Бізді ұрды! Арнайы жасақ қаптаған Алтынтөбеде не болып жатыр

6 Сәуір 2021, 09:59
Сурет: видеодан алынды

Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылында үш күннен бері тыныштық жоқ. Полицейлер мен арнайы жасақ көшені бақылауға алған. Дәл осы ауылдағы алтын шығаратын цехқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жасағы басып кіріп басшыларын тұтқындаған, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Цех ішіндегі алтынды да түгел алып кетіпті.

Гүлшат Бейсенова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Осыншама халықты жұмыссыз қалдырмассыз деп ойлаймын. Халық жұмыссыз қалды, несиелері, бала-шағасы бар. Автоматтарымен басып кірді. Кешке таман жұмысқа жиналып едік, бізді де итеріп, соғып, жолатпай қойды. Тіпті ішке басшысын да кіргізбейді.

Үш жыл бұрын іске қосылған алтын бұйымдарды өндіретін цехта осы ауылдың 100-ден астам тұрғыны жұмыс істейді. Жұмадан бастап жабық тұрған кәсіпорынға айналдыра қарулы жасақ қойылған. Содан бері үйден шықсақ, полицейлер айыппұл салып көшеге шығу мұң болды дейді тұрғындар.

Асан Ибрашев, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Бұл – тонау. Үш күн болды, халық далаға шыға алмай қалды. Әр үйдің есігінің алдына жасақ қойып қойған. Бүгін жексенбі, еш мүмкіндік жоқ, не түсіндірмейді.

Тұрғындар қала әкімі Мұрат Әйтеновтің келуін талап еткенімен, басшы түгілі орынбасарлары да төбе көрсетпеді. Ал үш күннен бері осында жүрмін деген Абай ауданының басшысы мардымды мәлімет бере алмады.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданы әкімі:

- Бұл жерде жерасты байлықтарымен алтын, кен әкеліп, алтын өнімдерін шығарып жатыр деген мәлімет бар. Қаншалықты заң жүзінде істелініп жатқаны белгісіз.

Алтын шығаратын цехтың ашылуын талап еткен жұмысшылар жолды жаппақшы болған. Бірақ темірдей тартылған тәртіп сақшылары 50-ден астам адамды тырп еткізбеді. Тіпті полицейлер кемпір-шалға да қарамай, барлығын басып алып кетті. Осылайша бір сәтте ауыл іші азан-қазан болды, полицейлер қарттарға да қол көтеріпті.

- Бізді ұрды.

- Қан қысымым көтерілді, шығар десем, шығармай. Қыздарды, балаларды сүйретіп әкетіп жатыр.

- Қоршаудан шыға алмай тұрсыздар ма?

- Жібермейді.

- Келіндерді әкетті, үйде кішкентай балалары қалды.

Сұхбат беріп тұрған бұл екі әжейді де зіңгіттей жігіттер қолтықтап сүйреп әкетті. Бірақ Алтынтөбе ауылында ұсталған 40 шақты азаматтың қандай жауапқа тартылғаны белгісіз. Өйткені полиция да, Ұлттық қауіпсіздік қомитеті де бұл туралы мәлімет беруден бас тартып отыр.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?