Қазақстанда бензин қымбаттады
Жанармай құю бекеттерінде жанар-жағармайдың құны 2 теңгеге өсті. Қымбатшылық алдағы уақытта тағы да жалғасуы мүмкін деген болжам бар, деп хабарлайды zakon.kz.
Хабар-24-тің хабарлауынша, барлық аймақта бағаның 2-3 теңгеге көтерілгені байқалады. Қазақстан бойынша Ай 92 маркалы бензин ең арзан өңір – Ақтөбе. Мұнда жанармайдың литрі 145 теңгеден. Таразда 5 теңгеге қымбатырақ. Павлодардың жанармай құю бекеттерінде 152 теңгеден сатылады. Көкшетауда 155 теңгеден. Шымкенттік жүргізушілер Ай 92 маркалы бір литр бензин үшін 157 теңге төлейді. Елордада да баға сондай: 1 литрі - 157 теңге шамасында.
Сарапшылардың айтуынша, бензиннің қымбаттауы заңдылық. Өйткені бөлшек сауданың құны былтырғы акциз өскен кездің өзінде қатты шарықтамады.
Елдегі жанармай құю бекеттерінде бензин маркасына қарай 2 теңгеден 10 теңгеге дейін қымбаттады.
Экономист Андрей Чеботаревтың айтуынша, бензин одан әрі қымбаттауы да мүмкін. Оған мұнай өнімінің көтерме бағасы, тасымалдау құны, сақтау, салық және акциздер қосылады. Бұл жолғы өсімге акциздік алымның көтерілуі әсер етті.
Естеріңізде болса, былтыр қаңтарда акциз 2 жарым есе көтерілген еді. Ол кезде жанармай бірден 6 процентке өседі деп болжанған еді. Бірақ айтарлықтай өсім болмады. Өйткені карантиндік шектеулерге байланысты жанармайға сұраныс азайып кетті. Қазір нарық жандана бастады. Енді жанармайдың қымбаттауы әбден мүмкін, - дейді ол.
Былтыр отандық мұнай өңдейтін зауыттар 4,5 миллион тонна бензин шығарды. Оның 4 миллиондайы ішкі нарықтың сұранысына кетті. 500 мың тоннадайы экспортталды. Биыл өндіріс көлемін тағы 200 мың тоннаға арттыру жоспарланған.
Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда мұнай өнімдерінің бағасын мемлекет бақыламайды. Ол нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады. Оның үстіне мұнай өнімдерінің құнын төмен ұстау өндірушілер үшін де мемлекет үшін де тиімсіз. Өйткені шекаралас елдерге астыртын сату көбейеді. Бұл ішкі нарықта жанармай тапшылығына әкелуі мүмкін. Қазірдің өзінде мұнай өндіретін кәсіпорындар отандық нарыққа халықаралық бағадан төмен сатуға міндетті. Бұл мұнайды өндіру қиын өңірлердегі кәсіпкерлер үшін айтарлықтай қиындық тудырады.