Досаев Тоқаевқа Алматыны қалай дамытып жатқанын баяндады

Алматы әкімі, президент, Алматы, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.12.2023 17:47 Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысына Алматының биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары жөнінде есеп берілді, деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Қасым-Жомарт Тоқаевқа аталған кезең ішінде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 13 пайызға артқаны туралы баяндалды. Мемлекеттік бюджет түсімдері 4,9 триллион теңгеге жетті. Өсім көрсеткіші 34,5 пайызды құрады. Қараша айында жылдық инфляция 10,5 пайызға дейін бәсеңдеді. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша еліміздегі ең ірі қала экономикасының өсімі 6,5 пайыз деңгейінде болады деген болжам жасалып отыр (2022 ж. – 5,0%)", –  делінген ресми хабарламада.

Президентке негізгі капиталға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 20 пайызға ұлғайғаны жайында ақпарат берілді. Жеке инвестиция 30,3 пайызға артып, 1,4 триллион теңгеге жеткен. Жыл басынан бері қала экономикасына барлығы 1,53 триллион теңге салынды.

Ерболат Досаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда қоғамдық көлікті дамыту және экологиялық талаптарға сәйкестендіру үшін кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл қаланың автобус паркі экологиялық таза 1150 жаңа автобуспен толықты. Оның 550-ін жеке тасымалдаушылар сатып алған. Соңғы 11 жылда алғаш рет троллейбус паркі де жаңартыла бастады. Бүгінде 100 троллейбус сатып алынған, қосымша тағы 100-ін сатып алу арқылы келесі жылы троллейбус паркі толықтай жаңарады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа жол-көлік инфрақұрылымының дамуы туралы баяндалды. Қаланың 70 көшесіне 25 шақырым жаңа жол салынды және 200 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек, Президентке әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты тапсырмаларының орындалуы туралы мәлімет берілді. Денсаулық сақтау саласында медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) жаңа бірыңғай стандарты белсенді түрде енгізілуде. Алматыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 37,1 мың орындық 22 мектептің құрылысы мен жобалау жұмыстары басталды.

Жыл басынан бері NEET санатындағы 36,7 мың азамат жұмысқа орналастырылған. Оның 82 пайызы – тұрақты жұмыс орны. Қажетті мамандықтарды оқытудың қысқа мерзімді курстары және Jobfair365 бос жұмыс орындарының цифрлық платформасы іске қосылған. Жастар үшін 8 комьюнити-орталығы ашылған.

Ерболат Досаевтың айтуынша, Президенттің қаланы көгалдандыру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы ерекше бақылауда. Жыл басынан бері 276 мың түп көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін олардың саны 320 мыңға жеткізілмек. Алматыдағы саябақтар аумағы 397 гектарға ұлғайды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполис экономикасын одан әрі әртараптандыру, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ әкімге қоғамдық көлікті экологиялық талаптарға сәйкестендіру және Алматының көлік қатынастары жүйесін дамыту міндетін жүктеді.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: