Жер реформасы жөніндегі Комиссия не үшін құрылды?

25 Наурыз 2021, 11:03
Сурет: sputniknews.kz

2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен қоғамдық резонанс тудырған Жер кодексінің жекелеген баптарына мораторий енгізілген.

Мораторий келесі шектеулерді қарастырды:

- ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға жалға беруге тыйым салу;

- жарғылық капиталында шетелдік үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатуға және жалға беруге тыйым салу;

- қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке меншік құқығын беруге тыйым салу;

- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттен сатып алмай жалдау құқығын иеліктен шығаруға тыйым салу.

Аталмыш мораторийдің күші 2021 жылдың 31 желтоқсанында жойылады. Осыған байланысты 2021 жылдың 25 ақпанында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-ші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктер бойынша мораторий нормаларына қатысты түпкілікті саяси шешім қабылдады.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке сатылмайтыны және шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдіктің қатысы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, Халықаралық ұйымдарға, халықаралыққа қатысы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалға берілмейтіні туралы нақты және түпкілікті шешім қабылдады.

Тиісті заң жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісіне жолданып, жұмыс топтары қарауда.

Енді мораторийдың кейбір тармақтары: қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке немесе жалға беруге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын мемлекеттен сатып алусыз иеліктен шығаруға қатысты мәселелер шешімін әлі таппады.

Аталған мәселелер бойынша шешім қабылдау мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қоғамдық пікірді ескере отырып, жаңа Жер кодексінің жобасын дайындады.

Оның нормаларын талқылау, қосымша ұсыныстар әзірлеу және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша (ҚР Премьер-Министрінің 19.03.2021 ж. № 62-ө өкімімен) түпкілікті шешім қабылдау үшін Жер реформасы жөніндегі екінші Комиссия құрылды.

Қазақстандықтар үшін ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беру жөніндегі мәселенің тарихы туралы қысқаша ақпарат:

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншік құқығы 2003 жылдан бастап заңды түрде бекітіліп, ауыл шаруашылығы жерін жеке меншікке сатып алуға, не 49 жылға дейін ұзақ мерзімге жалға алу құқығы арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

2015 жылы Жер кодексіне өзгерістер енгізілді, оның аясында қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға беру мүмкіндігі алынып тасталды. Осыған сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншік құқыққа ғана беруді көздейді. Бұл үшін жер пайдаланушылары ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттен кадастрлық құнының жартысын бір жолғы төлеу шартымен немесе толық құны бойынша 10 жылға бөліп төлеу арқылы сатып алуға міндетті болды.

Ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау құқығын мемлекеттен сатып алусыз иеліктен шығару мүмкіндігіне келетін болсақ, бұл тармаққа түзету де 2015 жылы енгізілген болатын.

Бірақ бұл түзетулерге 2016 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен мораторий жарияланды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?