Қазақстанда 10 жылда балық өсіруді жылына 270 мың тоннаға жеткізу күтілуде

9 Шілде 2021, 16:53
Сурет: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстанда балық шаруашылығының мол қоры бар. Ғалымдар мен сала мамандарының айтуынша, балық шаруашылығының әлеуеті жылына 600 мың тонна тауарлық балыққа бағаланады, дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің балық саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді.

Бағдарламада қолда бар әлеуетті ескере отырып, 2030 жылға қарай өсірілетін балық көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін арттыру міндеті қойылған.

Өсіру көлемін ұлғайту балық өсіру үшін ықтимал қолайлы су айдындарын пайдалану, сондай-ақ өнеркәсіптік балық өсіру шаруашылықтарын іске асыру және бұрыннан жұмыс істеп тұрған балық өсіру шаруашылықтарын жобалық қуатына жеткізу арқылы жоспарланған.

2030 жылға дейін 1283 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылып, бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған 288 балық өсіру шаруашылықтарының өсіру көлемі ұлғайтылады.

2021 жылы жұмыс істеп тұрған 288 балық өсіру шаруашылығы есебінен 12,8 мың тонна балық өсіріледі деп күтілуде (КТБШ-204, КТБШ-8, ПРХ-60, УЗВ-16).

Анықтама: жедел мәліметтер бойынша, 2021 жылдың өткен кезеңінде өсірілген тауарлық балықтың көлемі 7,6 мың тоннаны құрайды.

Сонымен қатар, 2021 жылдың соңына дейін балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламаларында көзделген 600-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланған.

Оның ішінде экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі сүйемелдейтін 131,5 млрд.теңге жеке инвестицияларды тарта отырып және өсіру көлемі 2021-2025 жылдардан бастап 12,9 мың тонна тауарлық балықты өсіру бойынша 11 жоба бар.

Атап айтқанда, Маңғыстау облысында "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймақ аумағында өнімділігі жылына 400 тонна тауарлы балық және 50 тонна уылдырық өндіретін бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру зауытын салу жобасы жобалау сатысында тұр, оған шамамен 20 млрд.теңге инвестиция салынды. Жобаның бастамашысы "Beluga Queen" ЖШС болып табылады.

2021 жылғы 11 ақпанда "Аквакультура" "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым түрлерінің тізбесіне енгізілді. "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймақ аумағында зауыт салу үшін 60 гектар жер учаскесі резервке қойылған.

Жергілікті атқарушы орган зауыт құрылысы орнына қажетті инфрақұрылымды жеткізу үшін жобалық сметалық құжат әзірлеуде. Жобаны іске асыру мерзімі – 2021-2023 жылдар.

Ақмола облысында Қоянды кентінде (Қоянды көлінен 150 метр қашықтықта) 4,3 млрд.теңге сомасына жылына 5 тонна бекіре уылдырығын және 250 тонна тауарлы балық өндіруге бағдарланған сумен қамтамасыз етудің тұйық цикл технологиясын пайдалана отырып, бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру бойынша балық фермасын құру жоспарлануда. Жобаның бастамашысы "Аква Фактория" ЖШС болып табылады.

Жобаны іске асыруға шамамен 150 млн теңге инвестицияланды. Бүгінгі күні 5 гектар жер телімі сатып алынып, келесі жұмыстар атқарылды:

1) артезиан ұңғымасын бұрғылауды, суды талдауды, топотүсіруді және геологияны қоса алғанда, инженерлік-геологиялық іздестірулер жүргізілді;

2) технологиялық жоба, жалпы құрылыстық жұмыс жобасы, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жоба (ҚОӘБ)әзірленеді;

3) жобалау-сметалық құжаттама бойынша есеп жасалды;

4) құрылысты және жобалау-іздестіру жұмыстарын (ЖІЖ) ұйымдастыру жобасы дайындалды.

Бүгінгі күні жоба "Мемсараптама" РМК-да ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өту кезеңінде.

