Жаңалықтар тізбегі
0

Зайырлы мемлекеттің құндылықтары

matritca.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.07.2021 17:38 matritca.kz
Қазақ елі көпконфессиялы мемлекет болып табылады.

Бүгінгі таңда әлемдегі мемлекеттік құрылымдардың басым көпшілігі зайырлы құқықтық жүйеде өмір сүреді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 бабында мемлекетіміздің зайырлы мемлекет екені нақтылы аталып өткен. Зайырлы билік адамның рухани, ішкі әлеміне қатысы жоқ және оған қол сұқпайтын билік ретінде анықталады. Бірақ ол ешқашан да діндарлыққа қарсы және атеистік билікпен теңдестірілмеуі тиіс.

Жалпы формасында зайырлы мемлекет діни бірлестіктің мемлекеттен бөлінгенін, олардың қызмет ету аясында жіктелуін білдіреді. Зайырлы мемлекетте ешбір дін мемлекеттік және міндетті дін ретінде бекітіле алмайды. Бұл ережеге сәйкес конституциялық норма ретінде бекітіледі. Егер діни ұйымдардың қызметі заңға қайшы болмаса мемлекет олардың қызметіне араласпайды. Зайырлы мемлекет пен діни ұйым арасындағы жіктелу өзара кедергі келтірмеу және заңдар немесе келісімдер арқылы реттеледі. Зайырлы мемлекетте азаматтар дін таңдау еркіндігіне, сондай-ақ діннен тыс өмір сүру құқығына да ие. Бір сөзбен айтқанда әр тұлға діни сенімге байланысты өз таңдауын жасай алады.

Бүгінгі таңда көпшілікке зайырлылық ұғымының мән-мағынасын түсіндірудің маңызы аса ерекше. Осы ретте көршілес Ресей ғалымдарының зайырлы мемлекет ұғымына берген түсініктерін келтіре кетуді жөн санап отырмыз. Ресей ғалымы А.Ш.Будагованың пікірі бойынша, "зайырлы мемлекет" дегеніміз – бұл барлығына міндетті ресми діні жоқ, діни қағидалар мен заңдылықтарды мемлекеттік органдарға ықпал етуші қайнаркөз деп санамайтын, діни бірлестіктер мемлекеттен және мектептен бөлінген, сондай-ақ барлық азаматтарға бірдей үкімі жүретін діни соттары жоқ мемлекеттің конституциялық сипаттамасы.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Ю.И.Стецовский зайырлы мемлекеттің мынандай сипаттарын бөліп көрсетеді:

1) ресми (мемлекеттік) діннің болмауы;

2) ешбір наным-сенім міндетті және ұстануға лайық деп мойындалмайды;

3) діни канондар құқықтың қайнаркөзі болып саналмайды;

4) білім берудің мемлекеттік жүйесі мен тәрбие беру зайырлы сипатқа ие және дінге қатысты қандай да бір қатынасты құрылымдауды көздемейді;

5) ар-ұждан бостандығы, таңдау және діни қағидаларды тарату мәселелері – әр адамның рухани бостандығы мен жеке өмірінің көзі, оған мемлекеттің де, жеке тұлғалардың да араласуға құқығы жоқ.

Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор А.В.Малашенко зайырлы мемлекеттің үш сипатын белгілейді:

1) діни ұйымдардың мемлекеттен бөлінуі;

2) діннің саясаттан шеттетілуі;

3) діннің әр азаматтың жеке ісі болып табылуы.

Ғалымдардың анықтамаларын сараптай отырып, зайырлы мемлекеттің дінсіз мемлекет емес екенін анық түсінуге болады. Мұндай жүйедегі мемлекетте мансабына, қоғамдағы дәрежесіне қарамастан кез келген азаматтың дін ұстануға құқығы бар.

2020 жылы 31 желтоқсанда бекітілген Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспарында зайырлылық қағидаттарын нығайту бойынша мақсат-міндеттер атап көрсетілген. Аталған бағдарламада: "Мемлекеттің зайырлы құрылымы – Қазақстан халқының маңызды тарихи жетістігі" деп баға берілген. Расында да зайырлы жүйе қоғамдағы тұрақтылықты, тепе-теңдікті сақтаудың маңызды жолы. Бүгінгі таңда мемлекет дамуының зайырлы қағидаттарын нығайту басым міндет қатарына жатады. Азаматтардың діни-құқықтық мәдениетін арттыру діни сауаттылық деңгейінің көтерілуіне септігін тигізеді. Бұл орайда мемлекеттің дін саласындағы саясатының табысты жүзеге асуында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті мен республикалық маңызы бар қалалар, облыстардағы жергілікті әкімдіктерге қарасты Дін істері басқармаларының ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын айта кеткен жөн. Өңірлердегі дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде халықтың діни-құқықтық сауаттылығы артып келеді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің 2021 жылдың І тоқсанына арналған мәліметі бойынша Қазақстан халқының зайырлы даму қағидаттарын қолдау деңгейі 63,7 %-ды, дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдау деңгейі 90,2 %-ды құрап отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында 18 конфессия және 3808 діни бірлестік өзара татулықта өз қызметтерін атқарып келеді. Яғни Қазақ елі көпконфессиялы мемлекет болып табылады. Қазақстан қоғамы үшін дінаралық және ұлтаралық татулық өте маңызды. Қазақстан Республикасындағы зайырлы мемлекеттік жүйе әртүрлі конфессиялардың өзара бейбітқатар өмір сүруіне, азаматтардың діни сенім еркіндігін қамтамасыз етуге, дін саласындағы қоғамдағы тұрақтылыққа жағдай жасайды. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" ұзақ мерзімді стратегиялық жолдауында атап өткендей, "біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты" болып табылады.

Елнұр Әскенұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: