Жемқорлар символы – LRT-ның құрылысы қайта басталды

29 Маусым 2021, 09:56
Сурет: видеодан кадр

Бас қалада атышулы ЛРТ-ны аяқтау жұмыстары қайта жандана бастады. Әуежай маңына ұзақ уақыттан соң алғашқы жұмысшылар да келді. Олар жер үсті метроларының бағаналарына бетон өтпелерді орнататын болады. Бірақ, бір өкініштісі бұл құрылыс жанданбай тұрып мамандар үлкен проблемаға тап болды.

Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.

2021 жылдың жазы. Араға 2,5 жыл немесе 900 күн салып ЛРТ құрылыс алаңында тағы да крандар пайда болды. Мамандар қоршаулары қираған, арам шөп басып қараусыз қалған нысанды жамап-жасқап, дайындық жүрігізіп жатыр. Жауаптылар алғашқы жұмыстарды әуежай маңынан бастауды жөн санапты.

Бірақ сенбіге жоспарланған құрылыс жұмыстарының басталуынан аяқталуы тез болды. Өйткені, бетон балкаларды көтеруі тиіс салмағы 400 тонналық крандар істен шығыпты. Ал, қыруар қаржыға сатып алынған техниканың бүлінуіне бірден-бір себеп, ол вандалдар. Құрылыс тоқтап тұрған уақытта пысықайлар қосалқы бөлшектерін ұрлап, сатып жіберген көрінеді. Енді, міне жөндейін десе алып құралдың тілін білетін маман елімізде жоқ екен. Аттай қалатып шеттен алдыртып жатқан көрінеді.

Асқат Мырзабаев, құрылыс алаңының инженері:

Күн жыли бастаған кезден бастап, балканы қою жұмыстарын бастап жатырмыз. Сенбі күні бірінші балкамызды қоюға ниеттеніп жасап едік, өкінішке қарай техникалық ақауларға байланысты осындай жағдай болып, қайтадан тоқтап қалды.

Бұл құрылыс жұмыстары ұзындығы 22 шақырымды құрайтын жеңіл рельсті метроның қай бөлігіне дейін жалғасатыны белгісіз. Қазір Қытайдан бірнеше маман жұмыс істеп жатыр екен. Бір қызығы, бетон қондырғыларды орнату тек шетел азаматтарының ғана қолынан келеді-мыс. Ал, біздікілер оларға шама-шарқынша көмектесетін болады.

Асқат Мырзабаев, құрылыс алаңының инженері:

Қазірше бізге жоспар берген төртеу деген. Төртеуді қазір қоямыз. Енді, бізге пандемиядан гөрі қаржы жағы қатты әсер етті. Пандемия біраз басылғаннан кейін, Қытайдан мамандар келе бастады.

ЛРТ-ны аяқтауға қанша қаражат бөлінгені жөнінде жауаптылар жақ ашпады. Тек құрылыс жұмыстарын бастауға дайындық қызу жүріп жатқанын растады. Жеңіл рельсті метроны соңына дейін жеткізу үшін Қытайлық компаниямен келісімшарт жасалыпты.

City Transportation Systems компаниясының ресми мәлімдемесі:

Мердігер қытайлық консорциум қазіргі уақытта келісім-шарттық міндеттемелер шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына дайындық жүргізіп жатыр. Пандемияға байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кестесі түзетілді. Өйткені, оған дейін қытай мамандары елімізге кіре алмады.

Жуырда ғана осы "Астана ЛРТ" ісіне қатысты сот отырысы аяқталған еді. Фемида өкілдері әртүрлі лауазымда болған 7 азаматты 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, прокурор айыпталушылардан 5 млрд теңге өндіріп алу жөнінде сұрады. Ал, бүкіл былықты бастаған қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Астана ЛРТ-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланған.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?