Оқушыларды көлік қаққан оқыс оқиға. Куәгерлер өз көзімен көргендерін баяндады

5 Наурыз 2021, 11:02
Сурет: kt.kz

Алматы облысында жол шетінде тұрған оқушы қыздарды мас жүргізуші тізгіндеген көлік қаққан, деп хабарлайды zakon.kz Алматы телеарнасына сілтеме жасап.

Бұл бейнежазба дәл жол көлік оқиғасы болғаннан кейін түсірілген. Видеода қатты соққының салдарынан қыздардың жан-жаққа ұшып кеткенін байқауға болады. Оқиға Қорам ауылында кешкі сағат 18.00 шамасында орын алған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, мас көлік жүргізушісі мектептен қайтқан оқушыларды дәл осы жерде қаққан. Әрі қарай көлік осындағы бірнеше метр жерде тұрған жол белгісіне барып бір-ақ тоқтаған.

"Біз бірден далаға жүгіріп шықтық. Аяғы сынған қыз айғайлап көмек сұрап тұрды. Сәл әрірек екі қыз жерде жатты. Көршілерге айтып жедел жәрдем шақырттық", – деді куәгер Александра Григориади.

8-9 жастағы жеткіншектерге жедел алғашқы медициналық көмек көрсетіліп ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қазір қыздардың екеуі жасанды желдендіру аппаратына қосылғанын айтады. Ал біреуінің денсаулығы тұрақты болғандықтан, облыстық көпсалалы аймақтық балалар ауруханасына ауыстырылыпты.

"Ауыр бас ми жарақаты, бас миының жаншылуы, кеуде торының жарақаты, іштің дөрекі жарақаты және екі санының жабық сынығы. Травматикалық шокпен жеткізілді. Қазір толыққанды емін алып жатыр. Бірақ динамикалық жағдайы әлі ауыр", – деді Шелек ауылындағы аудандық ауруханасы жансақтау бөлімінің бөлім меңгерушісі Серікбек Нұрланбек.

Айта кетсек, бұл жағдайды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз бақылауына алатынын мәлімдеді. Осы орайда бүгін облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі балалардың жағдайын көріп, олардың ата-анасымен кездесті.

"Бүгін өздеріңіз көріп отырсыздар,облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімі өзі келіп, дәрігерлермен, туыстарымен сөйлесіп мемлекет тарапынан заң аясында қандай көмектер керек барлық, көмек көрсетілетін болады. Тасымалдауға жағдайлары жарайтын болса, Алматы қаласына жіберуді жоспарлап отырмыз. Ал бүгінде балалар қалыпқа келгенше осы емханада болады", – деді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев.

Ал ауыл халқы көлік тізгінінде болған 54 жастағы азаматтың ішімдікке әуестігі жоғын әрі ол ауылдағы белсенді тұрғындардың бірі екенін айтады. Мұндай жағдайдың орын алғаны тұрғындардың қабырғасын қайыстырған сыңайлы. Бар үмітті орамалға түйіп, балалардың амандағын тілеп отырмыз дейді олар.

"Белді, жақсы жігіт ол. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ. Байқамай ішкен шығар енді ол. Кінәсін мойындайды. Ауылға барлық көмекті беріп жүреді. Кеше анасы барып алдарынан өтті. Жазым ғой енді, аман-есен болып жазылып кетсе болды", – деді Қорам ауылының тұрғыны Мәди Өтемісов.

Қазір күдікті ұсталып, қамауға алынған. Қылмыстық кодекстің 345- бабы, яғни мас күйінде көлік айдап жол ережесін бұзу арқылы денсаулыққа зақым келтіру бабы бойынша тергеу жұмыстары басталып, сараптама тағайындалған.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?