Карантин деп кіргізбейді. Журналистер Тоқаевқа шағым жазды

30 Сәуір 2021, 15:49
Сурет: informburo.kz

Қазақстандағы журналистер қауымдастығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған ашық үндеуінде індет кезінде мемлекеттік органдардан ақпарат алу қиындап кеткенін жазады, дейді centralasian.org.

Үндеу авторларының сөзіне қарағанда, шенеуніктер қазір журналистердің сұрақтарына жауап бермес үшін карантин шараларын пайдаланып жатыр. Олар ақпарат құралдары мемлекеттік органдардың баспасөз жиынына офлайн қатыса алуы үшін президенттен көмек беруін сұрады.

"Журналистердің барлық мемлекеттік органдарға кіре алмай жүргеніне екі жыл болды. Себеп – індет кезінде енгізілген карантин шаралары. Алайда бұл шектеулер парламент сенатында – "Жас сарапшылар клубының" өтуіне, ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне офлайн режимде түрлі талқылау-кездесулер өткізуіне (көбінесе "Қазмедиа орталығы" алаңында өтеді), денсаулық сақтау министрлігі мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына бетпе-бет жиын-кездесулер өткізуіне кедергі болып отырған жоқ. Соған қарап, карантин шектеулері журналистерге ғана қатысты сияқты көрінеді" делінген мәлімдемеде.

Үндеу авторлары хатта денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың журналистер алдына айына бір рет шығатынын, бірақ одан сұрақтарға жауап ала алмайтынын да атап өткен. Шенеуніктер іс жүзінде қулыққа көшті деп санайды хатқа қол қойғандар.

"4 сәуірде премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде тікелей эфирде ведомствоаралық комиссияның атынан келесі аптада коронавирус бойынша брифинг өткізуге уәде берген. Алайда уәде берген "келесі апта" әлі болған жоқ" делінген мәлімдемеде.

Хат авторларының бірі, "Информбюро" порталының тілшісі Серікжан Мәулетбай Азаттыққа берген сұхбатында "шенеуніктер індет кезінде жиналыс өткізе береді, тіпті оған мемлекеттік органға қатысы жоқ адамдар да қатысады, ал жиналыс өткізуге тыйым салған СЭС бірде-бір рет оларды жауапкершілікке тартқан жоқ" деді.

– Алматы мәслихаты комиссияның онлайн-отырыстарын тікелей эфирде өткізбейді, үкімет пен парламент отырыстарының трансляциясы қатып қалады, онлайн-конференцияларда толымды жауап ала алмаймыз, көп жағдайда толық жауап бермейді немесе сылтау айтады. Бұрын баспасөз жиыны аяқталғаннан кейін шенеуніктерден кейбір жайттарды анықтап алушы едік, қазір тек орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне ғана тәуелдіміз, онда цензура күшті және модератор шенеуніктерді қорғаумен әуре. Баспасөз қызметттердің басым бөлігі де журналистердің нақтылаған сұрақтарына жауап беруге мүдделілік танытпайды. Шенеуніктермен бетпе-бет сөйлесу қоғамда жалған ақпараттың таралу мүмкіндігін азайтады. Қалыптасқан жағдайды және орталық коммуникациялар қызметі брифингісіндегі "цензураны" ескере отырып, журналистерге мемлекеттік органдар ғимаратына кіруге рұқсат берілуі тиіс деп санаймын, – деді Мәулетбай.

"Құқықтық медиаорталық" ұйымының директоры Диана Окремова журналистердің мәлімдемесін "өзекті әрі дер кезінде жасалған дұрыс қадам" деп санайды. Оның пікірінше, ақпарат алу қиындығы мәселесі былтыр басталған. Бір жыл ішінде мемлекеттік органдардың журналистерге ақпарат бермей отырғаны жайлы президентке бірнеше үндеу жолданған. "Індет, шектеу шаралары мемлекеттік органдарға журналистер сауалын жауапсыз қалдыруға қолайлы жағдай жасайды. Сол себепті президент бұл хатқа оң жауап беруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз" дейді Диана Окремова.

Бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің наразылығына қарамастан аккредитация туралы жаңа ережені қабылдаған еді. Құжатта журналистер баспасөз жиыны тақырыбынан ауытқымай, модератор талабына бағынуға міндеттелген. Журналистер қауымдастығы бұған алаңдаушылық білдіріп, аккредитацияның жаңа ережесі онсыз да нашарлап кеткен сөз бостандығы ахуалын одан сайын нашарлатып жібереді деп алаңдаған.

Баспасөз бостандығын қорғайтын "Шекарасыз репортерлар" халықаралық ұйымы (Reporters sans frontières, RSF) Қазақстанды "сөз бостандығы ахуалы қиын ел" санатына қосқан. RSF жасаған "Сөз бостандығының әлемдік рейтингінде" Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?