Сонымен қатар, Ақмола облысының Қорғалжын ауданында "ТАГА Групп" ЖШС жылына 500 тонна өсіру көлемімен форель өсіру бойынша сумен қамтамасыз етудің тұйық циклімен балық өсіру шаруашылығын құру бойынша жоба іске асырылуда. Инвестициялардың жалпы сомасы-шамамен 3,5 млрд. теңге.

Бұл жобаға көлемі 28 га жер телімі бөлінді, электрмен жабдықтау желісіне қосу бойынша техникалық шарттар алынды. Ұңғымадан сумен жабдықтау қарастырылған. Бүгінде зауыт құрылысы бойынша жұмыстар басталды.

Алматы облысында балық өсіру бойынша 5 жобаны жүзеге асыру басталды.

Бірінші. Қапшағай қаласында "Жылына 10 мың тонна өсіру көлемімен "Barrablue" австралиялық компаниясының озық технологиясы бойынша Қазақстанда инновациялық балық өнеркәсібі кешенін құру" жобасы. Олар баррамунди балықтарын өсіруді жоспарлап отыр.

Ауданы 35 гектар жер учаскесі алынды. Инвестиция көлемі 45 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі күні учаскені балық өсіру кешенінің құрылысына дайындау бойынша жер жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың басталуы биылғы жылғы тамыз айына жоспарланған. Аталған жобаны іске асыру мерзімі 2021-2022 жылдар.

Екінші. "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағы аумағында "Russian friends Capital" ресейлік компаниясының қатысуымен қуаты 2500 тонна атлантикалық ақсерке өсіретін зауыт салу жобасы.

Жобаны іске асыру мерзімі: 2021-2022 жж.15,7 млрд. теңге жеке инвестицияларды тарту жоспарлануда.

"Тулома Салмон Қазақстан" ЖШС мен "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағы Басқарушы компаниясы арасында жобаны іске асыру ниеті туралы Меморандумға қол қойылды. Зауыт құрылысы үшін ауданы 10 гектар жер учаскесі анықталды.

Осы жобаны "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағы аумағында іске асыру үшін көрсетілген арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым түрлерінің тізбесіне өзгерістер енгізу қажет.

Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар "Теңіз балық шаруашылығын" және "Тұщы су балық шаруашылығын" қосу бөлігінде "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағы қызмет түрлерін кеңейтуді қолдап отыр.

Осы мәселе республикалық бюджет комиссиясында мақұлданғаннан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағы қызметінің басым түрлерінің тізбесін кеңейту бөлігінде тиісті бұйрыққа өзгеріс енгізетін болады.

Осы мәселе республикалық бюджет комиссиясында мақұлданғаннан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағы қызметінің басым түрлерінің тізбесін кеңейту бөлігінде тиісті бұйрыққа өзгеріс енгізетін болады.

Үшінші. "Өнімділігі жылына 1600 тонна тұйық сумен қамтамасыз ету қондырғыларында кларий сом мен баррамунди өсіру бойынша балық өсіру шаруашылығын құру" жобасы. Жобаны іске асыру орны – Талғар ауданы, Алматы қаласынан 25 км жерде.

Жобаның бастамашысы "Zor Fish" ЖШС ауданы 10 гектар зауыт салу үшін жер учаскесін сатып алды. Жобаны Еуропалық компания жасады және Қазақстан Республикасының ҚНжЕ және ГОСТ-қа бейімделді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Төртінші. "Бартоғай су қоймасында жылына 300 тонна форель өсіретін торлы балық өсіру шаруашылығын құру" жобасы.

Аталған жобаны іске асыру мерзімі 2021-2022 жылдар. 700 млн теңгеге жуық жеке инвестиция тарту көзделуде.

Бұл жобаны іске асыру үшін Бартоғай су қоймасының резервтік учаскесін конкурстық негізде бекіту қажет. Әлеуетті инвестор су айдындарын бекітіп беру жөніндегі конкурс қорытындылары бойынша анықталатын болады.

Бесінші. "Қызылағаш су қоймасында жылына 300 тонна форель өсіретін торлы балық өсіру шаруашылығын құру" жобасы.

