"Birgemiz" қоры Әбдімәліковтер отбасына 2 миллион теңге жолдады

22 Ақпан 2021, 14:32
Сурет: ҚР ТЖМ

"Birgemiz" қорының Қамқоршылар кеңесі Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында өрттен зардап шеккен Әбдімәліковтер отбасына 2 миллион теңге жолдау туралы шешім қабылдады.

Қордың атынан қайтыс болған балалардың отбасылары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Бұл оқыс оқиға балалардың ата-анасы және бәріміз үшін орны толмас қайғы. Әбідмәліковтер отбасының қайғысына ортақтаса отырып, біз қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылдадық, - деді қор төрағасы Руслан Сакеев.

Айта кетсек, "Birgemiz" қоры өткен жылдың наурыз айында Nur Otan партиясының көшбасшысы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавирус инфекциясымен күресте халықтың әлеуметтік осал әрі мұқтаж топтарын қолдау мақсатында құрылған болатын.

Қор жұмысы барысында 655 мыңнан астам мұқтаж отбасыға (2,2 млн адам), 2 мыңнан астам медициналық қызметкерлерге бір реттік төлем берді. Әлеуметтік осал топқа жататын 100 000 отбасыға 5 миллион медициналық бетперде тегін таратылды.

Сондай-ақ, қордың көмегімен Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тасқын судан зардап шеккен азаматтарға 32 үй салынды.

Айта кетсек, 19 ақпанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында қайғылы оқиға орын алды. Сағат 15:15-те қаладағы шағын аудандардың біріндегі бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтер өртке оранды. Пәтерде 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туылған бес кәмелетке толмаған бала болған. Олар қараусыз қалған: әкесі жұмыста болса, анасы дүкенге кеткен. Балалар көмірқышқыл газына тұншығып, шұғыл ауруханаға жатқызылды, бірақ оларды құтқару мүмкін болмады, бесеуі де қайтыс болды.

Кейіннен облыс әкімі бұл қайғылы оқиғаға байланысты пікір білдіріп, артынан қаралы шаңыраққа арнайы бас сұғып, көңіл айтты. Ол қара жамылған отбасыға қажетті психологиялық, материалдық көмек көрсетіліп жатқанын, мәселе өзінің жеке бақылауында екенін жеткізді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жанғыш материалдың үстіне от көзінің түсуінен пәтер қызыл жалынға оранған.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?