Депутат жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға үй беру мәселесін көтерді

7 Сәуір 2021, 16:18
Сурет: Ж.Құспанов

Мәжіліс депутаты Вакиль Набиев бүгінгі жалпы отырыста жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың кезекке тұруымен және тұрғын үй алуға қатысты проблемаларды көтерді, деп хабарлайды zakon.kz.

Депутаттың айтуынша, осы мәселе бойынша кейбір мән-жайлар анықталған кезде 1950 жылы туған, ІІ топтағы мүгедек, өз немересінің қамқоршысы Бабаш Ақылбекпен болған детективтік оқиға өрбіді. Ол Шымкент қаласының әкімдігіне 2015 жылдан бері кезекте тұрған асырауындағы немересінің тұрғын үй бойынша кезектілігі мәселесімен жүгінген.

Шымкент қаласы әкімдігінің жауабында 2020 жылы еліміздің үшінші мегаполисінде 48 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар баспанамен қамтамасыз етілгені және оның 510 нөмірлі кезекте тұрғандығы хабарланды.

Ақпаратты нақтылау мақсатында біз тиісті мемлекеттік органдарға 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңдегі деректерді ұсыну туралы хаттар жібердік.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму, сондай-ақ Білім және ғылым министрліктерінің жауаптарында Шымкент қаласы бойынша 2020 жылға берілген 46 пәтер туралы хабарланды, бұл "Азаматтарға арналған үкімет" порталынан алынған мәліметтермен расталады. Бұл жерде берілген тұрғын үй бойынша ақпараттың сәйкессіздігі байқалады (яғни екі пәтер толық есептелмеді).

Осы ретте, депутат халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 2020 жылы Шымкент қаласы бойынша шамамен 2,2 млрд теңге, республика бойынша 32 млрд теңге жұмсалғанын атап өтті.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органның кейбір деректері министрліктердің ұқсас кезеңдегі цифрларымен сәйкес келмейді. Бұл жекелеген өңірде ғана емес, тұтастай алғанда елдегі жағдаймен бір мәнді емес қорытындыға әкеледі.

Тиісті министрліктердің мәліметтері бойынша 2020 жылы "жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар саны республика бойынша 59 406 құрады, оның ішінде 876 адам, яғни 1,4% - ы мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алған.

Депутаттың пікірінше, қолжетімді, пайдалануға ыңғайлы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың кезектілігі қалай ілгерілеп келе жатқанын көре алатын бірыңғай электрондық база құру қажеттігі пісіп-жетілді деп санайды.

Айта кету керек, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік саладағы азаматтардың құқықтарын қорғау шаралары туралы тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ негізінде "Отбасы банкін" құрды.

Ағымдағы жылдың 23 ақпанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы барысында елдегі тұрғын үй саясатына жаңа тәсілдер қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары халықты қамтитын тұрғын үй саясатының тетіктерін жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.

Министрлік "Отбасы банкі" базасында "Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталықты" құруды жоспарлап отыр. Ол тұрғын үйге мұқтаждардың барлығын тіркеп, есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйді бөлуді орталықтандырып жүзеге асырмақ.

Осыған байланысты В.Набиев тиісті ведомстволарға тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың жоғарыда аталған бірыңғай базасына тоқсан сайын осы деректерді жаңарта отырып, халықтың жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үйдің кезектілігін, бөлінуін қадағалауға мүмкіндік беретін деректерді енгізу туралы мәселені қарастыруды ұсынды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?