Жаңа ақылы жолдар шлагбаумсыз екен. Ақшасын қалай төлейміз?
Биыл күзден бастап жеті автомобиль жолы ақылы режимге көшеді, деп хабарлайды zakon.kz kolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Мына жолдарда жүргеніңіз үшін ақша төлейсіз:
Щучинск – Көкшетау,
Шымкент – Өзбекстан шекарасы,
Шымкент – Тараз,
Шымкент – Қызылорда,
Тараз – Қайнар,
Нұр-Сұлтан – Павлодар,
Қапшағай – Талдықорған.
Жол ақысы қанша болатыны әлі жарияланған жоқ, бірақ жаңа ақылы жолдарда шлагбаум болмайтыны анық. Жүргізушілер смартфондағы қосымшаларды пайдаланып немесе RFID-таңба арқылы төлем жасайды. Көлігі Қазақстанда тіркелсе де, шетелде тіркелсе де барлық жүргізуші ақылы жолдарда жүру үшін мемлекеттік нөмірге тіркелген шотты толтыруы қажет, – дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ өкілдері.
Заңды немесе жеке тұлғалар "ҚазАвтоЖолдың" аймақтық бөлімшелерінде шот аша алады. RFID-таңба қазақтандық банк бөлімшелерінде, сақтандыру компанияларында, жанармай құю бекеттерінде, "Қазпошта" бөлімшелерінде және "ҚазАвтоЖолдың" аймақтық орталықтарында беріледі деп жоспарланған.
Қандай көліктер ақылы жолмен тегін жүре алады?
"Автомобиль жолдары туралы" заңның 5-2-бабы 1-тармағында көрсетілген көлік құралдары ғана ақылы жолмен тегін жүреді. Олар: медицина, өрт сөндіру қызметіне тиесілі, әскери машиналар, тұрақты жолаушы тасымалымен айналысатын автобустар, жүк көліктері мен ауылшаруашылық техникасы су тосқауылдары мен темір жолдарды кесіп өту үшін, сондай-ақ ақылы жолмен іргелес аудандарда тіркелген жеңіл көліктер (бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін).
Шетелдік жүргізушілер жол ақысын қалай төлейді?
Қазақстан шекарасында арнайы қызмет көрсету аймағы құрылып, шетелдіктерден жол ақысын алу жоспарланып отыр. Шетелде тіркелген көлікті жүргізушісі елден шығарда, шекарадан өтерде ақылы жол үшін қарызы болса, оны төлеуі қажет. Сервистік аймақтар биыл күзде іске қосылады.
Жол ақысы төленбесе не болады?
Ел азаматтары жол ақысын төлемесе, автокөлікті тіркеу орны бойынша хабарлама беріледі. Сонда да төлем жасалмаса, қарыз сот арқылы өндіріледі.