Түлектер колледждерге емтихансыз қабылданады

16 Наурыз 2021, 16:34
Сурет: inbusiness.kz

Техникалық, кәсіптік білім беру жүйесінде қандай проблема бар екені мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында бүкпесіз баяндалды. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова техникалық, кәсіптік білім беру жүйесіндегі қандай сын-қатер бар екенін айтты, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Бибігүл Асылованың сөзінше, техникалық, кәсіптік білім беру саласы тартымсыз. Мектеп түлектері техникалық, кәсіптік білім алуға қызықпайды. Ал даярланған кадрлар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандырмайды.

Мемлекеттік тапсырыс тиімсіз орындалады. Оқу орындары мен өндіріс арасында дұрыс байланыс жоқ. Техникалық, кәсіптік білім беру мекемелері материалдық-техникалық базамен тиісінше жабдықталмаған. Педагогтар қартайған. Мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен, – деді ол.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, жергілікті атқарушы органдар өңірдің еңбек нарығындағы қажеттілігін ескермейді. Сәйкесінше кадр даярлауға қатысты мемлекеттік тапсырыс дұрыс берілмейді. Техникалық, кәсіптік білімі бар азаматтар еңбек нарығына қажетсіз болып қалады.

Кадр бойынша өңірлердің орта және ұзақмерзімді экономикалық болжамы кадр даярлығы мен еңбек нарығындағы қажеттіліктің теңгерімсіздігіне алып келіп жатыр. Мысалы құрылыс саласы орта есеппен 25 800 маманға зәру. Ал құрылысқа қатысты білім небәрі 6 200 адамға беріліп жатыр. Ақпарат және байланыс саласына 20,7 мың маман қажет. Осы бағытта 8 100 адам ғана ізденіп жүр, – деді Бибігүл Асылова.

Оның сөзінше, жастарға тегін техникалық, кәсіптік білім беру осыдан 5 жыл бұрын басталды. Жоба жастарды жұмыспен қамтуды көздеді. Күні бүгінге дейін 300 мың жас адам маман иесі атанды. Алайда олардың барлығы бірдей қызметке кірісіп, екі қолға бір күрек ұстап кете алмады.

Бибігүл Асылованың мәлімдеуінше, жыл сайын 9-сынып түлектерінің 30%-ы, 11- сынып түлектерінің 50%-дан астамы ақылы бөлімге оқуға түседі. Ата-аналарға ауыртпалық салмау үшін министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, түлектерді кезең-кезеңмен сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық, кәсіптік біліммен 100% қамтуды көздеп отыр.

2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыс көлемі 20 мыңнан 50 мың орынға дейін ұлғаяды. Жергілікті бюджет арқылы бірінші кезекте 9-сынып түлектері колледждерде ақысыз оқитын болады, – деді Бибігүл Асылова.

Вице-министрдің айтуынша, техникалық, кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен орналастырудың жаңа ережесі әзірленді.

Білім және ғылым министрлігі кадр бойынша экономиканың орта және ұзақмерзімді қажеттілігі мен өңірлік еңбек нарығын сондай-ақ жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласын ескере отырып, мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен орналастурдың ережесін әзірледі. Осыған қатысты бұйрық әділет министрлігіне жолданды, – деді Бибігүл Асылова.

Сөз арасында ол колледждерге дербестік ұсыну мәселесін тілге тиек етті.

Министрлік колледждерге академиялық дербестік беру бастамасын құптады. Бұл қадам білім беру бағдарламасының сапасын көтеру үшін жасалды, – деді Бибігүл Асылова.

Вице-министр елімізде колледжге түсу үшін емтихан тапсыру талабы алынып тасталатынын айтты.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа тетігін әзірледі. Бұрын білім басқармалары колледждер арасында мемлекеттік тапсырысты өздері орналастыратын. Бір колледжге 200-300 орын ұсынылатын. Жаңа механизм бойынша түлектерге колледж бен мамандықты таңдау құқығы берілді. Жаңа ережеге сәйкес, педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша өткізілетін арнайы сынақты қоспағанда, колледжге түсу емтиханы тоқтатылады, – деді.

Бұдан кейін ол болашақ педагогтарды даярлауға қандай талап қойылып жатқанын жариялады.

Біз жұмысқа орналасу көрсеткішін жақсарту, педагогтердің біліктілігін арттыру, студенттерге жайлы жағдай жасау және оқу орнының бейіні бойынша кадр даярлау талабын күшейттік. Колледждерде лицензия берудің тәртібі мен талабы өзгерді. Бүгінгі таңда шамамен 30% бейінді емес колледж педагог даярлап отыр. Бұл педагог мамандығын даярлаудың сапасына нұқсан келтіреді. Педагог даярлаумен айналысатын колледждерге нақты талап қойылды. Колледждер педагогикалық мамандық бойынша лицензияға ие болуға, педагогтардың біліктілігін жетілдіріп отыруға сонымен қатар түлектерінің басым бөлігін жұмысқа орналастыруға міндеттелді, – деп түйді ойын Бибігүл Асылова.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?