Қыркүйектен бері іздеуде болған әйелді күйеуі өлтірген сияқты

21 Сәуір 2021, 14:59
Сурет: inform.kz

Қарағанды облысында қыркүйектен бері іздеуде болған Октябрь Балбидің денесі табылды. Қыркүйектен бастап сәуір айына дейін үш баланың анасы Октябрь Балбидің өлі не тірі екенін туыстары білмеген. Ол отбасында ұрыс-керіс көп болған соң, Теміртаудағы әпкесінің үйіне кетіп қалған. Бірнеше ай осында тұрған соң күйеуіне хабарласып, 22 қыркүйекте Тоғызқұдық ауылына барып, кіші қызын алып келмек болған. Әйелді одан кейін туыстары көрмепті. Ал күйеуі полицияға әйелінің жоғалып кеткенін мәлімдеген, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Әйелдің туыстары күйеу балаларынан күдіктеніп полицияға арызданған. Кейін желтоқсан айында Октябрь Балбидің күйеуі өзіне қол жұмсап, қайтыс болған.

Әйелдің туыстары Тоғызқұдық ауылының маңынан Октябрь Балбидің мүрдесін қыс бойы іздеген. Үздіксіз іздеудің арқасында әйелдің денесі 17 сәуірде далалы аймақтан табылған. Куәгерлердің айтуынша марқұмды шұңқырға тастай салған. Октябрь Балбидің туыстары Бұқар жырау ауданының полиция қызметі "бастапқыда бұл қылмысты ашқысы келмеді" деп наразы болуда.

Қараша айында күйеубаланың өзі барып, әйелін өлтіргенін полицияға айтқан. Алайда полициядағылар оны тұтқындамаған, айғақ заттарды іздемеген. Сол кезде полиция жедел қимылдаса, бұл қылмыс тез ашылатын еді. Бота жоғалған соң (біз марқұмды солай атайтын едік) 20 күн өтпей жатып, күйеуі балалардан бас тартып, оның үш баласын әпкесі қамқоршылығына алып, құжаттарды рәсімдеп алған. Олар сол кезде Ботаның өлгенін білген. Біз қазіргі уақытта істің қайта тексеріліп, қаралуын талап етеміз. Өйткені сіңлімді жалғыз күйеу бала емес, басқа да адамдар өлтіруі мүмкін. Біз іс жүрмей тұр деп қараша айында Полиция департаментіне шағымданған едік. Сонда Ислам Мусин деген полиция бұл істі қолға алған соң ғана бір қозғалыс пайда болды. Кейін бізге Бұқар жырау аудандық полициясынан тергеушінің, бастық орынбасарының және Тоғызқұдық ауылының участкелік полициясының жұмыстан кеткенін хабарлады. Полицияның істі дұрыс қарай алмай, уақыт жіберіп алатыны өкінішті, - деп мәлімдеді марқұмның әпкесі Сайран Балби.

Полиция мамандары марқұмның денесіне сараптама жасаған, тексеру жұмыстары жасалуда. Тұрмыстық жанжалдың кесірінен өмірі қиылған әйелдің жақындары облыс әкіміне дейін барып, қылмыстың толық ашылуын талап етуде.

Арайлым Еркебаева


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?