Cатиралық паблик жетекшісінің үйін тінтіп, өзін департаментке алып кетті

Bagdat Asylbek (RFE/RL), сурет - Zakon.kz жаңалық 17.05.2021 17:19 Bagdat Asylbek (RFE/RL)
Qaznews24 паблигында қазір ештеңе жоқ.

15 мамырда Instagram-да сатиралық материал жариялайтын Qaznews24 паблигының жетекшісі Темірлан Еңсебектің пәтеріне полицейлер келіп, тінту жүргізіп, кеңсе техникасын алып кетті. Бұл жөнінде оның әйелі хабарлады.

Еңсебектің зайыбының айтуынша, полицейлер тінтуді бастамас бұрын Қылмыстық кодекстің 274-бабы ("Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша іс қозғалғаны туралы қағазды көрсеткен.

Бірнеше сағатқа созылған тінтуден соң жауап алу мақсатында Еңсебекті Алматыдағы полиция департаментіне алып кеткен. Азаттық полициядан бұл іс бойынша комментарий ала алмады: департаменттің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек телефон қоңырауына жауап бермеді.

Сенбі күні түстен кейін полицияға адвокат Жанар Балғабаева барды. Пәтердегі тінту кезінде адвокат ол жерде болмаған. "Қорғауымдағы азамат адвокаттың қатысуынсыз ешқандай тергеу амалы жүрмеуі керектігін, сұрақтарға жауап беруге міндетті емес екенін біледі" деген Балғабаева істің мән-жайын білу үшін тергеушіге бара жатқанын айтты.

Темірлан Еңсебек полицияға жеткізілді деген хабар жетісімен бірнеше белсенді департамент ғимаратына барды. Белсенділердің бірі Дархан Шәріповтің айтуынша, екі аптадай уақыт бұрын әлдебір жалған аккаунттан хабарласқан беймәлім біреу одан "тоқтауды" талап етіп, қоқан-лоқы көрсеткен.

Qaznews24 паблигында қазір ештеңе жоқ. Бұрындары онда желіде көп пікірталас тудырған даулы посттар жарияланып тұратын. Бір постта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құдай дәрежесін беріп, мұны Конституцияда бекітуді ұсынды" деп жазылса, тағы бірінде ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының жылына бір реттен артық шетелге шығуына, шетелде түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялауына тыйым салатын заң жобасын жасап жатыр деген сатиралық "жаңалық" болған.

Пабликтың профилінде материалдардың шынайы жағдаймен байланысы жоқтығы, "оқиғалармен және адамдармен сәйкес келіп жатса, бұл – жай кездейсоқтық" екені ескертілген.

zkadm
Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: