Қазақстанның алтынвалюта қоры 2,2 млрд долларға өсті

9 Маусым 2021, 15:58
Сурет: kapital.kz

Алтынвалюта резервтері мамыр айының басынан бастап соңына дейін 2,2 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 36,5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлім етті, деп хабарлайды zakon.kz.

Алтынвалюта резервтерінің ұлғаюы ең алдымен алтын бағасының бір унция үшін 1769 АҚШ долларынан 1892 АҚШ долларына дейін қалпына келуі аясында алтын портфелінің 1,9 млрд АҚШ долларына (немесе 7%-ға) өсуі аясында болды. Резервтер құрамындағы алтынның үлесі 67,7%-ға жетті. Бағалы металл бағасының өсуіне АҚШ МБҚ кірістілігінің төмендеуі және АҚШ доллары бағамының жаһандық төмендеуі себеп болды. Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер 311 млн АҚШ долларына, оның ішінде депозиттер мен ҰБ шоттарындағы қаражаттың есебінен 297 млн АҚШ долларына өсті, - деді ол.

Жедел түскен мәліметтер бойынша, мамырдың соңында Ұлттық қордың валюталық активтері бір айда 800 млн АҚШ долларына ұлғайып, 58,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Өткен айда Ұлттық қордың валюталық активтерінің өсуі валюталық түсімдердің ұлғаюына және оң инвестициялық кіріске байланысты болды. Мамырда валюталық түсімдер 720 млн АҚШ долларын құрады. Қорға түсетін түсімдердің елеулі деңгейі биылғы жылы мұнай бағасының қалпына келуіне және мамырдағы үлкен салық төлемдерінің кезеңіне байланысты қалыптасты, - деді Молдабекова.

Акциялар нарығындағы жалғасын тапқан оң үрдіске, облигациялар мен алтын бағасының қалпына келуге байланысты Ұлттық қордың инвестициялық кірісі мамырда шамамен 660 млн АҚШ долларын немесе 1,15%-ды құрады.

Сонымен қатар, мамырда 251 млрд теңге көлемінде кепілдік берілген және нысаналы трансферттерді бөлу үшін Ұлттық Банк қордың валюталық активтерін 553 млн АҚШ доллары сомасына (баламасы 237 млрд теңге) сатты. Бұл ретте трансферттердің бір бөлігі теңгедегі шоттағы қалдықтар мен теңгедегі түсімдер есебінен қанағаттандырылды.

Сондай-ақ Әлия Молдабекова болашақ ұрпаққа арналған жинақ қоры ретіндегі Ұлттық қордың рөлін нығайту жөніндегі шаралар туралы айтты.

Қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қаражат жинақтауды қамтамасыз ету Ұлттық қордың негізгі функцияларының бірі болып табылады. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында қорды "жеп қою" тәуекелдерін болдырмау мақсатында ІЖӨ-нің 30%-ы деңгейінде қор көлемінің төмендемейтін қалдығы белгіленді, яғни Ұлттық қордың активтері шекті мәннен төмендеген жағдайда трансферттердің мөлшері тиісті шамаға азайтылуы тиіс.

Активтерді аллокирлеу тәуекелінің теңгерімді деңгейі кезінде инвестициялардан түсетін кірістілік болашақ ұрпақ үшін Ұлттық қорда қаражат жинақтау көздерінің бірі болып табылады. Мен бұған дейінгі сұхбаттарымның бірінде айтып өткендей, Ұлттық банк дағдарыс орын алған 2020 жылы қордың инвестицияланған активтерін сақтау жөнінде, атап айтқанда, ҰҚ тұрақтандыру портфелінде «қауіпсіздік кепілі» ретінде 5 млрд АҚШ доллары мөлшерінде төмендемейтін қалдықты белгілеу және активтердің консервативті аллокирлеуден теңгерімді аллокирлеуге көшу мерзімдерін ұзарту сияқты шаралар қабылдаған, бұл қолайсыз уақытта активтердің тәуекелді сыныптарына инвестициялауды болдырмауға мүмкіндік берді, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Қазіргі уақытта Ұлттық банк активтердің теңгерімді аллокирленуіне көшу және активтердің неғұрлым кірісті сыныптарының үлесін ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастыруда. 2021 жылдың басынан бастап дамушы елдердің МБҚ-ға салынатын инвестициялары 1,3 млрд АҚШ долларына және инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар 500 млн АҚШ долларына ұлғайтылды. Алдын ала деректер бойынша осы жылдың 5 айында Ұлттық қор активтерінің кірістілігі 1,64 млрд АҚШ долларын немесе 2,84%-ды құрайды.

Бұдан басқа, ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен бірлесіп Ұлттық қордың жинақтау функциясын қамтамасыз етуге ықпал ететін қосымша тетіктерді әзірледі. Осылайша, 2023 жылдан бастап кепілдік берілген трансферттің мөлшерін айқындау контрциклдық бюджет қағидасына негізделетін болады.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?