Қазақстанда үй алу кезегінде 562 мың адам тұр
Бүгінгі таңда 562 мың азамат үй алу кезегінде тұр. Оның ішінде 185 мың адам - отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен санатқа жатады, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар негізінен - көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік аз қорғалған топтары. Оларға арнап жалға берілетін баспана құрылысына жеке инвестицияларды тарта отырып, жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау тетігі енгізіліп жатыр.
Жалдау ақысы Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары үшін – 31 айлық есептік көрсеткіш (90 427 теңге), өзге өңірлер үшін - 21 айлық есептік көрсеткіш (61 257 теңге) және ауылдық жерлер үшін - 15 айлық есептік көрсеткіш (43 755 теңге) мөлшерінде мемлекеттік қаражат есебінен субсидияланады.
Кезекте тұрған қалған 377 мың адам - отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары табыс табады. Оларға мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, толық емес отбасылар жатады (жыл сайын 32 мың адамға артып келеді). "Отбасы банк" арқылы ол азаматтарға кредиттік тұрғын үй және жеңілдетілген несие беріледі.
Осы мақсатпен "Отбасы банкі" базасында "Алғашқы тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" құрылды. Орталық кезекте тұрған азаматтармен жұмыс жүргізеді.