Тоқаев Жаңатаста қаза болған балалардың ата-анасына көңіл айтты

20 Ақпан 2021, 22:32
Сурет: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңатас қаласындағы өрттің салдарынан балалардың қаза болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Мемлекет басшысы Әбдімәліковтер отбасының қайғысымен бөлісіп, қаза болған балалардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтты. Президент бұл жағдайды бір ғана отбасының емес, бүкіл еліміздің басына түскен трагедия деп санайды. Ол балалардың ата-анасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды", делінген жеделхатта.

Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жеткізді.

Айта кетсек, 19 ақпанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында қайғылы оқиға орын алды. Сағат 15:15-те қаладағы шағын аудандардың біріндегі бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтер өртке оранды. Пәтерде 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туылған бес кәмелетке толмаған бала болған. Олар қараусыз қалған: әкесі жұмыста болса, анасы дүкенге кеткен. Балалар көмірқышқыл газынан зардап шегіп, шұғыл ауруханаға жатқызылды, бірақ оларды құтқару мүмкін болмады, бесеуі де қайтыс болды.

Кейіннен облыс әкімі бұл қайғылы оқиғаға байланысты пікір білдіріп, артынан қаралы шаңыраққа арнайы бас сұғып, көңіл айтты. Ол қара жамылған отбасыға қажетті психологиялық, материалдық көмек көрсетіліп жатқанын, мәселе өзінің жеке бақылауында екенін жеткізді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жанғыш материалдың үстіне от көзінің түсуінен пәтер қызыл жалынға оранған.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?