Бұл жобаны іске асыру мерзімі 2021-2022 жылдар. 700 млн теңгеге жуық жеке инвестиция тарту көзделуде.

Бұл жобаны іске асыру үшін конкурстық негізде Қызылағаш су қоймасының резервтік учаскесін бекіту қажет. Әлеуетті инвестор су қоймасының учаскесін бекіту жөніндегі конкурс қорытындысы бойынша анықталатын болады.

ЭГТРМ-нің 2021 жылғы 15 маусымдағы бұйрығымен су қоймаларын бекіту бойынша конкурс өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілгенін атап өткен жөн, олар биылғы жылғы 17 тамызда күшіне енеді.

Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасы учаскесінде "Жылына 3000 тонна торлы балық өсіру шаруашылығын құру" жобасын іске асыру жоспарлануда.

Аталған жобаны іске асыру мерзімі 2021-2022 жылдар. 3 млрд. теңгеге жуық жеке инвестицияларды тарту көзделуде.

Бұл жоба Бұқтырма су қоймасының резервтік учаскесін бекіту бойынша конкурстан кейін іске асырылатын болады.

Қарағанды облысында "Қуаттылығы күніне 1000 тонна болатын балық және ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем өндіретін құрама жем зауытын салу" жобасын іске асыру жоспарлануда.

Бұл жобаны "Сарыарқа арнайы экономикалық аймағы аумағында іске асыру жоспарланып отыр. Жоба түйіршікті байытылған балық жемін өндіру үшін жаңа қарқын береді.

Осы жобаны "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағы аумағында іске асыру үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағы қызметінің басым түрлерінің тізбесіне "Жемшөп өндірісі" қызметінің жаңа түрі толықтырылды.

Қазіргі уақытта тиісті бұйрық қабылданып, Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтуде.

Балық шаруашылығын (акваөсіру) дамыту үшін жағдай жасау мақсатында ЭГТРМ балық шаруашылығы комитеті мынадай жұмыстар жүргізді.

Бірінші.... Балық шаруашылығы су айдындарын кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін бекітілген су айдындарынан тауарлық балық өсіруді жүргізу үшін су айдындарына ауыстыру қағидалары бекітілді.

Екінші. Заңнамалық деңгейде пайдаланушының тор шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпшілік балық шаруашылығы учаскесін пайдалану құқығы көзделген.

Үшінші. Балық шаруашылығын жүргізуге арналған үлгі шарт бекітілді және осы шартты жасасудың нақты мерзімі – 49 жыл болып белгіленді. Бұрын келісімшарт жасасу мерзімі 5 жылдан 49 жылға дейін болатын.

Төртінші. Балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспары шеңберінде балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды.

Бесінші. Балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды. Балық өсіру тоғандары мен бассейндерін салу кезінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жөніндегі талаптар алып тасталды.

Алтыншы. Бизнес ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босатылды.

Сонымен қатар, биылғы жылы мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары кеңейтілді.

Бұл субсидиялау құнының 50% дейін:

- балық өсіру-биологиялық негіздемелер;

- балық өсіру материалын сатып алу;

- дәрілік препараттар;

-бағалы балық түрлерінің аналық-жөндеу табындарын сатып алуға және күтіп-ұстауға арналған шығындар.

Мемлекеттік қолдау шараларының тағы бір бағыты – инвестициялық субсидиялау:

- торлы балық өсіру шаруашылығын құруға және кеңейтуге арналған шығындардың бір бөлігін өтеу;

- сумен қамтамасыз етудің тұйықталған циклі бар балық өсіру шаруашылығы;

- тоған шаруашылықтары;

- құрама жем зауыттары;

- балық шикізатын қайта өңдеу бойынша технологиялық кешендер.

Мемлекет қабылдап отырған шаралар экономиканың осы секторында жұмыс істейтін орта және шағын бизнестің дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Бұл негізінен ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және тұтастай алғанда, өңірлік сипаттағы бірқатар проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін мультипликативтік әсер жасайды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?