Экономиканың осы қарқынын сақтап, ұлғайту маңызды – Мамин

12 Мамыр 2021, 10:50
Сурет: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай жайында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу траекториясына шығуы қамтамасыз етілді. Биылғы қаңтар-сәуір айларында ЖІӨ өсу қарқыны 0,7%-ды құрады. Қалпына келу серпіні экономиканың барлық салаларында байқалады. ЖІӨ өсуіне шикізаттық емес сектор үлкен үлес қосты.

Өңдеу өнеркәсібінде соңғы 10 жылда тұрақты және рекордтық жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өсім 7,7%-ды құрады.

Машина жасау (20,6%), оның ішінде автомобиль жасау (25,4%), локомотивтер мен вагондар (49,7%), электр жабдықтары (10,2%), компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар (52,3%) өндірісінде жоғары өсу қарқыны байқалады.

Сонымен қатар химия өнеркәсібі (11,2%); киім өндірісін қоса алғанда (23,6%), жеңіл өнеркәсіп (4,9%); металлургия (3%), оның ішінде түсті (3%) және қара (2,7%) металлургия; азық-түлік өнімдері (3,9%) және сусындар өндірісі (5,1%); фармацевтика (26,2%) мен мұнай өңдеу (2,6%) салалары серпінді даму көрсетті.

Құрылыс материалдары өндірісін (26,5%), құрылысты (12,5%), тұрғын үйді пайдалануға беруді (13,3%) қоса алғанда, құрылыс секторында орнықты әрі жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді.

Ауыл шаруашылығында өсу қарқыны 3%-ды құрады. Саланың тартымдылығын арттыру аясында ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдері өндірісіндегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 50%-дан астамға ұлғайды.

Тау-кен өндірісін есепке алмағанда, бүкіл экономика бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 32,3%-ды құрады.

Экономика өсімінің ең маңызды факторларының бірі – қызмет көрсету секторындағы оң динамика болды. Мәселен, өсім сауда (5,7%), байланыс (11,1%), жылжымайтын мүлік операциялары (1,3%), қаржы және сақтандыру қызметі (1,6%) секілді салаларда байқалады.

Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстары 6 көрсеткіш бойынша, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Батыс Қазақстан облысында ең төменгі көрсеткіштерге қол жеткізілді.

Экономиканың оң өсімі – пандемияны тежеу, сондай-ақ елдің жеке секторы мен өндірістік әлеуетін қолдау жөніндегі шараларды іске асыру тиімділігінің маңызды индикаторы. Экономиканың осы қарқынын алдағы айларда сақтап, оны ұлғайту маңызды, – деді А. Мамин.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше назар аударуды, жергілікті бюджет есебінен форвардтық азық-түлік сатып алуды қаржыландыруды 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды және «айналым схемасы» бойынша қаржыландыруды 50 млрд теңгеге дейін жеткізуді тапсырды.

Премьер-Министр ішкі және сыртқы инвестицияларды, әсіресе, шикізаттық емес салаларға тарту, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуды қолдау, жұмыспен қамтамасыз ету және халықтың нақты табысын арттыру қажеттігін атап өтті.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар
қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?