Байден мен Путин 16 маусымда Швейцарияда кездеседі
АҚШ пен Ресей президенттері Джо Байден мен Владимир Путин 16 маусымда Женевада жүздеседі. Президент Байден мемлекет басшысы қызметіне кіріскелі бері алғаш рет Путинмен кездеседі.
Ірі ядролық державалар басшыларының кездесуі туралы мәліметті Вашингтон мен Мәскеу бір уақытта жариялады, деп жазады centralasian.org.
Байден мен Путин Ресей-АҚШ қарым-қатынасын, стратегиялық тұрақтылық мәселелерін, коронавирус пандемиясымен күрес, аймақтардағы жанжалдарды реттеу жолдарын талқылайды.
Дүйсенбі күні АҚШ ұлттық қауіпсіздік жөнінлегі кеңесші Джейк Салливан мен Ресей Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Николай Патрушев өзара кеңескені мәлім болды. Олардың бірлескен мәлімдемесінде тараптар өзара қарым-қатынастың жақсаруына мүдделі екені айтылған.
Саммит өткізу туралы ұсынысты Байден сәуірде Путинпен телефонмен сөйлескен кезде айтқан. Сол кезде екі ел арасында дипломатиялық жанжал ушығып тұрған. АҚШ президенті Путинді кісі өлтіруші деп есептейтіні туралы сұхбаты жарияланғанда Ресей елшісі Вашингтоннан кетіп қалған. Одан соң америкалық елші Ресей билігінің қысымымен Мәскеуден кетуге мәжбүр болды.