"Жомарт түлек – Тараз". Тәрбиелік мәні зор кездесу өтті

24 Сәуір 2021, 20:50
Сурет: tarazy.kz

"Жомарт түлек – Тараз". Бүгін осындай атаумен Таразда түлектер кездесуі өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

Мақсат – түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау, әлеуметтік маңызы бар жобаларға тарту. Облыс әкімі Б.Машбекұлының бастамасымен өткен түлектер форумына үн қосу.

Осы ретте қала әкімі Ержан Жылқыбаев алдымен игі шараның маңызына тоқталды. Инвестиция құямын, әлеуметтік жобаларды іске асырамын деген тараздан түлеп ұшқан азаматтарға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Жетістікке жеткен әрбір түлек алтын ұя мектебімен тығыз байланыс орнатып, кейінгі жастармен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғау керектігін айтты.

Таразда меценаттардың бастамасымен игі істер атқарылып келеді. Биыл да жомарт түлектеріміздің бастамасымен "Оқушылар сарайы", "Анаға тағзым", "Үстел теннисі орталығы", "Өнер үйі" сияқты 5,4 млрд. теңгеге ауқымды жобалар басталып кетті. "Асарлатып үй салу" жобасы аясында 15 үй соғылады. Осылайша, туған топырақтан қуат алып өскен әрбір әулиеаталық түлек егемен еліміздің игілігін еселей түсуде.

Жиында сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев пен еңбек ардагері Қайрат Шотбақов және өзге де танымал түлектер қанатқақты жобаның жастарға үлгі боларлық мән-мағынасы зор екенін айтты. Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, Алматы қаласындағы президенттік іс-басқару орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Саршаев онлайн режимде қатысып, құттықтау сөздерін жеткізді.

Жеке кәсіпкер Әлімбек Жұмабаев, бокстан Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Вел Баркер Кубогының иегері (Афина-2004) Бақтияр Артаев, ақын Ғайни Әлімбекқызы, әнші Әлішер Каримов, Францияның Вильжуйф қаласы Густава Руси институтының докторанты Карина Матаева блогер Елдос Қадырханов, әзіл-сықақшы Арман Жаналиев түлектерді өзі білім алған мектебіне демеушілік етіп, өңірдің дамуына мейлінше қолдау көрсетуге шақырды.

Сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал тараздықтар мұндай келелі кездесуге шақырту алғанда қуанып, сығынышпен еске алатын, ең ыстық кезеңді қайта саналарында жаңғыртып, түлектердің басын қосқаны үшін алғыс білдірді. Идеялары мен ұсыныстарын айтты.

Тәрбиелік маңызы жоғары жиынға 500-ден аса оқушы онлайн режимде қосылды. Кездесу соңында белсенді түлектер қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Енді мұндай басқосу кемінде жылына бір рет өтетін болады.

Айта кетерлік жайт, Тәуелсіздік жылдары қаламызда 70 мыңнан астам түлек мектеп қабырғасынан қанат қақты. Бүгінде jambyl-tylek.kz сайты іске қосылып, 14 мыңнан астам тараздық түлек тіркелген.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?