туы" және Арал аудандық "Толқын" газеттерінен бастаған.
1970—1974 жылдары "Қазақстан" баспасында редактор, "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы ҮҒА-ның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болған.
1996 жылы "Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері" атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесін иеленді."«XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы" атты монография жазған. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкері болды.
"Ғашықтар жыры", "Бозжорға" атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску, т.б. ақындардың өлеңдері қазақ тіліне аударған.
Алғашқы жыр жинағы 1974 жылы "Балдәурен" деген атпен жарық көрген. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. 1994 жылы "Жазушы" баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы "Сүйінші" деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ боп басылған.