Алматы полициясы 19 жастағы қызды өлтіру дерегінің мән-жайын айтты
Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Абдрахманов бойжеткеннің күдіктімен 16 наурызда танысқанын нақтылады, деп хабарлайды zakon.kz.
– Ағымдағы жылдың 20 наурызында 102 нөміріне Аяжан Еділованың жоғалғаны туралы хабарлама келді. Сотқа дейінгі тергеу басталды. 21 наурызда арнайы жедел топ құрылды. 21 наурызда сағат 22:00-де біз күдікті тұрған Нұркент ықшамауданындағы пәтерді анықтадық. Полиция есікті бұзып кіргенде күдікті өзіне қол жұмсамақ болған. Жедел жәрдем шақырылып, ол ауруханаға жатқызылды, дейді полиция.
Қыздың 19 наурыздан 20 наурызға қараған түні өлтірілгені айтылды. Оның денесі бөлшектелген күйі табылды. Күдікті дененің бір бөлігін Алатау ауданынан тыс жерге апарып, қоқыс жәшігіне тастап үлгерген. Күдікті бұл әрекетін қылмыс іздерін жасыруға тырысқанымен түсіндіреді.
Қазір күдікті ер адам ауруханада қамаумен жатыр. Ол өзінің кінәсін толығымен мойындады. Бұрын сотталмаған. Күдіктінің айтуынша, қызды өлтіруге екеуінің арасындағы жанжал себеп болды.
19 наурызда Алматыда 19 жастағы Аяжан Еділова жоғалып кеткен болатын. 22 наурызда ол өлі күйі табылды. Полиция "Кісі өлтіру" бабымен тергеу бастап, іс бойынша 1993 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны ұсталды.
Полицияның хабарлауынша, жоғалатын күні бойжеткен әлеуметтік желіде танысқан жігітпен кездесуге барған.
Өлтірілген қыздың туыстары Аяжан ерекше қатыгездікпен өлтірілген деп, Аяжан күдіктінің жалғыз құрбаны емес болуы мүмкін, дейді.